Қорқыт елінде – түркі әуендері
Сыр елінде «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өтті. Түбі бір түркі әлемінің тұтастығын паш ететін шараға алыс-жақыннан көптеген өнер иесі ат арылтып келді.
11 елден келген дәстүрлі әншілер үш күні бойы дария бойында ән мен жырдан шашу шашты. Бұл игі іс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп отыр. Өнер фестивалінің мақсаты үлкен. Тілі мен түрі ұқсас болғанымен, түркілер жер шарының әр қиырында мекен етеді. Өнер фестивалі сол түбі бір ұлттарды біріктіріп, дәстүрлі өнерді дәріптеуге арналып отыр. Тақырып аясында ғылыми-танымдық конференция болды.
Фестиваль барысында көптеген шаралар өткізілді. Үш күн бойы «Жырау» атты ғылыми-танымдық деректі фильм көпшілікке көрсетілді. Сондай-ақ Қорқыт атаның жамбасы жерге тиген жерге арнайы белгі қойылды. Абыз атындағы мемориалдық кешенде аталмыш шараның қорытындысы болды. Онда түркі тектес халықтардың әуендері шырқалды. Осы маңда көне заманды көз алдыға алып келетін көрме ұйымдастырылды. Оны жергілікті мүсінші Шәкірбек Сәменов жасап шықты. Салмағы екі тоннадан кем түспейтін балбал тастар абыз бабаға арналып қашап жасалды.
Берік ЖҮСІПОВ, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
– Фестиваль облыста осыдан бес жыл бұрын аталмыш атаумен өткен еді. Дегенмен жалғасын таппай, үзіліп қалды. Соны қайта жаңғыртуды дұрыс көрдік. Осылайша, түркі тілдес халықтардың ұлттық-музыкалық өнерін дәріптеуге жол ашылды.
Сыр өңірінде осылайша ұлы саз қайта қалықтады. Бастауын Қорқыт атадан алатын түркі жұртының өнері жергілікті жұрттың қызығушылығын оятты.