Сыр бойындағы Қармақшы ауданының аумағында Алты алаштың абызы атанған Қорқыт атаның жамбасы жерге тиген. Ауданның Қорқыт теміржол бекетінің тұсынан 1980 жылы түркі жұртының ардақты тұлғасына айналған архитектуралық ескерткіш орнатылған еді. Жақында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ескіріп, мүжіле бастаған бұл монумент қайта жаңартыла бастады.
Бұл жұмыстарды қызылордалық «Тамыз» ЖШС-і атқаруда. Серіктестік мүшелері кешен маңындағы жолдарды ретке келтіріп, мұражай қабырғасын қайта әрлейді. Сонымен қатар, есік-терезелерді ауыстырып, ғимарат ішінде де жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Қорқыт ата мемориалдық кешенінде 1500-ге жуық құнды жәдігерлер бар. Ескерткіш темір бетоннан жасалған төрт бірдей тік көктастан тұрады. Биіктігі 8 метрге жуық. Жоғарғы жағында арнайы түтіктер орнатылған. Аузы кең орталық тесікке келіп түйісетін 40 металл түтік жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады.
Біздің дәуіріміздегі ІХ ғасырда өмір сүрген Қорқытты қобыздың атасы ретінде білеміз. Кейбір тарихи жазбаларда оның оғыз тайпасынан шыққандығы туралы деректер бар. Аңыз бойынша қобызды алғаш Қорқыт жасаған деген әңгіме бар.