Қазақта Құлыншақ деген ақын өткен. Оның есімін кейінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Десек те, өз заманында Алты алашқа аты мәлім болған дүлдүл ақынның ардақты есімі мен мол мұрасын кейінгілерге насихат етіп, таныстыру мақсатында әдебиет зерттеушілері мен тарихшылар біршама еңбектенген. Нәтижесінде биыл «Нұрлы әлем» баспасынан «Қара дауыл Құлыншақ» атты кітап жарық көрді.
Олжалы кітапты баспаға дайындаған – филология ғылымының кандидаты, доцент Саттар Өмірзақов. Әдебиеттану ғылымына қосар өзіндік үлесі бар осы бір жинаққа алғы сөз жазған ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы Құлыншақ ақын туралы көптеген мәліметтерді ұсынады.
Дандай Ысқақұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Құлыншақ Қаратау өңірі ақындық мектебінің аса ірі өкілі ретінде аты аталып жүргенімен де, оның поэзиялық мұрасын жинап, бастыру, ғылыми тұрғыдан баға беру, оқырманға таныстыру өз дәрежесінде болып келді деп айта алмаймыз. Оған басты себеп – ақынның халық қамын жырлағандығы, отаршылдық саясатқа қарсы шыққандығы, діни-ағартушылық бағытта болғандығы, ең бастысы, әділеттілікті жыр еткендігі. Әрине, мұндай ақынның патшашыл отаршылдарға да, кеңесшіл отаршылдарға да ұнай қоймасы анық еді. Құлыншақ, ең алдымен, халықшыл ақын.
«Әңгімесін естісең,
Жаһаннан асқан ғұлама.
Қылған ісін байқасаң,
Батқандай белден күнәға» деген жолдарды оқығанда Абайдың «Бойы бұлғаңы» еске түседі. Жыраулық дәстүр үлгісінде жазылған «Не ғаріп?», «Тәнің де мейман жаныңа...», «Тыңдаушың жаман кездессе», «Бидің әділ болмағы», «Не жақсы?», «Би болмас белін жалпақ буғанменен» сияқты өлеңдері өмірдегі жақсы мен жаманды ажырата білуге үндейді. «Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы», «Құлыншақтың термесі», «Жаратылыс туралы» сияқты өлеңдері өмір, өмір сүрудің мәні мен мақсаты, тіршілік туралы терең толғаныстарға толы.
Қ.Кемелұлы – елінің есендігін, егемендігін ойлап, жыр төккен күрескер ақын. Ол орыс отаршылдарының озбырлығына ашық қарсы шығады:
«Жайлауымды жау алып,
Ықтияр кетті-ау күллі елден...
Қаптаған хахол сыймайды,
Қазақтан алды қонысты.
Қазынаға қарыздар,
Халық көбейді борыштар...
Қадақ болған кісідей,
Ала алмай жүрмін кегімді.
Жансыра болған
жыландай,
Киреңдетті белімді», – деп, кейінгі ұрпақтарды мына заманның беталысы жаман, осылайша кете берсе, жаманшылыққа апарып соқтыруы мүмкін екендігімен сақтандырады.
Бұл кітапқа ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірінде өмір сүрген, заманында аса танымал болған ақын Құлыншақ Кемелұлының шығармалары, ақын жөнінде бұрын-соңды жарық көрген зерделі зерттеулер, бертін келе табылған жазбалары мен тарихи жәдігерлері топтастырылған. Жинақтың ғылыми кеңесшісі – профессор Мекемтас Мырзахметұлы, мәтіндерді жинақтап, жеткізушілер: Алмас Ақылбек, Орынбек Жолдыбай сынды қаламгер азаматтар. Сондай-ақ Тұрғанбай қажының шөбересі Төреханқызы Шолпан қажы, Аққолтық елді мекенінің тұрғындары Ескендір Ерманұлы, Нұралы Ділдабекұлы, Тұмартай Дінтайұлы және Жартытөбе ауылындағы Құлыншақ Кемелұлы атындағы орта мектептің ұжымы мен жетісайлық Есенгелді Көпжанов сынды азаматтар Құлыншақ ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында қол ұшын берген.
Құлыншақ ақын туралы кітап шықты
Последние статьи автора