Қазаққа қырық қала салып берген Дінмұхамед Қонаевтың ұлтымызға сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Барлық салада. Десе де, қоғам қайраткерінің Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы кеніштерде еселі еңбек етіп, үлкен өмірге жолдама алғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Жақында қазақтың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Қонаев еселі еңбек еткен Риддер қаласына жол түсті. Алып тұлғаның табанының ізі, аяулы алақанының табы қалған жерлерді көрмекке асықтық. Ең әуелі қоғам қайраткерінің тұрған үйін іздедік. Сол маңдағы ел-жұрттан сұрастырдық. Таптық ақыры. Өкінішке қарай, осыдан төрт-бес жыл бұрын болған өртте үйдің дәл Қонаев тұрған екінші қабаты өртеніп кетіпті. Мұны бізге көрші үйдің тұрғыны, 50 жылдан артық өмірін сонда өткізіп келе жатқан Надежда әжей айтты.
– Менің әкем де, анам да шахтада қызмет істеген адамдар. Бала күнімде олар Дінмұхамед Ахметұлы туралы көп әңгімелейтін. Әлі есімде, әкемнің айтуынша, ол кісінің пәтерінің терезесі шығыс жаққа қараған екен, қызметінен тыс уақытта сол жерден үнемі кеніштің жұмысын бақылап отыратын көрінеді. Ол кісіні көршілері де өте құрметтепті. «Табиғатынан қарапайым жан басшылық қызметте жүрсе де, ешқашан кеуде көтермеген, жұмыскерлерге көмек қолын созуға дайын тұратын» деп еске алушы еді анам. Кейін Қонаев Алматыға кеткен соң да, жұрт оның жақсылықтарын аузынан тастамай жүрді, – деп түсіндірді қарт металлург Надежда Голованова.
Зейнеткердің сөзіне сенсек, Береговой (қазіргі Мақсұт Тайшыбаев) көшесінде қарағайдан қиюластырып салған екі қабатты үш үй орналасқан. 1940-1945 жылдары бұл үйлер қаладағы ең керемет, ең жаңа, ең әсем ғимараттың бірі саналған. Ол жайында Д.Қонаевтың естелік кітаптарында да жақсы жазылған. Бүгінде еңсесі шөгіп, ағаштары ескіріп, кенеуі кете бастаған үш ғимараттың екеуі тұр, үшіншісі, яғни Қонаев терезесінен қарап отыратын Береговой, 7 мекенжайындағы баспананың екінші қабаты тілсіз жаудың салдарынан жойылған. Бертін келе өртенген үйді жеке кәсіпкер сатып алып, өз қаржысына бір қабатты етіп жөндеген. Қазір онда бөтелке жуумен айналысады екен.
Надежда ГОЛОВАНОВА, Риддер қаласының тұрғыны, қарт металлург:
– Қателеспесем, Қонаевтан кейін онда Илфимовтар отбасы тұрды. Сол кезде пәтерді мұражай жасаймыз деп сұрап келгенде, қожайыны келісім бермей қойған. Тиісті орындардан адамдар бір емес, бірнеше рет келіп, қаланың басқа жерінен баспана беруге ұсыныс жасады. Бірақ Аня Илфимова көнбеді. Әрине, мұражай ашу құптарлық іс, мен ғана емес, кез келген риддерлік қолдайды мұндай бастаманы. Басқа-басқа, Дінмұхамед Ахметұлының Риддерге сіңірген еңбегі орасан ғой. Алайда оны шетте қалған Береговой көшесінен емес, қаланың қақ ортасынан, көрнекті жерден ашса, тіптен жақсы. Адамдар да көп келеді, жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге де ықпалын тигізер еді.
Иә, Қонаевтай ұлы қайраткердің үйінде «қоқыс» жуылғаны бәріміздің де қарнымызды аштырды. Бүкіл ғұмырын елі үшін сарп еткен абзал жан артындағы ұрпақ өзіне осылай «сый-құрмет» көрсетеді деп ойлады ма екен?! Бәлкім, үйді өрт шалмай тұрып мемлекеттің қарауына өткізіп, мұражайға айналдырғанда, қазіргідей өкініштен бармақ шайнап қалмас едік-ау...
Мұражай демекші, жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ ассақ, Қонаевты жас буын өкілдеріне жақын таныстырып, кенді Алтай өңіріне сіңірген есепсіз еңбегін паш етуде мұндай оңды бастаманың орны бөлек.
Серік ҚАЛИМОЛЛАНОВ, Риддер қаласындағы «Шаңырақ» көпсалалы мектеп-гимназиясының география пәнінің мұғалімі:
– Жастар жағы Қазақстан үшін, сондай-ақ Риддер қаласы үшін зор істер атқарып кеткен Дінмұхамед Қонаев ағамыз жайлы аса көп хабардар емес. Ол кісінің кім екенін білетін шығар, бірақ осында тұрғанын, кен басқармасында директорлық қызметте істегенін көбісі білмейді. Сол себепті Қонаевқа арналып мұражай ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Тарихымыздың әр қатпарын, әр сәттерін ұмыт қалдырмай кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің мұратымыз. Ендеше, ел тарихында елеулі орны бар тұлғаны ескеріп жатсақ, елдігіміздің белгісі емес пе?!
Алла сәтін салса, келесі жылдың 12 қаңтарында қазақ жұртының сүйікті перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл толады. Риддер қаласын былай қойғанның өзінде қоғам қайраткерінің ұлтымызға сіңірген еңбегінің орасан екенін айтып жатудың өзі артық.
Қаладағы тарихи-өлкетану мұражайында Д.Қонаевқа арналған арнайы бұрыш бар. Онда тұлғаның көзі тірісінде пайдаланған заттары, әр кезеңде түсірген фотосуреттер, қағаз-құжаттары, өзі жазған «Өтті дәурен осылай», «Советский Казахстан» және «О моем времени» сияқты кітаптары қойылған. Риддердегі ұлы тұлғаның өмірінен сыр шертетін бар белгі – осы. Әрине, Қонаевтай қайраткерге арнайы бұрыш, мұражай ғана емес, өзі еңбек еткен осынау қала атын берсе де лайықты. Дегенмен Риддер қаласы мен облыс басшылығы алдағы уақытта жоғарыда айтылған олқылықтардың орнын толтырып, ұлы тұлғаның 100 жылдығы қарсаңында шаһардың қақ төрінен мұражай үйін ашуға көмектесер деген ойдамыз.
Қонаев тұрған үйде бөтелке жуылады екен
Последние статьи автора