Қажымұқан жөн білмейтін хатшыны қалай қатырды?

Ұлы Отан соғысы аяқталған соң үш ай өткенде Абайдың 100 жылдық мерейтойы Қарауылда аталып өтті. Жұрт тойды өткізуге заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің тікелей өзі мұрындық болды деседі.

Осыдан 70 жыл бұрын өтсе де, Абайдың 100 жылдық тойының ұмытылмайтын, қатысқан әр адамның өмірінің тәтті күндері саналатын себептері бар. Біріншіден, ол той Ұлы Жеңістен соң іле-шала өтті. Бес жыл бойы қысылып, қиын тұрмыс кешкен адамдар сол тойдың арқасында бір жұмаға болса да, шөлден шығып көлге жолыққандай молшылыққа кенелді. Екіншіден, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов бастатқан көптеген белгілі ақын-жазушылармен дидарласты. Үшіншіден, сонау коллективтендіру кезеңіне дейінгі салт-дәстүр көріністеріне зарыққан халық жылап көріскендей әсер етті.
Бұл тойды өткізу сол кездегі Шыңғыстау (ол кезде Абай есімі берілмеген), Шұбартау, Абыралы сынды үш ауданға жүктелген-ді. Тігілген киіз үйлер, мама биелер, үйдің жасау-жабдықтары осы үш ауданнан жинақталды. Тойдың қызықты көріністері, қазіргідей Қарауыл ауылында емес, ауылдан 45 шақырым жерде өткізілді. Бәйгеге шапқан 100 ат 70 шақырым жерге жіберілді. Бәйгеде КСРО География қоғамының мүшесі, соғыс ардагері, белгілі атбегі Ұлықбек Байырбековтің баптаған кері аты келді.
Сондай-ақ, тойға республикамыздың түкпір-түкпірінен мықты ақындар шақырылды. Шар ауданынан Төлеу Көбдіков, Жармадан Сапарғали Әлімбетов пен Нұрғали Тұңғатаров, Ақсуаттан Салық Өскенбаев, Жаңа-Семейден Тәңірберген Әміренов, Абыралыдан Иса Биназаров, Павлодар облысынан әнші-ақын Естай Беркімбаев болған.
Ақындар арасында бәрінен жасы үлкен Нұрғали Тұңғатаров көзге түсті. Ол тойға арнайы келген Әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовқа табан астынан арнау өлең шығарды. Қажекең оған төрт кесек шай беріпті дейді тойдың куәлары. Абайға арналған толғау бойынша да бас бәйгені осы Нұрғали әкетті, оған ат мінгізілді.
Халық ақыны Тәңірберген Әміренов өз естелігінде былай жазады:
– Тойдың екінші күні барлық ақындар «Абай ордасына» жиналды. Ордадағы сегіз қанатты үй басқалардан биікте, әдемі болып, алыстан менмұндалап тұрды. Ордаға әрқайсымызды қыз-келіншектер қолтықтап кіргізді. Ақындар Ұлы Абайға бағышталған мүшайраға қатысты. Бұл жарыста көзге көріне алмадым, бас бәйгені Нұрғали Тұңғатаров алып кетті...

Осыдан бірер жыл бұрын тарихи-өлкетану мұражайына арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Әди Шәріповтың жары Клара Мыңжасарова осы той жөнінен біраз мағлұмат беріп кетіп еді.
– 1945 жылдың тамыз айында Қарауылда Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған дүбірлі той өтті. Тойды өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы менің әкем Жағыпар Мыңжасаров еді, ол кісі аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқаратын. Сол тойда біздің үйде М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайлов, Ә.Шәріпов тәрізді белгілі жазушы, ғалымдармен бірге атақты балуан Қажымұқан болған еді. Сонда мына әңгімені менің жұбайым жазушы Әди Шәріпов маған айтып кетіп еді.
- Қажымұқан Семейден Қарауылға жүргелі тұрады. Обкомның сол кездегі бірінші хатшысы Гарагаш дейтін орыс жігіті, өзінің жеңіл машинасын қимады білем, қазіргі автоклуб типтес жартылай жабық машинаны ұсынады. Қажекең шамданып қалады.
– Мен бұған көрсетемін, – деп есіктен шығып кетеді. Есік алдында әлгі жартылай жабық машина тұр екен. Шофер кабина есігін ашады, Қажекең бар (200 келіге жуық) салмағымен отыра кетеді. Машина жүрмейді. Шофер байқап қараса көліктің рессоры сынып кетіпті. Қажекеңнің «көрсетейін» деген сөзін сонда ғана қасындағылар ұғыпты.
Атақты балуанды жаяулатып жіберуге болмайды, бірінші хатшы еріксіз өз машинасын берген көрінеді.
Күрес жарысына Қажымұқан шығады деп ешкім ойламаған болу керек. Бірақ Қажымұқан күрес алаңына шығады. Қажекеңе қарсы ешкім шықпайды. Бас жүлдеден үміткер Дәуленбай Әбікенов деген балуан тиесілі түйесін жетектеп әкеліп күш атасына табыстайды. Әлем чемпионы оған ақ батасын береді.
Қажекеңді ертіп жүрген Әди Шәріпов енді балуанды Семейге апарып, пойызға отырғызып жіберемін деп тұрғанда, қара күш иесіне тағы бір ой келеді.
– Әй, Шәріп (ол Әдиді осылай атайтын) ауданның бірінші хатшысы Халитовтың үйіне кіре шығайық, – дейді Қажымұқан.
Олар барғанда Халитовтар отбасы түскі асқа отырғалы жатыр екен. Қажекең үйіне кірісімен, бірден үстел басына отырып:
– Әй, Халитов, ұлтың татар болған соң білмейтін шығарсың. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем береді» деген мақал бар. Мен Қарауылда үш күн жатқанда сәлем беруге жарамадың ғой. Сондықтан өзім келдім.
Халитов қып-қызыл болып кетеді.
– Қажеке, шаруадан қол тимей... шөптің, қыстамаға дайындықтың уақыты – деп сылтау айта бастайды.
– Кеттік Шәріп!- деп Қажымұқан үйден шыға жөнеледі.
Балуанның жөн білмейтін хатшыны осылай өлтіре ұялтқаны бар. Расымен, Халитов тойға байланысты барлық шаруаны менің әкем Ж.Мыңжасаровқа жүктеп қойып, өзі араласқан жоқ, –деп сөзін түйіндеді Клара Мынжасарова.
Иә, сонымен Абайдың 100 жылдық тойы дүркіреп өтті. Соғыстан кейінгі ауыр кезең болса да, сый-сияпат мол үлестірілді дейді көнекөз қариялар мен ақжаулықты әжелер.

Малгаждар Жүнісжанов,

Семейдің облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының филиал меңгерушісі
Қарауыл ауылы, Абай ауданы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста