Еске еріксіз сатирик Нұржан Төлендиев сомдаған «Ақ тырна» елестейді. Қарапайым халықтың діни сауатсыздығын пайдалану арқылы тиын тауып жүрген «тырналар» қаншама? Енді сол «тырналар» кесенелердің де қазынасына қол сала бастапты. Тіпті кейбіреулері айдаладағы қу ағашқа шүберек байлап, оны тылсым күш етіп көрсетіп қалта қампайтуда. Мәселен, еліміздің әр облысы аумағында кем дегенде ірілі-ұсақты 10-нан астам рухани, діни орындардың барын ескерсек, еліміздің рухани, мәдени жәдігерлер жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғандығын мақтанышпен айта аламыз. Алайда олардың тиісті мекемелер тарапынан қадағалануы қалай? Ол жағы беймәлім.
Мәселен, шетелден турист келе қалған жағдайда, оқылған Құран мен берілген батаның өтеуін сұрап тұрса, елдігімізге сын емес пе? Сонда өздері киелі орында жүре тұра, сөзіне ісі сай келмейтін дінбұзарлардың әрекетіне қалай тосқауыл қоймақ керек?
Сондай сорақылықтың белгілері арамызда қылаң беріп те жүр. Иә, күнгейдегі Бәйдібек ата мекенінде Ақмешіт деген табиғаты келісті үңгір бар. Сол жерді естіп-білгесін бүгінде зиярат етушілердің, саяхатшылардың қатары көбейе түскен. Ал «дайын асқа тік қасық» салатындар мұнда да пайда болыпты. Өзін сол киелі орынның шырақшысымын деген ақсақал Ақмешіт жайлы аңыз-әпсана соға бастапты.
Кеңес ЫСМАЙЫЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Южный Казахстан» газетi бас редакторының орынбасары:
– Ақмешiт – табиғаттың тамаша тартуы. Керемет туристiк нысанды тиiмдi пайдалану үшiн облыс әкiмiнiң тапсырмасымен қаржы бөлiнiп, сол жаққа баратын жол да салынды. Енді, мiне, алып үңгiрдiң қожайыны пайда болыпты. Өзiн «осы жердiң шырақшысымын» деп таныстыратын ақсақал келген қонақтарға ойға қонымсыз ертегiлердi айтып, Құран оқыған болып ақша табады. Негiзiнде, оның айтқандары ислам қағидаларына мүлде қайшы. Ол туристердiң барлығын тасқа табындырып жатыр. Ақмешiтке шетелдiктер де барады. Мұндай бассыздықты көрген қонақтар елiмiз жайлы не ойлайды?
Аңызды ақиқатпен шатастырып алмайық. XII-XV ғасырларда жоңғар шапқыншылығы кезінде үңгірге 10 мыңға жуық әскер кіріп, намаз оқыған. Ал ол жауынгерлерді Ақмешіт әулие басқарған. Ертеректе жыланның ордасына айналған үңгірдің иесі айдаһар мен Дию пері болған деп те айтылады. Ал Ақмешіт батыр оны ілімнің күшімен ұстап, бағындырған деседі. Қазір осындағы мәрмәр тас астында Ақмешіт әулеті жерленген. Қасында Сүлеймен пайғамбардың анасына арнап таспен қаланған мазары да бар.
Ал ондағы шырақшылар өткенді таспен байланыстырып, археологиялық тарихи-зерттеу институтының ғалымдары зерттеп үлгермеген болжамды айтып жүр. Олар кімді шатастырып жүр? Елде түрлі діни ағымдардан арыла алмай жатқанда, «тасқа табынушылық» бізді қай ұшпаққа шығарады? Міне, қызық, Ақмешіт үңгірі шырақшысының айтуынша, үңгірге соғыс жылдарына дейін адам баласы аяқ басып көрмеген. Шаршаған адамға дем беріп, перзент сүймегендердің тілегін қабыл ететін Ақмешіт үңгіріне тек 50-жылдардан кейін ғана адамдар лек-легімен келе бастапты. Перзент сүймегендер ұрпақты болып кетсе, медицина мамандарының қызметінен гөрі «тылсым үңгір» қызметіне жүгінген жөн секілді...
Құрапилық адамның ешқашан да жағдайын оңалтып, тағдырын өзгерте алмайтындығы белгілі. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы әкiмiнiң жанындағы дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi кеңестiң кезектi отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов осы түйткілдерге байланысты тапсырмалар беріп, қарапайым халықтың ой-санасын бұрмалайтын, теріс ағымдарға жетелейтін іс-әрекеттерге бірлікте қарсы әрекет жасауға шақырды. Әрі БАҚ саласында хақ дініміз туралы сауатты дүниелер берілу керектігін тілге тиек етті.
Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкiл имамы:
– Мұндай проблема тек Ақмешiтте ғана емес, облыстағы барлық дiни сипаттағы туристiк нысандарда бар. «Исламның атын пайдаланған шырақшылар шариғатқа қайшы әңгiмелердi айтып, көпшiлiктi қақ жолдан шатастырып жүр. Осылайша олар асыл дiніміздің, дiн қызметкерлерiнiң абыройына нұқсан келтiріп жүр.
«Әләулайым таусылса, хәләулайым тағы бар» демекші, орта жолдан олжа түсіргісі келетіндер тек үңгірлермен шектеліп қалмапты. Енді олар кесенелерді де төңіректеп жүр екен. Таяуда Отырар жеріндегі Арыстанбаб кесенесіне зиярат етушілерден түскен садақаны талан-таражға салған сорақылықтың беті ашылды. Анығында, «Отырар» қорық-мұражайының 2010 жылдан бергі қаржылық құжаттарын тексеру кезінде прокурорлар мемлекетке тиесілі 1 миллион теңгенің қолды болғанын анықтады. Әуелі қызметкерлер іссапарға шығатын қаржы берілмейтінін айтып арызданған. Тіпті Арыстанбаб кесенесінің төрт қараушысы сол жылы жаңа келген басшы ай сайын ақша талап еткендіктен оны тауып беруден шаршап, Қаржы полициясына арызданыпты. Нәтижесінде біраз қаржының мақсатсыз жұмсалғаны да анықталды. Қызығы, көпе-көрінеу 60 мың теңге сұраған экс-директор қармағындағыларға «таппасаң, шара қолданамын» деген мағынада әңгімелер айтып келіпті.
Жұртшылықтың санасында киелі деп саналатын орындардағы арға жат қылықтарды көргенде, заңның құрығынан қашып жүргендерге «жазаңды Тәңірі берсін!» дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Қу даладағы қу ағашты «киелі» жасап жүрген кімдер?
Последние статьи автора