Қостанай облысы Арқалық қаласының тарихи-өлкетану мұражайы өзінің құнды экспозицияларымен бағалы. Өзбекәлі Жәнібеков өз қолымен шаңырағын көтерген мұражайда Торғай даласының жәдігерлері сақталған. Мұражайдың іргетасы 1972 жылы қаланған. Содан бері 38 жыл өтіпті.
Арқалық мұражайын бір аралаған жан ерекше сезімге бөленетіні рас. Мұражайда қойылған құнды заттардың бірі – Ыбырай Алтынсариннің өзі қолданған қоңырауы. Бір қызығы, сол қоңырау 2001 жылы ағартушының 160 жылдығында өзінен-өзі сыңғырлап тұрыпты. Бұған біреу сенер, біреу сенбес. Осы мұражайдағы қазақ қызының сәукелесі де – құнды дүние. Жағалай әшекеймен көмкеріліп, күміспен қапталған. Мұны да Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз кезінде өзі істеткен деседі. Мұнда қазақтың суретшісі Әбілхан Қастеевтің өз қолымен салған Амангелді Имановтың портреті де ілулі тұр.
Арқалық тарихи-өлкетану мұражайы – еліміздегі мемлекеттік 85 мұражайдың ішіндегі белділерінің бірі. Бір «әттеген-ай» дейтініміз – енді осынша құндылық құрдымға кеткелі тұр. Қазіргі кезде ең қиын болып отырғаны – мұражайдың төбесі. Төбеден аққан су мұражай ішіндегі экспонаттарға зиянын тигізіп тұр. Әйтеуір, бүгінге дейін қолдағы 75 мың экспонаттың бәрі дін-аман. Бірақ бұл – қызметкерлер еңбегінің арқасында. Егер мұражайға күрделі жөндеу жүргізіп, құндылықтарды көзіміздің қарашығындай сақтамасақ, айдың күні аманда ғажайып дүниелерден көз жазып қалуымыз кәдік. Жылда төбені жамап-жасқағанмен, еш нәтиже жоқ. Ескі дүние күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл аз дегендей, жылу жүйелері де ескіріп, әбден тозығы жеткен. Мұның бәрі де 1965 жылы жасалған. Жазғы ыстықта мұражайдың іші ысып кетіп, фигуралардың бәрі ери бастайды екен. Төбе қызып, мұражай іші 36 градусқа көтерілгенде, мұражай қызметкерлерінен дегбір қашады. Залда орналастырылған кондиционерлердің қатары аз болғандықтан, бұл жерді өз қалпында ұстауға күш жетпейді.
Даладан кірген салқын жел мен теректен ұшқан үлпілдек тікелей «Табиғат залына» еніп, әуреге салатын көрінеді. Бұл мәселені Қостанай облыстық мәдениет басқармасы да жақсы біледі екен. Тек жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы смета қажет. Дәл қазіргі уақытта ол да жасалып жатыр. Облыс әкімі мәдениет қызметкерлерімен кездесуде алдағы уақытта барлық мұражай қамқорлыққа алынады деген болатын.
Гүлбану ТӨКЕНҚЫЗЫ, Арқалық қаласының тарихи-өлкетану мұражайының директоры:
– Қазір бізді алаңдатып отырғаны – төбеден аққан су. Осы жәдігерлерді бір күні бүлдіріп аламыз ба деп қорқамын. Әбден шіріп тұрған құбырлар бір күні тесіліп, су атқыласа не болады екенбіз? Ол құбырлардың барлығы да экспонаттардың артынан өткізілген. Ол жерге бірден бара қою да оңай болмайды. Биылғы жазғы ыстықта макеттер еріп, әрі қарай құлап түсті. Енді мұны бізге кім істеп береді? Өз-ағаң басшы болып істеген дүниелерді қолдан келгенше қамқорлыққа алсақ дейміз.
Қостанайдағы құндылықтар құрдымға кеткелі тұр
Последние статьи автора