Құрақ көрпе – құнды жәдігер
Ұлттық құндылықтарымыздың бүгінде әлемдік брендтермен құйысқан түйістіріп қатар шаппасына еш әддісі жоқ. Расы осы, қолөнер бұйымдарымыз бұрындары тұсаулы аттай ауыл-аймақты төңіректеп жүруші еді, бүгінде шоқырақтап желетін ыңғай танытып жүр. Оның ғасырлар тасасында ұмытылып қалып кетпей, бүгінге жетуіне аянбай тер төгіп атсалысқан, әрине, қолөнер шеберлері.
Одан қалса қазақы тамыр, ұлттық жады жібермейді деуге де болар. Соның арқасында ұлттық қолөнер бұйымдарымыз бүгінде босағадағы орнын босатып, төрге озды. Ықылым заманнан бүгінгі ғасырға ұмытылмай жетіп, жыл өткен сайын жасарып, жаңаруға бет алғаны көп. Соның бірі – қыз жасауы. Ұзатылып бара жатқан қызға ата-анасы, ең алдымен, жасауын жабдықтап, тұрмысына қажетті бұйымдарды әперіп, ең бастысы – құрақ көрпе, құрақ жастық, құрақ көрпеше беретіні белгілі. Бұл да – көнеден келе жатқан ырым. Басы құралсын, басы көбейсін дегеннен туған салт. Ұлттық қолөнер түрінің тап осы жасау-жабдыққа келгенде кейінге кеткенін емес, алдыға озып кеткенін бағамдауға болады. Бүгінде қыз жасауын дайындаумен айналысатын түрлі фирмалар көп. Базарға барсаңыз да, шертіп жүріп таңдап алуға мүмкіндік мол. Көрпе-жастықты жиып қоюға арналған сандықтың неше атасын таба аласыз. Бұрындары сандық, кебежелерді өзбекстандық шеберлер жасайтын. Сол себепті де осы жиһаз түрін жылтыратып, шығыстық мәнерде безендіретін. Бүгінде, шүкір, өз шеберлеріміз қошқар мүйіз оюын ойып салып, қазақы қалыпқа келтірді. Сандықтың оюланғанын да, қымбат тастармен безендірілгенін де таңдап жүріп сатып алуға болады. Ал енді осы сандықтың үстіне жиылатын көрпе-жастықтың да неше атасы бар. Әсіресе құрақ көрпешеге деген сұраныс басым. Айтып өткеніміздей, өзгенің түтінін түтетуге ұзатылып бара жатқан қыздың басы құралсын, оңалсын деп құрақ жастықты, құрақ көрпешелерді ырымдап қосатыны белгілі. Бағзы заманда қазақ даласында қымбат маталар тапшы болғандықтан, ісмерлер киімнен қалған маталардың қиықтарын бір кәдеге жарату үшін олардан әртүрлі бұйымдар тіккен. Содан құрақ құрау өнері бастау алған. Далада да, қалада да көптеген қазақ отбасының төрінен құрақ көрпелер, құрақ тұскиіздер орын ала бастады. Мақтанарлық-ақ жағдай. Қыз ұзату, келін түсіру тойларында екі жақ бір-біріне құрақтан жасалған, әдемі ою-өрнек салынған әсем қоржындармен жөн-жоралғысын жасайтын болды. Ұлттық бренд болуға сұранып-ақ тұрған құрақ өнері, расында, шетелдіктердің қызығушылығын оятып отыр. Әрине, дамыған елдің азаматтарын қымбат көлік пен зәулім сарайлармен қызықтыра алмасымыз анық. Олардың біздің ұлттық қолөнер бұйымдарымызға қатты қызығатыны белгілі. Тіпті сән орталығы саналатын француздардың етік не болмаса көйлектеріне зер сала қарасаңыз, қазақы оюларымыздың ұрланғанын байқар едіңіз. Елімізде өтіп жатқан түрлі іс-шаралар барысында шетелдіктердің ұлттық қолөнер бұйымдарымызды көптеп сатып алатынынан-ақ оның қаншалықты құнды екенін бағамдауға болады. Тек қыз жасауында ғана емес, өзге тойларда да құрақтың орны қаншалықты қымбат екені білініп тұрады. Мәселен, сүндет тойда баланы атқа мінгізіп, ағайын аралатқанда да жанына қоржын байлағаны мәлім. Әртүрлі қиықтардан жасалып, ою-өрнек салынған сәнді қазақы қоржындарды қолөнер бұйымдары дүкенінен сатып алуға болады. Құрақ жастықты бүгінде қонақ жастық ретінде де, диванға арналған шынтақ жастық ретінде де пайдаланып жүргендер көп. Ал көбіміз кезінде құрақ ойыншықтар болғанын біле бермейміз. Оны үй ішіне сән беретін бұйым ретінде ғана емес, балаға ойыншық ретінде де тіккен. Әрі кәдесый ретінде тігуге де болады. Шеберлер құрақ ойыншықтардың ішінде кішкене пөстек, доп, ат, күшікті де құрақтан тіккен. Мұндай елде жоқ ерекше бұйымдарды диван үстіне, автокөлік ішіне де көз тарту үшін қоюға болады. Бір қызығы, бүгінде құрақ құрау әлем бойынша сәнге айналыпты. Бірақ әр елде әрқалай аталады. Мәселен, АҚШ-та – квилт, Еуропада – пэчворк, орыстар құрақ жұмысы деп атайды. Францияның Эльзац қаласында жыл сайын құрақшылардың әлемдік байқауы өтіп тұрады. Оған тілек білдіргендердің бәрі қатыса алмайды. Жұмыстарын қарап, сұрыптап, іріктеп алады. Елімізден әлемдік додаға бірді-екілі ғана адам қатысқан. Көбіне құрақ көрпенің де түр-түрі болатынын көпшілік біле бермейді. Күйеу көрпе, шай көрпе, төр көрпе деген түрлері бар. Сондай-ақ жас жұбайларға арналған қос жастық деген бар. Қос жастықты жұбайлар бір-бірімен үйлесіп кетсін, бастары ажырамасын деп біріктіріп жасайды. Жер жастық, шынтақ жастық, шал жастық дегендер де бар. Құрақ көрпе – қазақтың ісмерлік өнерінің ішінде ерекшеленетін өте құнды жәдігер. Бүгінде ұлттық өнерді жаттың жылтырағынан жоғары қоятын жандар көп. Ұлтжанды азаматтардың арқасында осындай құнды дүниелеріміз ұмытылмай, ғасырдан ғасырға жететініне қуанасың.
