Қиял-ғажайып ертегі – зиялы қазақтың ертеңіне айналса...

Қиял-ғажайып ертегі – зиялы қазақтың ертеңіне айналса...

Мейлі күні кешегі өркениет атаулыдан алыс жатқан қазақ даласының, мейлі, бүгінгі техногендік заманның болсын, баланың аты – бала.  Қай заманда өмір сүрсе де, қандай тұрмыс кешсе де, баланың бәрін ортақтастыратын бір нәрсе болса, ол – тәтті қиял. Ұшқыр қиял адамды алға жетелеп, даму биігіне шығаратынын ескерсек, біз жарқын болашақ үшін балаларымыздың қиялын дамытуымыз керек. Ал қиялдың көкесі – ертегіде. Ендеше, бізге бүгінгі заманның ертегісін түсіру ауадай қажет.
Осы күнге дейін бізде ешбір режиссер көркем фильм ішінде анимация мен компьютерлік графиканы ұштастырып әрі ертегі, әрі көркем фильм түсірмегенін білеміз. Ендеше, сүйінші, қазақ киносының тарихында тұңғыш рет бүгінгі тілмен айт­қан­да фэнтези жанрында «Аңыздар кіта­бы. Жұмбақ орман» атты жаңа туынды дүние­ге келді. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның қолдауымен түсі­ріл­ген бұл фильмнің авторы әрі режиссері  Ахат Ыбыраев. 

«Жұмбақ орманның» жұмбағы неде?
Белгілі кәсіпкердің тентек ұлдары Баха мен Таха бұзақы әрі тәтті қылықтарымен үнемі бір нәрсеге ұшырайды да жүреді. Бірақ олардың тентектігі жаман ниет, жаман ойдан тумаған. Жастай аналарынан айырылған қос ұлдың бүгінде өгей шеше­ден көрген қорлығы оларды сондай әре­кет­ке еріксіз итермелейді десек дәлірек келетіндей. Бай, кәсіпкер әкенің бала тәр­биесіне уақыты жоқ, ал зұлым өгей шеше­нің бар арманы – екі «масылдан» қалайда құтылу. Бірде екі ұл кітаптан зұлымдық күштеріне қарсы күресу үшін Амазонкалар патшайы­мына көмек керек екенін оқиды да, өзде­рінше сол іске белді бекем буып, ал оның ақысына арғы дүниелік болған аналарын тірілтуді сұрамақ болады. Автор осы ретте анасыз жетім балалардың көрген қорлығы әрі сол арқылы қоғамдағы то­лық­қанды емес отбасындағы қалтарыстар­ды ашуды көздесе, екіншіден, осы ретте бала қиялы­ның шексіздігін ертегі арқылы шебер көр­сете білген. Өгей шеше баскесер жалдап, балаларды ұрлатады. Бір қызығы, сол ар­қы­лы қос ұлдың арманына жол ашы­лады. Себебі екеуі өздерін ұрлап әкеткен екі әумесердің өзін байлап-матап, орман­ды аралап кетеді де сол жерде өздері кітаптан оқыған ертегінің ортасына топ ете түседі. Онда аң-құс та барлығы адамша сөйлеп, екі балаға жол сілтеп отырады. Осы тұста айта кетуіміз керек, фильмде зама­науи техника көмегімен қимыл-қоз­ғалысқа түскен қиял-ғажайып әлемнің кейіпкерлері бала назарын өзіне аудар­тар­лық. 
Болашаққа жол ашқан «Болашақтың» түлегі
Ал енді туынды авторы жайына тоқта­лар болсақ, Ахат Ыбыраев –«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған түлек. Осыған дейін «Сказ о розовом зайце» фильмінде Фархат Шариповтің көмекшісі ретінде көрінген, сондай-ақ «Ай­налайын» телехикаясында Ақан Сатай­дың түсіру тобында да тәжірибе жинақ­таған режиссер өз туындысына үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр.
Ахат Ыбыраев, режиссер:
– «Болашақтың» түлектерін шетел­де қалып жатыр деп жаппай айыптау бар ғой біздің қоғамда. Мен ол пікірді жоққа шығарғым келеді, яғни мен шетелден алған білімімді өз елімнің дамуына жұмсағым келеді. Ал фильмге қатысты айтар болсам, біріншіден, бұл – ертегі емес, фэнтези элементтерін бойына жинақтаған шытырман оқиға­лы комедия. Мұнда барлық мамандар барынша биік кәсіби деңгейде жұмыс жүргізді. Музыка, компьютерлік графи­ка және ең қиыны – гримм. Тіпті осы рет­те құрылыс материалдары да қолда­ныл­ғанын айта кетейін, яғни кейіп­кер­лер бейнесін айқындауда ағзаға зияны жоқ материалдар пайдаланылды. Тағы бір нәрсені айта кетсем, елімізде фэнтези жанрын дамыту керек. Бірақ бұл идео­логиялық тапсырманың күшімен емес, режиссерлердің өз бастамасымен жүзе­ге асса. Біз балаларға арналған туынды болғандықтан оның барынша қысқа әрі нұсқа, бірақ сөйте тұра, қызығын жо­ғалт­пауына аса мән бердік.

Фильмдегі түсіру тобы көргенде көз тоймайтын тұма табиғатты осы Алматы облысына қарасты Қайыңды өзені, Түрген және Шымбұлақ шатқалдарынан тапса керек. Басты рөлдегі ағайынды екі бала Баха мен Таханы бір мектептің, бір сынып­тың оқушылары сомдаған. Баха рөлінде – Әлішер Қайыров, ал Таха рөлінде Қуан Лекеров. Олар кастингке қатысқан 800-ден астам баланың ішінен топ жарып шыққан. Кәсіпкер әке – Жан Байжанбаев, ағылшын тілі мұғалімі Жанна Қуанышева, ал Ама­зонкалар патшайымын Гүлнар Досматова тәп-тәуір ойнап шыққан. Жалпы, фильмді бастан-аяқ жасап шығаруға аз уақыт кет­пеген сыңайлы. Түсірілімге кеткен мерзімді қоспағанда компьютерлік графикасына 1,5 жыл жұмсалған.

Қысқасы, қазақ баласы да ендігі жерде өз елінің қиял-ғажайып туынды түсіре алатынын біліп, өзгелердің «қаңсығын» таңсық көрмейді деген үміттеміз. Жалпы, бізге балалар қиялын дамыту керек. Себебі қиял – жүйрік, оның жылдамдығы сонша, тіпті өз дәуірінен бірнеше ғасыр озып кетуі мүмкін не болмаса керісінше, өтіп кеткен ғасыр қойнауына сүңгітіп жіберуі де ғажап емес. Бір заман­дары біздің бабаларымыз ұшатын кілем, немесе айшылық алыс жол­дардан жылдам хабар алғыза­тын құралды қиялдаса, бүгін біз үшін ол ешқандай да қиял емес, шындық. Демек, бұдан шығатын қорытынды: қиялға жол ашу арқы­лы біз ғылымға деген құшта­р­лықты оятамыз деген сөз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста