Алматы қаласындағы қазақ мемлекеттік циркі пандемиялық жағдайға орай ұзақ карантиндік үзілістен соң «Hello Circus» бағдарламасымен көрерменге есігін қайтадан айқара ашты. Қазақ халқының мақтанышы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай ұсынылып отырған бағдарламада күштік атлеттер, эквилибристер мен әуе гимнастарының өнеріне басымдық берілген.
Сондай-ақ цирк өнерпаздары тілін тапқан түрлі жануарлар мен көзді арбап санаулы секундтар ішінде бірнеше көйлек ауыстырып киген сиқыршы Ләззат Байтоқанованың өнеріне көпшілік тәнтті болды. Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебай «бір жарым жылдан бергі демалыс болған кезде де ешқандай қызметкерлеріміз қарап жатқан жоқ. Өйткені цирк артисінің өмірі спорт сияқты. Күнде ширатылып, тартылған резеңікедей болып, дайындығы, күштілігі болмаса, ол өз формасын жоғалтып алады. Сондықтан артистердің барлығы бір жарым жылдың ішінде қатаң карантин болған кезде де үйлерінде дайындалды. Мықты дайындықтың нәтижесі көз алдарыңызда», – дейді сенімділікпен.
Күш атасы Қажымұқанның ізін жалғап, халықаралық аренада жетістікке жетіп жүрген атлет Тимур Сыпатаев та алғаш рет қала тұрғындарының алдында өнер көрсетті. Осыған дейін 400 келілік түйені көтеріп, рекорд орнатқан атлет алдағы уақытта түрлі рекордтарды мақсат етіп отырғанын жасырмады.
«Атамыздың 150 жылдығына орай, арнайы шақырылып келіп жатырмыз. Қаншама темірлерді майыстыру, атамыздың жасаған трюктары көп. Сондықтан бір ай бойы аталарымыздың салған сара жолын ұрпақ болып жалғастыру біздің парызымыз», – дейді Қазақ мемлекеттік циркінің әртісі. 15 тамызға дейін көрермендерін таң қалдыруды көздеп отырған қазақ мемлекеттік циркі көрерменін күтеді.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