Меніңше, келесі ғасырдың басында адамзат баласының қағазға деген сағынышы оянуы мүмкін... Жазушы Смағұл Елубай «Қиямет-қайым ғасыры» атаған жиырма бірінші жүзжылдығыңыз қағазбен қоштасу ғасыры болып жүрмесіне кім кепіл?..
Көршіңізге қараңыз
Әртүрлі себептермен, нетүрлі шаруалармен көптеген шаңыраққа бас сұғып жүрміз. Әкеміздің өтінішімен баяғы ауылда бірге жүрген, бүгінде алып шаһарға көшіп келген сыйласының үйіне аялдасақ та, досымыздың өтінішімен оның да әлдеқандай бір туысының құжырасына соқсақ та, кездесеріміз бір ғана көрініс... Сол үйлерге кейде бірер сағатқа аялдауыңа тура келеді. Сондай кездерде зеріккенің соншалық, жарылардай боласың. Даңғарадай сарайда қу жаныңа керектің бәрі бар. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Не жетіспейтінін үй иесінің өзі де білмейді. Білсе орнын толтырар ма еді, кім білсін. Сонымен, жұмбақтамай айтар болсақ, біз іздеген, ол үйді олқы қылып тұрған – мәртебелі қағаз. Адам жанының серігі болған кітапты иә болмаса газет, журналды меңзеп отырмыз. Үйінің бір жері олқы екендігінен өздерінің де жан дүниелерінің бір тұсы кем екенін сезінбейді-ау, қайран туыстар. Соншалық кітапқұмар болмасақ та, өзіңмен-өзің қалған азғантай уақытта қолыңа алғың келетіні анық. Сол сәттерде барған үйіңнен іздегеніңді таппасаң, көңіліңнің қоңылтақсып қалатыны бар.
Кітап сатып алмайтын, газетке жазылмайтын уақытқа тап келдік. Соңғы рет қашан газет оқып едіңіз деп сізден сұрай алмаймын. Өйткені дәл қазір сіздің қолыңызда газет тұр. Бірақ айналаңызға зер салыңызшы, елдің бәрі газет оқып отыр ма? Әрине, жоқ. Бір подъезді тұтас түгендемей-ақ, бір қабатта тұратын есіктес екі көршіңізге қарап көріңіз... Демек, елдің бәрі сіз бен біз емес екен. Газет пен кітапты парақтамайтындардың көп екендігі – ауыр да болса мойындауымызға тура келетін шындық.
Тамыр тереңдігі
Мәртебелі тарихыңыз баспа саласының бастауын VIII-IX ғасырларға апарып тірейді. Қытайдан бастау алған дейді. Ксилографияның алғашқы жемісі будда дінінің «Жақұт сутра» кітабы екен. Арада екі ғасыр уақыт өткенде құйма әріптеріңіз қолданысқа енді. Еуропаңызға бұл жаңалық төрт ғасырға кешеуілдеп келді. Ал бұл кезде Қытайыңызда түрлі-түсті баспа жұмыс істей бастаған.
Ал Ресей тарихындағы тұңғыш кітап болып саналатын «Апастолды» Петр Мстиславец пен Иван Федоров 1564 жылы басып шығарды. Ақырындап аспаннан жерге түсіп, әлемнен өз елімізге де келгендейміз. Қазақ тіліндегі кітапты оқу бақытына біздің ұлтымыз XVIII ғасырдың басында ие болыпты. Әрине, тұңғыш кітабымыз – «Сейфүл-Мәлік» қиссасы. Одан кейін тарих төмендегіше түзілді. «Қамбар туралы поэма» (1882ж), «Мұхаммед Ханафия» (1882), «Қыз Жібек» (1894), «Қозы Көрпеш қиссасы» (1890). ХХ ғасыр кітабын «Қисса Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» бастап берді. Бұл тура 1900 жыл еді. Осы аралықта «Қисса Алпамыш», А. Құнанбаевтың өлеңдер жинағы, «Қазақтың айнасы», «Қазақша әліппе» сынды бірнеше кітап жарық көрді. Ал Спандияр Көбеевтің әйгілі «Қалың мал» романы 1913 жылы жарық көрді. Қорыта айтқанда, 1917 жылға дейін қазақ тілінде 700-ге жуық кітап басылды. Бұл кітаптардың барлығы Ресей баспаларында жарық көрген. Орта Азиядағы тұңғыш кітап баспасы 1920 жылы құрылған «Түрікмембас» (Түркістан мемлекеттік баспасы). Кейіннен бұл баспа қазақ тілінде кітаптар шығарып отырды.
Тұңғыш газетіміз Түркістан генерал-губернаторының ресми органы «Түркістан уәлаятының газеті» екені мәлім. Бұл басылым тек қазақ тілінде емес, жалпы, Ресей империясының қол астындағы барша түркі халықтары тілінде шыққан алғашқы мерзімді басылым болды. «Түркістан уәлаятының газеті» – белгілі мақсатта патша үкіметінің шешімі бойынша жергілікті әкімшіліктің бақылауымен және қаржыландыруымен шыққан ресми газет. Газет 12 жыл бойы шығып тұрды. Бұл басылымның алғашқы саны 1870 жылы жарық көргенін ескерсек, бір жарым ғасырға жуық тарихының бар екенін білеміз.
Міне, ұлтымыздың даналық діңгегіне ат байлаған тарихына қысқаша тоқталдық. Тұңғыш кітаптың қай жылы шыққанын айттық. Ал қазірше соңғы болып саналатын кітаптарыңыз дәл қазір басылып жатыр. Газет жөнінде де айтарымыз – осы. Біздің бұл мақаламыз жазылып, қатталып, сіздің қолыңызға жеткенге дейін тағы бір газеттің яки журналдың оқырманға жол тартуы әбден мүмкін. Өйткені дәл қазіргі уақытта газет, журнал шығару дегеніңіз де аса қиын шаруа емес. Мың түрлі атаумен, сан түрлі бағыттағы басылымдар жарық көруде. Саны айқын, сапасы бұлыңғыр.
Бақталастар бәсекесі
Газет пен кітаптың орнын теледидар басады деген. Орнын басады деген жай сөз, қызды-қыздымен түбіне жетеді деп те жіберген. Сөйткен теледидарыңыздың өзінің хәлі мүшкіл бола бастады. Одан да зоры шықты. Ол – ғаламтор. Ғаламтор қолданысқа енгелі бері бар мүмкіндікке ие болдық. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызудың» шын мәніндегі мүмкіндігі осы еді. Күллі артықшылығын жіпке тізбей-ақ, тақырыбымызға қатыстысын ғана сөз етейік.
