Сөз қадірін білген қазақ әзілдің де түбін түсіреді. Бұрынғылар астарлы оймен, уытты әзілмен кез келген келеңсіздікті әшкерелеп, әжуалап отырып-ақ ақиқатты айта білген. Өз ұлтымызға тән осындай ерекше қасиеттеріміз бүгінгі жаһанданған заманда тамырынан ажырап, бағалы құнын жойып бара жатқан жоқ па?
Интернет пен теледидар үстемдік құрған қазіргі кезеңде қандай эфирге назар салсаң да, жеңіл-желпі дүниелер, ойын-сауық бағдарламалар алға озып кетті. Есесіне, интеллектуалдық жобалар жасауда кенжелеп қалғанымыз жасырын емес. Қаптаған әзіл-сықақ театрлары туралы, ондағы талғам мәселесі жөнінде айтудың өзі күлкі тудыратын жағдайға жетті. Осы бір саланың «шекесін қыздырмай» жүргенде, қазақ баласы КВН ойнауға әбден құмартып алды. Ресейліктердің сүйікті бағдарламаларының бірінен саналатын КВН-нің қазақ топырағына келгеніне де аз уақыт болған жоқ. КТК (көңілді тапқырлар клубы) болып басталып, кейін келе «Жайдарман» деген ат қойылып, айдар тағылды. Тіпті мектеп, жоғары оқу орындарын түгел қамтыған бұл әзіл сайысыңыз кейін келе үлкен сахналардан орын алып үлгерді.
Арагідік ұйымдастырылып, эфирде кеңінен насихатталып жатса да, аталмыш бағдарлама қанатын кеңге жая алмай келеді. Сол баяғы бала-шағаның ермегі күйінде қалып отыр. Залда отырған көрермендерге көз салсаңыз, басым бөлігінің көгенкөздер екенін байқайсыз. Теледидар алдына жиылып алатындар да солар. Оның бірден-бір себебі әзілдерінің тым жеңілдігінде жатса керек. Астарсыз, ойсыз қалжыңдары айтылған жерінде қала береді. Қоғамдағы әртүрлі кемшіліктерді сөз етудің орнына, сол баяғы көр-жерді күлкі қылудан аса алмай келеді. Тіпті кезекті бір ойын барысында Жамбыл облысының Шу қаласынан келген «ШуЧу» командасы анашаны насихаттағандай болды. Жергілікті жаргондарына салып, наркоманның тілімен сөйлегенде жағамызды ұстадық. Олар «ұшамыз» деген сайын, біздің зәреміз ұшып бітті. Оны көрген бала не болады? Жирендіретіндей қылып айтса жөн, үйреніңдер дегендей әсер қалдырды. Жарайды, бала балалық қылды дейік, эфирді қадағалап отырған басшылар мен сол КВН-нің өз редакторлары бар емес пе?
Қазіргі қоғамның шындығын бере алмаса, жүрдім-бардым айтыла салатын арзан қалжың мен бәдік тіркестерден тұратын, саяси-әлеуметтік проблемалардың жүгін көтере алатындай қауқары жоқ әзілдің мақсаты жұртты жай әншейін күлдіру ғана ма? Күлдіріп тұрып ойландыратын дүниелер бізде неге аз? Жалпы, осы «Жайдарман» қазаққа керек пе?» деген сұраққа бас ауыртып көрмеппіз. Егер осы сұрақ төтесінен қойылса, «керек деушілердің» де, «керек емес» деушілердің де табылары анық. Және олардың кім екенін де жорамалдау аса қиын емес. Қызғыштай қоритындар – 25 жасқа дейінгі жастар. Ал орда бұзып үлгергендеріңіз қолын бір сілтейтіні анық. 25-ке дейінгі жастардың өзі де толықтай құптай қоймайды. Өйткені олардың ішінде де ақыл тоқтатқан, интеллектісі жоғары, жеңіл әзілді жаны сүймейтін байсалдылары бар. Дәл осы сынды 30 жастан асқандардың ішінде де «Жайдарман» жағына шығатындар аз емес.
Күн сайын командалар саны артып бара жатқан «Жайдарманды» тоқтатайық деп, эфирден бермейік деп айтудан аулақпыз. Бірақ бір қисынсыз жағдайға тоқтам салатын уақыт әлдеқашан жетті.
Алматы қаласындағы мектептердің бірінде ұстаздық қызмет атқаратын бір танысымнан арагідік КВН-ға дайындалып жатырмыз дегенді естіп қалатынмын. Бастапқыда мән бермегенмен, кейін келе ойлана бастадық. Адамның рухани өсуіне ешқандай пайдасы жоқ жеңіл әзілдің ересектерді жаулағаны аздай, енді онсыз да әр сағаты санаулы мектеп оқушыларына ауыз сала бастағаны ма?
