Қос талант тыңдарманын тәнті етті
Жуырда Алматы жұртшылығы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясындағы дәстүрлі ән мен күйдің қос таланты Ерлан Рысқали мен Нұркен Әшіровтің бірлескен кешінің куәсі болды. Қазақтың әнсүйер қауымының арасында осы кеште болған бір топ шетелдік қонақ та ұлттың үнін, бояуын бұзбай жеткізіп жүрген дарындарымызға тәнті болып қайтты.
Әдеттегі сахналық бағдарлама форматынан бөлектеу, танымдық сипаты мол дәріс-концерт беруді дәстүрге айналдырған әнші Ерлан Рысқали соқпағынан жаңылмай, кешті бастап, алғашқы кезекті Нұркенге берді. Былтыр жыл соңында «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған дәстүрлі өнерпаздар арасындағы ең жас күйші біртоға қалпынан таймай, ұсынатын күйлерінің тарихынан аз-маз әңгіме етіп, көне күйлерімізді күмбірлетті. Нұркен осы концертте бұрын еш жерде орындалмаған Тілендінің «Терісқақпайының» тұсауын кесті. «Тілендінің күйін үнтаспаға жазып қалдырған – Нұрғиса атамыз. Бұл – өте қысқа күй. Нұрғиса атамыздан кейін ешкім орындамаған күйді дамытып, сәл өрнек қостым» деген күйші, аты айтып тұрғандай, жоғарғы қағысқа екпін беріле тартылатын Тілендінің, Есбайдың, Құрманғазының күйлерін бірінен кейін бірін төкті. «Ата-анаға көз қуаныш – алдына алған еркесі» деп жырлаған Абайдың тұңғышы Ақылбайға арнаған әні бас ақын көкірегінен ән болып әуеледі. Халыққа тартуын Абай әнімен бастаған Ерлан Рысқали бұл кеште қазақ өнерінің классикалық биігінен көрінген халық әні «Ақбақай», Біржанның «Жонып алды», Ақанның «Маңмаңгері», дәстүр ізімен шыққан М.Ержановтың «Пара воз», Т.Сембаевтың «Қош, керме иық келіншек» әндерін нақышына келтіре шырқады. Табиғаты адуынды, орындаушыдан ащы үн мен арқаны, актерлік қасиетті де сұранып тұратын әндермен көрерменін «аһ» ұрғызып жүрген Ерлан бұл жолы мамыражай, ішкі толғанысты шертетін назды да қоңыр әндерге орын берді. Тіпті «Ақбақайды» орындарда: «Наз қоңыр», «Ақбақай», «Гауһартас», «Жас қазақ» сынды әндерді нәшіне келтіре орын дайтын қазақтың біртуар әншісі Еркін Шүкіманов араларыңызда отыр. «Ақбақай» менің табиғатыма келе ме, жоқ па, бағасын өзіңіз бере жатарсыз, аға», – деп ағасының алдынан өтті. Кеш соңында әнші Еркіннің «Ақбақайға» қатысты ойын білгенімізде: «Ерлан қай әнді айтса да, шыңына жеткізе орындайды. Ерлан бүгін әндерді қоңырлатып айтты. Қоңыр үнмен айту, менің қоңыр дауысыма тән. Ерланға тек жоғары тенор дауысымен шырылдатып шырқау керек», – деп аға ретіндегі ниетіне әнші ретіндегі бағасын қосты. Асқақ ән мен күмбірлеген күй қобыздың күңіренген сазына ұласты. Өнердегі қос бауырына ақжол тілей келген күйші, қобызшы Саян Ақмолда Ықыластың өте сирек орындалатын «Жалғыз аяқ» күйі мен Сматай Үмбетбаевтың «Әкеге арнауын» көне дәуірден талып жеткендей ескі үнмен сызылтты. Ерлан мен Нұркен түлеп ұшқан А.Жұбанов атындағы республикалық арнаулы музыкалық мектеп-интернатының домбырашылары төкпе күйлер мен Н.Тілендиевтің күйлерінен попурри тартты. Тартымды да әсерлі кеш бойы көрермен қауым қос талантқа қол шапалақтап, риясыз қошемет көрсетумен болды.