Қазақтың Жамалына арналды
Биыл қазақ өнерінің майталмандары: күміс көмей әнші Күләш Байсейітова, мың бұралған биші Шара Жиенқұлова және қайталанбас ғажап дауыс иесі Жамал Омарованың туғанына 100 жыл толуын күллі қазақ халқы құрметпен атап өтті.
Қазақстанның барлық өңірінде жүргізіліп жатқан іс-шара жалғасын тауып, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Жамал Омарованың балалары, немерелері және шөберелерінің қатысуымен Жамал апаның 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Сахнада қазақтың Жамалы атанған жарқын дауысты әйгілі әнші орындаған әндерді бүгінгі өнерпаздардың орындауында және фонограмма арқылы әншінің өзі шырқаған «Алтай», «Ұстазым», «Бөбегім», «Бипыл» сияқты әндері кезек-кезек орындалып отырды. Кешке жиналған, әншінің көзін көрген, өнеріне тәнті болған зиялы қауым өкілдері ешкімге ұқсамайтын ерекше үнді Жамалмен қайта қауышқандай болса, жастар асқан риза сезіммен қабыл алғаны анық.
Жұпар ОМАРОВА, әншінің қызы:
– Жастайынан тұрмыс тауқыметі басына түскен анам іс тігіп, нан пісіріп, оны сатып, әртүрлі жұмыстар істеп ер жеткен екен. Қиындықты көп көргендіктен балаларын да қатал тәрбиеледі, өте талапшыл еді. Анам М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Күдерин, Д.Нұрпейісовалармен достық қарым-қатынаста болды. Жүрегі жұмсақ, біреуге қол ұшын беруге әрқашан дайын тұратын. Мені кішкентай кезімде гастрольға бірге алып жүретін және ылғи да «Бөбегім» әнін орындайтын. Сол ән маған арнап жазылғандай, жүрекке жылы, жаныма жақын мен үшін.