Газет-журнал оқитындардың санатында жүргендердің біразының өзі бұл қатарға ғаламтор арқылы еніп жүр. Әлдеқандай басылымға жарияланған мақаланы оқыған. Бірақ сол газеттің өзінен емес. Ғаламтордағы сайтынан. Соңғы жазылған әдеби шығармалардан да хабары бар. Оны да сол ғаламтор арқылы қарапты. Сол досым: «Бір қабырғаны алып тұрған кітап сөреңіздегі ен байлықтың бәрі алақандай компьютерде тұр ғой», – дейді. «Бәрі емес», – дейсің қағазды ақтап алуға тырысып. «Бәрі болмаса да, біразы бар», – дейді жеңіле салғысы келмей. Алған бетінен қайтпасын білгесін қоя саласың. Шын мәнінде сол, БАҚ саласында кейбір артықшылықтары бар. Ақпараттың жылдам жаңартылуы, кез келген материалдың көшіріліп басылуы жағынан көш бастап кетер әлі бар. Әйтсе де кез келген мақаланы отырып оқуға болады дегенмен келісе алмаймын. Қысқа ғана ақпараттық материалдарды атүсті қарап шығуға болатын шығар. Кейде тіпті ұзақтау мақаланың өзін де жұмыс орныңызда отырып үзіп-жұлып қарап шығыңыз. Бірақ зейін қойып қарайтын зерделі мақаланы кешкі астан кейін жатын бөлмеңізде жалғыз жатып оқуыңыз керек шығар. Оң жақ қырыңызға бір аунап, қолыңыз талса, сол жақ қырыңызға бір аунап оқудың рақаты өзінше бөлек емес пе?. Оған газеттің иісін қосыңыз. Газет пен кітаптың қасиеті мен ерекшелігі сытырлаған қағазы мен иісінде шығар, мүмкін. Бір досым айтпақшы, қағаз газеттің электронды газеттен артықшылығы – оны бетіңе жауып ұйықтай аласың. Адам ұйқыға жатқанда, ұйықтап кеткенге дейін бірер бет парақтауы керек деп білемін. Міне, газет пен кітаптың артықшылығы да, рахаты да – осы.
Қаламсыз қаламгер
Бір қарағанда бір-біріне қарама-қарсы шығып тұрған екі сөз. Ағаш өспейтін орман, су ақпайтын өзен деген сынды естілуі де кәдік. Дегенмен бұған да құлағыңыз үйренеді. Жалпы, журналист, жазушылардың жалпы атауы қаламгер екені рас болса, сол журналистеріңіздің, жазушыларыңызды қазіргі жас буынының бірде- бірінің қаламмен жазбайтыны ақиқат. Барлығы компьютерге бірден тереді. Менің өзім осы жолдарды компьютермен жазып отырмын. Қағазға жазсаң, бір сөзді сызасың, екінші сөйлемді қайта жазуға тура келеді. Айналып келгенде, жазып отырған қағазың алабажақ болады да, жазуға деген құлқың құриды. Ал компьютерде барлығы тап-таза қалпында тұра береді. Мұхтар Мағауинше айтқанда, клавиатураң тағаланған ат сынды тақылдап, ойыңды жетелеп отырады. Ғабит Мүсіреповтердің әр сөйлемін жүз ойланып, мың толғанып барып қара қарындашпен ақ қағазға жазу дәстүрі бізге қонбапты. Газет шығару барысында қағаз корректор мен бас редактордың алдына ғана барады. Мақаланы түзеу мен сызуды осы екі маман ғана қалам арқылы іске асырады. Ал екеуінің орталығындағы тірлікке қасиетті қаламыңыз онша көп араласа бермейді. Журналистердің осылай жазуының салдарынан қазір газет-журнал редакцияларында терімшілік қызмет деген атымен жоғалып барады. Ақсақал, қырмасақал қаламгерлердің түбітиектерге қарата қойылатын: «Қаламның қасиетін қайтесіңдер?» деген сұрағының жауабына ойлану жағы да қалып бара ма деймін.
Конвертпен қоштастық
Алыстағы ағайынға амандық хат жазып, конвертке салып желімдеп, пошта жәшігіне тастамағаныңызға қанша болғанын білесіз бе? Немесе керісінше, дәл сондай хат алмағыныңызға да біраз уақыт болған шығар. Басқаны былай қойғанда, өзіңіздің маңыңыздағы поштаның индексі есіңізде ме? Егер сіз ұмытпаған болсаңыз, қызық үшін айналаңыздағы 10 адамнан сұрап көріңіз, сегізі білмеуі мүмкін. Қазір ұялы телефон және оның смс хабарламасы ақ қағазға жазылатын хатыңыздың орнын айырбастап үлгерді. Хат жазуға ешқандай мұқтаждық жоқ. Демек, барлық мәселеде шешуші рөлді атқаратын мұқтаждық болса керек...