Бұл оларға не үшін керек? Қосымша сабақтарынан артылған уақыттары болса, «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны» сияқты тәлімдік, тәрбиелік мәні бар жарыстар ұйымдастырғаны жөн шығар. Бұның басында кім тұр, қайдан бастау алды деген сұрақтармен сол танысымызға хабарласқанда төмендегідей жауап алдық. «Әкімшілікте әдіскерлердің үстінен қарайтын маман тапсырма береді. КВН әр мектептің өзі ішінде өтеді. Одан жеңгендері ауданға жолдама алады. Ауданнан жеңгендері қалалыққа қатысады. Сүйтіп жалғаса береді. Бәрінен жеңіп шыққандары жоғары лигада өнер көрсетеді. Оқушыларға берер түгі жоқ. Мектептегі осындай нәрселерге қарап ішің ашиды. Бірақ біздің қолда тұрған ештеңе жоқ,– дейді танысымыз.
Білім басқармасындағылар осы мәселені таразылап, бір шешімге келер деп ойлаймыз. Жалпы, қазақ КВН-ы жайлы әріптестеріміздің ой-пікірлерін білген едік.
Есен ЕЛЕУКЕН, Қазақстан КВН одағының президенті:
Бүгінгі жұлдыздар – «Жайдарманның» жемісі
– «Жайдарман» не үшін керек» деген мәселеден өтіп кеттік. Өйткені бұл ойынға деген сұраныс бар. Жексенбі күні Қазақстан арнасынан көрсетілетін теленұсқаның рейтингі басқа көптеген бағдарламаның көрсеткішінен анағұрлым жоғары. Маусымашарға келетін командалар саны жыл өткен сайын артып келеді. Залдағы көрермен де әртүрлі. Жасы, әлеуметтік статусы тым бөлек жандар қатар отырып, «Жайдарман» тамашалайды. Демек, мұндай ойынға, тележобаға деген қажеттілік бар. Ол қанағаттандырылуы керек.
Қажеттілік дегенді тек арзан күлкі мен уақытша көңіл көтеруге ұмтылу деп түсінбеуіңізді сұраймын. Ең басты қажеттілік – дарынды жастардың потенциалын көрсетуге мүмкіндік беретін алаң. Менің ойымша, «Жайдарман» осы міндетті абыроймен жүзеге асырып келеді. «Жайдарман» сахнасында шыңдалып, қазіргі күні кәсібиленген театрлар мен телеарналардың басты жұлдызы болып жүрген қыздар мен жігіттер бұл сөзімнің ақиқаттығына куә.
Еліміздің 26 қаласында «Қазақстан КВН одағының» филиалдары мен өкілдіктері жұмыс жасайды. Республикалық деңгейде 9 лига бар. Олар Республикалық Жоғары лига (Астана қаласы), Республикалық премьер лига (Астана қаласы), Республикалық Алматы Ашық лигасы (Алматы қаласы), Республикалық орталық лигалар (Ақтөбе, Қызылорда, Өскемен қалалары), Республикалық аймақтық лигалар (Павлодар, Атырау, Талдықорған қалалары) және де Облыстық ашық лигалар (Қостанай, Петропавл, Тараз, Ақтау қалалары). Бұл лигаларға қатысатын командаларды жыл сайын Астана қаласында өтетін «Маусымашар» фестивалінің қорытындысы бойынша іріктейміз. Ал жергілікті аудандық, қалалық және облыстық біріншіліктерге жергілікті іріктеу ойындарында жолдамалар беріледі. Барлық командалардың әзілдерін республикалық деңгейдегі бес редактор талдап отырады.
Жандос БАЙДІЛДА, журналист:
Зілсіз әзіл әлсіз болады
– Бізде қазақша КВН нашар дейді, орысшасы да оңып тұрған жоқ. Көп әзілдері негізінен анекдоттарға құралады. Бірақ ішінде бірлі-жарымы кеңкілдеп күлуге болмаса да, езу тартуға жарап қалады. Бізде КВН-ге әзіл жазатындар аз, ал әзілді жақсылап ойнап шығатындар да сол маңайда. Масляковтың КВН-іне қатысатын командалар дайын әзілді қымбат бағаға сатып алып, соны жоғары деңгейде ойнап шығады. Қымбат әзіл арзан күлкіге ұласпайды. Бары сол ғана... Ал біздегі «Шымкентте былай, Алматыда былай», «тойдағы қазақ» дейтін әзілдер жалықтырады. Дамыса дамып жатқан шығар, бірақ жаңа биікке көтерілген жоқ.
