Қолөнер шеберлері бірігуде
Жуырда елге белгілі өнер шеберлері Алматыда арнайы баспасөз маслихатын өткізіп, алдағы уақытта Қазақстанның Қолөнер шеберлері одағын құру жөніндегі шешімдерін жария етті.
Ұзақ жылдардан бері Қазақстандағы қолөнердің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан Our Heritage қоғамдық қорының президенті Айжан Бекқұлова аталған мәселеге орай өз ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, одақтың құрылуы қазақстандық қолөнер шеберлері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Баспасөз мәслихатына қатысқан қолөнер шеберлерінің ортақ пікірінше, жаңа одақ ең алдымен барлық шеберлердің басын қосып, ұлттық қолөнер саласын тың белестерге және бәсекеге қабілетті заманауи деңгейге көтеруге ықпал етпек.
Айжан БЕКҚҰЛОВА, Our Heritage қоғамдық қорының президенті:
– Одақ ең алдымен қолөнер шеберлері үшін көрмелерге, жәрмеңкелерге, тренингілерге және тағы басқа әртүрлі шараларға қатысу жөнінде ақпараттар алуға, арнайы жасалған «Шебер» сайтына өзі және бұйымдары жөнінде мәліметтер ілуге, тұтынушылардан одақ арқылы тапсырыстар алуға, шикізаттарды қайдан алуға болатындығы жөнінде толық ақпараттарды білуге, қысқаша айтқанда, қолөнер шеберлеріне қатысты барлық сұрақтарды одақтан алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ одақ шеберлердің нарыққа шығуын кеңейтуге, Қазақстан қолөнершілер желісін құруға, қолөнер саласына қатысты барлық мәселелерді шешуге ықпал етпек. Аталған одақ сонымен қатар қолөнер шеберлерін аттестациядан өткізетін болады.
Жалпы, бұл одақты құру идеясы 2008 жылы өткен қолөнер шеберлерінің конференциясында көтерілген болатын. Бірақ ол кезде қолөнер шеберлерінің ұсынысты іліп әкетіп, сөзді іске айналдыратындай мүмкіндіктері болмаған.
Одақтың басты мақсаты – елімізде және шетелде қолөнер шеберлерінің дәрежесін көтеру, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, болашақ жас буын үшін ұлттық рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау мен дамыту болып табылады. Қазіргі уақытта одақты қоғамдық ұйым ретінде тіркеуге байланысты қажетті құжаттар тиісті орындарға тапсырылған. Болашақта Қолөнер шеберлерінің одағы Суретшілер одағы жүйесі бойынша жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында биыл Алматыда қолөнер шеберлерінің IV республикалық «Шебер» байқауын өткізу мәселелері де қамтылды. Бұл байқау біраз жылдан бері «Шеврон» компаниясы мен Орталық Азиядағы Еуразия қорының бастамасымен «Қазақстанда қолөнер және көркемөнер кәсіпшілігін дамыту» бағдарламасы шеңберінде Our Нeritage қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Биыл төртінші рет өткізілетін байқау – қолөнер кәсібін дамытуға жол ашып, дарынды шеберлерді іздестіру және қолдауды қажет етеді. Байқауға өтініштерді қабылдау 10 қаңтарда басталып кетті. Қабылдау мерзімі 20 ақпанда аяқталады. Одан кейін, әдеттегідей, жұмыстар жеті аталым бойынша қазылар алқасының сарабына түседі. Конкурстық жұмыстарды өнертанушылардан, суретшілерден, ЮНЕСКО өкілдерінен құралған сараптау комиссиясы бағалайтын болады. Жеңімпаздар мамыр айында фестиваль ретінде өтетін шара барысында марапатталады. Нағыз қолөнерді меңгерген жеңімпаз шеберлер жаз айларының бірінде Үндістанда өтетін әлем қолөнершілері өз жетістіктерін паш ететін үлкен фестивальға жолдамаға қол жеткізбек.