Есей Жеңісұлы, ақын:
– Менің ойымша, кітап та, газет те болады. Адамзат дамуының бір плюсінің қасында бір минусы қосақталып жүреді ғой, сондықтан электронды дүниелердің де дәуірі өтіп, көзге көп күш түсіретін нәрселер қолданыстан шығып қалуы мүмкін. Жалпы, «кітап құрдымға кетеді» деген қауіп айтылғалы 60 жылдан асты. Бірақ қазір керісінше, том-том кітаптар мамықтай жеңіл болып шығып жатыр. Бояуы да қанық, әріптері де ірі. Сондықтан адамзат дамуының басты кепілі болып келе жатқан кітап (газетті қосақтап) әлі де мың жыл жасай беретініне сенемін.
Ержан Әбдіраман, журналист:
– Бір жағынан алғанда, екі-үш жыл ішінде адамның түсіне кірмеген өзгерістер мен жаңалықтар ес жиғызбайтын қазіргідей заманда 50 жылдан кейінгі туралы бірдеңе айту қиын. Ал біз сияқты қарапайым адамдар үшін мүмкін емес нәрсе.
Екінші жағынан алғанда, дәл осы себептер, яғни ғаламат прогрестің нәтижесінде кеше ғана жаңалық болған нәрселердің бүгін қолданыстан шығып жатқанын ескерсек, болжам айтып көруге болатындай. Студент кезімізде бір оқытушымыз осыған ұқсас сұрақ қойғанда «Қағаз кітапты ештеңе ауыстыра алмайды» деп сенімді жауап беріп едім. Қазір ондай сенімді емеспін. Халықаралық басылым деуге келетін ірі газеттер қағаз нұсқасынан бас тартып, тек электрондық вариантқа көшіп жатыр. Өз басым қағаз газет оқуды ұмыттым десем болады. Қағаз кітап туралы әңгіме басқалау. Кітап дүкендерін аралағанды, кітап алғанды жақсы көремін. Бірақ букридер деп аталатын нәрсені көріп, ыңғайлы екеніне қатты қызықтым. Қағаз кітаптың бір артықшылықтары бар болса, электронды кітап шығару ісінің сол артықшылықтарды жоққа шығару үшін барын салатыны сөзсіз.
Жұлдыз Әбділдә, публицист:
– Заманауи ақпараттық технологияның игіліктері, соның ішінде интернеттің бізге ауадай қажет екені даусыз. Зияны да жоқ емес, бірақ пайдасы одан әлденеше есе артық. Қазір электронды ақпарат құралдарының дәуірі жүріп тұр. Бірақ соған қарамастан, интернет қағаз кітаптар мен дәстүрлі газет-журналдарды толықтай алмастырады дегенге сенбеймін. Соның ішінде мұндай жағдайдың жуық арада, тіпті елу жылда да бола қоярына ешқандай алғышарт жоқ. Қағаз кітап болған, бола да береді. Өйткені ол – рухани құндылық. Өзім де интернетті көп пайдаланатындардың бірімін. Бірақ кітапты қағаз күйінде оқығанды құп көремін.
P.S.
Қағаздың дәуірі өтті, енді біржола электронды қалыпқа көшеміз деген ойды айтудан аулақпыз. Газет пен кітаптың жаназасын шығаруға да асығып отырған жоқпыз. Дегенмен бүгінгі адамзат қоғамының беталысы адамды ойлантпай қоймайды. «Қош бол, қағаз...» дегенде қағазбен қоштасуды емес, қоғамның қағаздан күн санап алыстап бара жатқанын есіне салып, қайырылуын аңсаған шығармыз. Әйтпесе 2050 жылы қағазды бір ғана жерден кездестіруіміз де мүмкін ғой. Бірақ үміт деген бар. Ол өлмейді. Қағаздың адамзат баласымен бірге жасай беретініне сенейік. Қалғанын уақыт көрсетер. Күллі асыл қазынамыздың қағазда екенін ұмытпайық.