Қымбат, зілді, ойландыратын әзілдер көбіне сауатты адамдардың аузынан шығып жатады. Ал бір кітапты тауыспай, әзілдің ауылынан табыла қалам деген желөкпелердің не берері бар?! Әзіл көбейсін, күлкі қазаққа артық етпейді. Қазір Қазақстанның әр мектебінен домбыра тартатын бір қазақ шықпаса да, КВН ойнайтын бір топ бала табылады. Бірақ қазақтың КВН-ы өнер деуге келмейді. Әзіл жас талғамай, жалпыға бірдей айтылуы тиіс. Ал жалпыға ортақ әзіл айтуға олардың шамасы жете ме?! Сарказм жоқ. Осылай деп сөксеңіз, «сарказм орыс тілінде жеткізгенге ыңғайлы, қазақ тілінде ешкім ұқпайды» деген жауап аласыз. Сарказм болмаса, оның несі әзіл? Одан да анекдот айтып жүре бермейміз бе.
Қазіргі жастар көп еліктейді, өз ойларын ашық жеткізе алмайды. Еліктеп-солықтап, айтқан әзілінің астарын (астарлы болса, әрине) өзі түсінбей тұрса, одан қандай әзіл шығады. Қазақтың бәрі – әзілкеш, бірақ соны көпшілік алдына алып шығып, шебер орындайтын адам жоқ. Ол үшін КВН мектебін қалыптастыру керек демес ем. Бізге одан бөлек те қалыптастыруға тиіс мектептер бар. Жақында мектеп жасындағылардан құралған 2 мыңға жуық КВН команда бар деген ақпар тарады. Мейлің, ол 200 болса да артық.
Қазаққа КВН керек емес деуден де аулақпыз. Бірақ әр мектептен бір КВН командасы шығуы керек деп талап қою артық. Қазір республикалықтан бұрын, аймақтық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейде іріктеу жүреді екен. Оның бәріне қаражат кетеді. Уақыт кетеді. КВН-шы деген мамандық емес, сондықтан болашағы жоқ. Ал оған жастарды әуестендіре беру қаншалықты қисынды, ойланыңызшы.
Серікбол ХАСАН, ақын, «Ұлан» газетінің бас редакторының орынбасары:
Сөйлеу мен жазуға үйретеді
– Балаға үйдегі, мектептегі тәрбие қазір аздық етеді. Қазір осылардың қатарына тағы бір мектеп қосылды. Қоғам деген. Көп жағдайда балаларды осы қоғамдық орта бұзып жіберіп жатыр. Абай атам айтады ғой: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дейді. Мұндайлар не үйдегі, не мектептегі тәрбиеге көнбейді. Сосын келіп түзде тәрбиеленеді. Шынында да, байқасаңыз, түрлі құқықбұзушылыққа, қылмыстарға көбіне осы уақыты бос балалар жиі ұрынып жатады. Ал керісінше, түске дейін сабағына барып, түстен кейін түрлі үйірмелерге қатысатын балалар көп жағдайда, түрлі өнерге бейім, ғылым-білімге әуес, болмаса спортқа құмар болып өседі. Сол сияқты бос уақытты тиімді пайдаланудың бір түрі – осы КВН.
Ойнай жүріп, тіл үйренеді. Сөйлеу мәнері қалыптасады. Өзін сахнада көрсете біледі. Бұдан былай жасқаншақ болмайды. Ел алдына өзін қалай ұстау керектігін білетін болады. Тағы бір пайдасы КВН-ге сценарий жазу арқылы да қаламы ұшталады. Кім біледі, кейін одан жақсы сатирик шығып қалар. КВН ойнай жүріп, актерлік қабілетін де көрсетуі мүмкін. Әйтпесе бізде қаншама балалар өнерлерін іштерінде өлтіріп жүр. Сондықтан, барлық бала жетістікке жету үшін бір нәрсемен айналысу керек.
Әрине, КВН-ның әзілі біреулер үшін әлсіз, мәнсіз болуы мүмкін. Бірақ қазір Тұрсынбекті танымайтын бала жоқ. Соған еліктейтіндер де бар. Бәлкім, сол еліктеушілер арасынан болашақ Тұрсынбектер шығып қалар, кім біледі?!
Қазақы сын-сықақтың салмағы неге жеңілдеп кетті?
Последние статьи автора