Құрақ көрпешеге сұраныс көп
Таразда тұратын құрақшы Зәкира Мырзахметова – құрақ құраудың нағыз қас шебері. Осыдан он жыл бұрын шағын кәсіпорын ашқан отбасы бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отыр. «Жасау мүлкі» деп аталатын шағын өндіріс орнына тапсырыс берушілер көп. Тек Тараздың өзінен ғана емес, облыстың түкпір-түкпірінен, сондай-ақ көршілес облыстардан келіп, аттай қалап алып кетушілер көп. Тіпті сонау Орынбордан, Архангельскіден келген қандастарымыз өндірген өнімдерінің өтімділігін өкіртуде. Ұлттық ою-өрнекпен өрнектелетін «Жасау мүлкінің» жасаған дүниелері, шынында да, көз тартарлықтай. Жас жұбайларға арнап тігілген «махаббат көрпесіне» сұраныс көп екен. Менмұндалап тұратын кұрақ көрпешелердің өзі – бір төбе. Мойын жастықтың тысына тігілген құрақтың өзі аса талғампаздықпен қиюластырылған. Шымылдықты да тапсырысқа орай түрліше түрлендіріп тігіп береді. Қыз жасауының негізгі бағасы 30 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін барады. Тіпті одан да қымбатына тапсырыс беретіндер де бар. Сондай-ақ соңғы кезде үйінің бір бөлмесін ұлттық нақышта безендіретіндер көбейіп келеді. Мұндайда, әрине, құрақ көрпеше, оюланған көрпешеге тапсырыстардың көбейетіні рас... Бүгінде ұлттық нақыштағы дүниелерді жасаумен айналысуға ниет еткендер көптеген дүкен, өнер салондарын ашып жатыр. Олардың өтпей қалған кезі жоқ. Демек, сұраныс бар деген сөз. Бәсекелестер көп болған сайын бағаның өсе түсетіні ақиқат. Бизнес ашуды жоспарлап жүргендер болса, мархабат...
Құрақтың құпиясы
Құрақтан жасалған заттарға зер сала назар аударса, сан қилы сәнді түстердің бір-бірімен үйлесім тауып, әсемдік әлеміне тартып тұрғанын айқын аңғаруға болады. Құрақ, негізінен, түрлі-түсті маталардан құралатыны белгілі. Этнографтардың айтуынша, ұшбұрышты құрақтардың мәні ерекше. Қазақи көзқарас бойынша үшбұрыш су, жер, ауа – үш ғаламның белгісі болып есептеледі. Егерде осы үшбұрыштың ішіне қошқар мүйіз оюын салса, ол отты бейнелейді. Жалпы, қазақтардың ұғымында – ою-өрнек магиялық сипатта, ол барлық кіріс пен шығысты, қиысуды белгілейді.
Қалдыгүл ЕСІМОВА, құрақ құраушы:
– Қыз жасауын құрақ көрпеше, құрақ жастықсыз жасаудың мәні жоқ. Тіпті өзін аса заманауи деп есептейтін адамдардың өздері де құрақ көрпешеге көптеп тапсырыс береді. Өйткені қыздың анасы кезінде басы құралсын деген ниетпен құрақ қосқан. Ертеңгі күні ұзатылған қыз да өз қызына құрақ көрпе қосады. Осылайша ұлттық тін үзілмей, ғасырларға жалғаса береді. Ұлттық дәстүріміздің өшіп кетпеуіне ерекше үлес қосып отырған ісмерлердің еңбегі ерекше. Ол – әрі ұлттық дүниеге деген құрмет болса, екіншіден кәсібіңді дөңгелетудің негізі. Құрақ жастық, құрақ көрпешеге деген тапсырыс ешқашан да саябырсыған емес.