Қостанай елі тарихта аты қалған тұлғаларға кенде емес. Алайда сол ұлыларды ұлықтауға келгенде ақсап отырмыз. Өзім көрген Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдық тойы, Ілияс Омаровтың 80 жасы мен Бейімбет Майлиннің 100 жылдық мерейтойлары ғана республикалық деңгейде ескерілсе, одан кейін той өткізу биліктің «буынына» түсіп кетті ме, ұсақ-түйек жиындарда бас қосудан артылмай қалдық. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығынан кейін бізде бабалар даңқын асырған басы артық той өтпепті де. Қазақ әдебиетінде «Қамыстың басы майда, түбі сайда» деп басталатын жалынды жырымен әйгілі Тәтіқара жырауымыз бар. Ол тек Қостанайдың ғана жерін қорғаған жоқ, жоңғарды қазақ жерінен мүлдем кетірген даңқты қолбасшыларымыздың бірі. 2005 жылы Тәтіқараның 300 жылдығы да ым-жымсыз қалды. Бабамыздың атында не көше, не ескерткіш белгі жоқ.
Ұлыларын ұлықтай алмаған...
Ал сол арыстарымызға берілген көшелер, оларға қойылған ескерткіштерді көрсең, жаның ашиды. Жоғарыда айтқан Ілияс Омаров та бір көшеге зар болып отыр. Мемлекет және қоғам қайраткері атындағы Қазақ драма театры қаланың бір шетінде, Маяковский көшесінде! Қаншама жылдан бері айта-айта, әйтеуір былтыр ғана орталықта өнер ордасының жаңа ғимараты салына бастады. Театр үйі тыңгерлер алаңының үстінен қаланып, тың көтерушілер ескерткішін қалқалап тастағасын, келмеске кеткен кеңес қоғамының сарқыншақтары бұл жолы да әй-шәй деспей тарқамады.
Дәрежесі ханмен тең «тәкәппар Қошқарұлы Ер Жәнібек» атанған бабамыздың орны да төрге лайық. Ал атақты мерген Кейкі батырды кім білмейді? Ол соншама қатардағы біреу болса, басы Эрмитаждағы кунсткамерада жатар ма еді, қала көшелерінің бірінің атын алмайтындай не жазып қойыпты? Сондай-ақ Барақ әулие бабамызды да ұлықтап, қала көшелерінің бірін беруге болар еді, тағы да «дәлел жоқ, дәйек жоқ» демесе арызқой жақ. Марал Ишан бабамыз атында мешіт болғанымен, көше аты жоқ. Қазақ даласында сауат ашқан, дінімізді насихат ете жүріп, Ресейдің отарлау саясатына бас көтерген ұлы тұлғаға былтыр Қызылордада сауын айтылып, ас арналып, игі шара өткізілді. Осындағы ұрпақтары мен ғалымдар барып келгені болмаса, қалғанымыз баяғыша ләм демедік. Алаш арыстарының қатарында ерекше орын алатын Нұржан Наушабайұлының атына көше беруге әзір қолымыз жетпей келеді. Қазақ өнерінің майталмандары Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыровтардың да басы сыймай жатыр туған жеріне.
Алаш арыстары батпаққа батып тұр
Жоғарыда аталған арыстардың орнын Таран, Гоголь, Герцен, Гашек, Карбышев, Павлик Морозов, Ворошилов, Рабочая, Повстанческая, Челябинская, Курганская... тағысын тағылар басып отыр. Кезінде қаланың қақ ортасын кесіп өтетін Свердлов даңғылына Ұлы Абайдың есімін берерде сойыл-шоқпар ғана жиналған жоқ дейді сол кезді көзі көргендер. Әйтпесе құрдымға кеткен кеңес сарқыншақтары жұлынып-жұлқынып барып басылыпты. Орталықты жарып өтетін Ленин даңғылы да әл-Фараби атын әрең алды. Мұндай қадам «күн көсемнің» табынушыларына ауыр тигені соншалық, «жанып-жанып» барып, ақыры қойды. Ал облыс орталығындағы Ленин ескерткіші орнынан алып, ол жерге Алаштың рухани көсемі Ахаңның мүсінін қойғанда коммунисі де, емесі де домалақ арыздарын арқалап, ойдан қырға шапты. Әйтеуір Ильич ескерткіші Жеңіс саябағына апарып қойылғанда барып «...біздің атамыздың» балалары жай тапты. Оны айтасыз, жерлесіміз Мұхамеджан Қарабаевтың есімін Гашек атындағы көшеге береміз дегенде, орыстілді БАҚ беттері «дөңбекшіген» мақалалардан көрінбей кетті.
