Тілеуқабыл Есенбек, «Құсбегі» халықаралық мектеп-орталығының директоры, кәсіпкер:
– Тілеуқабыл аға, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ұмытылып бара жатқан бүркітшілік өнерді қайта қолға алып, бабалардан қалған құс салу өнерін жандандырған мамандардың бірі өзіңізсіз. Жалпы, осы өнерді, осы кәсіпті қолға алуыңызға не себеп болды?
– Мен өзім Қарағанды облысында туып-өстім. Балалық шағымның бәрі сонда өтті. Сол кішкене күнімізде туып-өскен өлкемдегі Қотырқызыл деген тауда құстас болатын. Әкеммен ылғи ілесіп жүргенімде мынау не деген тас, онда не бар деп сұрайтынмын. Сонда әкем маған онда бүркіттің ұясы бар екенін айтатын. Міне, осындай өлкеде өскендіктен, маған бүркіт құсы, бүркітшілік өнері жақын болып кеткен шығар. Әрине, ол кезде бүркітші боламын деп ойлаған жоқпын, бірақ әлгі жақындық түбі мені осы өнерге алып келді деп айтуға болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасы ғана емес, қазақ мәдениеті де күйреудің шыңырау шегінде тұрған кез еді. Сонда мен осы бүркітшілік өнерді қолға алуды жөн көрдім. Ол үшін алдымен әкем айтқан құстастағы бүркіттің ұясын тауып алдым. Осылайша, бүркітшілік өнерді әрі қарай дамыта бердім. Қазіргі күні Қарағандыдағы бүркітшілердің барлығы менің шәкірттерім деп айтуыма болады. Себебі мен олардың барлығына өзімнің білгенімді, түйгенімді айтып беріп отырамын. Қай үйде бүркіт, не басқа құс өсіреді дегенді естісем, сол үйге бас сұқпай қоймаймын. Өйткені кейбір құс өсіруді білмейтін адамдар оны өлтіріп қоюы мүмкін. «Қой бағуды білмейтін қуалап жүріп өлтіредінің» кері болмасын деймін.
– «Қой бағуды білмейді» демекші, қазіргі күні әр адам шама келсе, қолда аң, құс асырауды сәнге айналдырып алды немесе оны алып, сатуды кәсіп етіп отырғандар бар. Осы туралы не айтасыз?
– Адам да табиғаттың бір бөлшегіне кіреді. Аң мен құс та – адамдар сияқты табиғаттың ажырамас бір бөлшегі. Өзіңіз айтып отырғандай, қазір шама келсе, құс асырауды сән көретіндер көбейіп кетті. Бұл табиғатқа, әлбетте, зиян келтіреді. Қазір біздің небір бағалы құстарымыз құрып кетіп жатыр. Қызыл кітапқа енгізілгені қаншама! Ал енді оларды сату жағына келер болсақ, мұны істеп жүргендер – Қазақстан мен Ресейге оқуға келіп алып, оқудан шығып кеткен шетел азаматтары. Олар бізде бағалы аң, құстардың бар екенін естіп алады да, оларды ұстап, сату арқылы байлыққа кенелемін деп ойлайды, сөйтіп, табиғатқа зиян келтіреді. Әрине, құстарды ұстағанымен, оларды қымбат бағаға сата алмайды. Оның үстіне кейбір құстарды өлтіріп те алады. Сонымен бірге ауылдың есерлері де қазір осындай қылмыстық істермен айналысатын болды. Құлқынның құлы болғандар пайда табамыз деген оймен бағалы құстарымызды қырып жатыр. Менің ойымша, оларға қатысты жазаны күшейткенде ғана бағалы құстарды сақтап қала аламыз.
– Құс салу өнерін алғаш шоуға айналдырып, елдің қызығушылығын оятқан едіңіз. Сізден кейін бұл шоуды жалғастырып жатқандар бар. Қазір дәстүрге айналған осындай думандарға өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толмайды деп айтуыма да болады. Біздегі құс салу жарысына 20-30 адамды алып барады да, үйдің қоянын аулатады. Бұл деген сұмдық нәрсе ғой! Үйдің қоянын қарақұс та ала алады. Бүркіт деген түлкі сияқты аңдарды бүруі керек. Жақында маған шетелдік бір азаматтар келіп, осыған қатысты наразылықтарын білдіріп кетті. Құс салу өнері қазақтікі болғанымен, оны шын мәнінде басқаларға көрсете алмай отырғанымыз – ұят. Содан соң бізде бүркітті ұядан алады. Ұядан бүркітті еш уақытта алуға болмайды. Мәселен, шоуға біреулер жыл сайын балапан бүркіттер алып келеді. Демек, оның бүркіттері жыл сайын өліп отырады деген сөз. Әсіресе Алматы облысындағы бүркітшілер жарысқа балапан бүркіттерді қосады. Мен өткізген шоудың тәсілі сәл басқашалау еді. Онда біз екі-үш адамды қолдарына құс беріп – батысқа, ендігілерін – шығысқа, келесілерін солтүстікке жіберіп, осылайша, олардың ұстап келген құстарына қарап, баға қоятынбыз. Қазір шоуларды ең болмағанда сол деңгейге жеткізуіміз керек. Бұл шоуды бастаған өзім едім, енді тоқтата алмай жүрмін.
– Жалпы, бүркітшілік өнерді дамытудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Бұрын серілік өнер деген болушы еді ғой. Дәл соның жүйесімен бұл өнерді де дамытуға болады. Ол үшін екі-үш бүркітші болса, оның қасына әншілері, басқа да өнерпаздары болса, ауылдарды аралап, құс салу өнерін насихаттауға болады. Ауылдарда жүріп, құсты қалай қолға ұстайды, қалай шақырады, қалай тамақ береді, қалай жаратады, қалай тұғырға қондырады – соның бәрін көрсету керек.
– Өзіңіздің мектебіңіз туралы айтып кетсеңіз. Қанша шәкірт тәрбиелеп жатырсыз, қандай жаңа өнер үйретіп жатырсыз?
– Жалпы, бүркітшілік деген – бұрыннан келе жатқан өнер түрі. Мәселен, бағзы заманда патшалар бір-біріне бағалы құс беретін дәстүр болған. Құбылай ханда мыңдаған құс болғанын тарихтан оқыдық. Орыстың патшалары да жүздеген құс өсірген. Сондықтан бұл өнер бәріне де ортақ. Бірақ қазіргі күні Батыста құс салу өнері алға озып отыр. Мұны неге айтып отырмын? Себебі қазір бізде бұл өнерді шын үйренгісі келетіндер аз. Мәселен, 10 мың адам бұл өнерді үйренгісі келсе, соның 50-і үйренемін деп шешеді, солардың бірақ 10-ы мектепке келіп, ертеңгісін тоғызы кері қайтып кетеді. Сонда өнерді шын үйренгісі келетін бір-ақ адам қалады. Міне, маған келетін шәкірттер де – осы 10 мың адамның біреуі ғана. Біреуге үйретесің, біреумен ғана жұмыс істейсің. Ал, жалпы, жаңа айтып өткенімдей, Қарағандыдағы бүркітшілердің барлығын мен шәкірттерім деп айта аламын. Оларға білгенімді үйретуден жалыққан емеспін.
– Әңгімеңізге рақмет!