«Қозы Көрпеш –Баян Сұлу» күні тойланды
14 сәуір – Ғашықтар күніне орай Бостандық ауданы әкімінің аппараты мен «Арда» жас ақындар орталығының ұйымдастыруымен «Махаббатсыз дүние бос ...» атты жас ақындар айтысы өтті.
Сөз додасында төрешілер сапынан Бостандық ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Рысбеков, филология ғылымының докторы С.Дәрібайұлы, айтыскер Т.Төрәліұлы, әнші Е.Нұржанов көзге түсті. Ал жас ақындардан бүгінгі күні ел ішіне танымал болып үлгерген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті, айтыскер ақын Қ.Сағидолла, «Қайнар» университетінің жас ақыны А.Бестенқұлов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дарынды жастары А.Сейітхан, Р.Қайдаров, Р.Нарханов, Сүлеймен Демирел атындағы университет тәлімгері Б.Тлеуолдинова, сонымен қатар А.Мәди, М.Аханов, А.Ибрагимов, М.Ахан сөз өнерімен паш етті.
Бірінен-бірі асып, өнерлерімен тәнті еткен ақындардың арасында Қазақ ұлттық университетінің студенті Р.Қайдаров суырылып шықты. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталды.
Дінмұхамед РЫСБЕКОВ, Бостандық ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:
– Махаббат күніне орай ұйымдастырып отырған айтыс біздің менталитетімізге жат 14 ақпандағы Валентин күніне қарсы іс-шара ретінде қолға алынып отыр. Халық арасына сіңіп кеткен өзге мейрамның орнына нағыз махаббат символы – Қозы Көрпеш –Баян сұлу есімімен атап өтуді мен өз басым қолдаймын және бұл мерекені насихаттауда Бостандық ауданы осындай айтыстарды ұйымдастырып отыруға мүдделі. Ендігі кезекте қазақ жастары өзімізге тән мерекелердің лайықты атап өтілуіне аса мән берсе деген тілегім бар.