Сондағы айтатындары – тұңғыш кәсіби дәрігеріміздің атқарған қызметі жайлы дерек аз көрінеді. «Жарайды» деп қоя салуға болар еді, қазақтан да бесаспап дәрігер шыққан ба деп, жүйкемізге ши жүгірткенін айтсаңшы. Ал Мұхамеджанмен тайталасқан Гашек кім? Әрі кетсе поляктың бір жазушысы шығар, оның қазаққа қандай еңбегі сіңіпті?
Ал енді көше аттары бар, ескерткіш қойылды деген бабаларымыздың күйі қандай? Алысқа бармай-ақ, аты әлемге танылған Шоқан Уәлихановтың далада қалған көшесін айтсақ жетіп жатыр. Алаш арысы Сәкен Сейфуллин атындағы көше қаланың бір шетінде, бас-аяғы бірнеше үйі бар шағын дәліз тәрізді. Міржақып Дулатов көшесі де орталықтан басталады да, ауыл-үйдің арасына барып батпаққа бір-ақ тіреледі. Майлин көшесінің де оңып тұрғаны шамалы. Көктем, күзде көшені лай су басып, ойдым-шұңқыр лықа толады да, адам аяғы басып жүруге келмейді. Биағаңа мұны аздық еткендей, теміржол вокзалы алдында тұқырайған мүсіні тұр. Бірақ оны мүсіннен гөрі мүсәпір деген дұрыс шығар. Амангелді Иманов көшесінде батырдың басы ғана тұр, шын басы емес, ескерткіш басы. Тіпті қасына барып оқымасаңыз, оның кімге қойылған белгітас екенін айыра алмайсыз. Батыр атындағы көшенің әр жеріне ғана тас жол төселгені болмаса, оның да ой-шұңқыры көп.
Қостанайда «қазақ» деген көше бар
Айтпақшы, қалалық әкімдіктің оң жағында облыстық сот ғимараты орналасқан. Сырты темір дуалмен қоршалған сот үйінің алдында Қазыбек бидің тәп-тәуір ескерткіші бар. Өкінішке қарай, өмір бойы еркіндікті аңсап өткен бабамыздың өзі құрсауда отырғандай көрінеді көзге.
Басқа жақты қайдам, Қостанайда «Қазақ» деген көше бар. Бұны қалай түсінесіз? Ресейде — «Русская», Өзбекстанда «Өзбек» деген көшелер бар деп елестетіп көріңізші. Жоқ, олар ұлтын бұлай кемсітуге жол бермейді! Рас, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Қостанай облысындағы қазақтың үлесі он жеті-ақ пайыз болды (қазір де көбейіп кеткеніміз шамалы). Меніңше, сол «Қазақ» көшесін қазағы аз заманда ұмыт болмасын деп атай салған болуы керек. Бұл сонда қазақты қолдау ма, жоқ, әлде қорлау ма?!
Алысқа бармай-ақ қояйын, биыл Ыбырай атамыз 170 жасқа толып отыр. Алайда әзірге оны атап өтейік деп, ешкімнің аузы қыбыр еткен жоқ. Міне, ұлықтарымызға көрсетіліп жатқан құрмет — осы. Тізе берсек таусылмайды, расымен, кеше алты Алашқа аты мәлім болған, бүгін басы дауда қалған ірі тұлғаларымыздың күйі — осындай.