Қазақтың тойы ұлттық дәстүрден алшақтап барады...

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қазақ – ежелден тойшыл халық. Содан ба екен, «шілдехана, бесік той, қыз ұзату, сүндет той... а-ай, шіркін-ай» деп қойып, бірінен кейін бірі басталып жүре беретін шаңырақ қуанышын үсті-үстіне еселеп, дүркіреген тойға айналдыруға құмар келеміз.
Әрине, ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттың басын қосып, жақсылықты жа­рия еткен жақсы-ақ. Қазір кез келген үйдің төрінде күнде думан болмаса да жылдың екі-үш айында атап өтуге әбден лайықты қызық-қуаныштар табылып жатады. Бірақ соңғы жылдарда байқала бастаған бір құбылыс – қазақ қай тойында болсын, өзі­нің ұлттық болмысын танытатын салт-дәс­түр, жөн-жоралғысын көрсетуден гөрі, қазақтыққа үш қайнаса сорпасы қосыл­май­тын қайдағы бір әдеттерді енгізе бас­тады. Әсіресе үйлену тойы мен қыз ұзату мұндай дәстүр «жаңашылдығына» әбден малынып тұр.
Бірде жиеніміздің үйлену тойына бар­дық. Әдеттегідей алдымен екі жақтың ата-аналары, үлкендері сөз алып, бір-бірімен құдандалы болып жатқанына қуанышты екендігін білдіріп, тілек айтып, төс қағыстырып, бір дүрілдеп өткеннен кейін әрі қарай той барысы өз ретімен жалғасып, отбасына «жақсылық, мол бақыт тілеген» бір сарынды тілектер асаба ұсынған микрофоннан толассыз төгіліп жатты. Бір мезетте әкесінің қызымен қоштасуы деген қызықтың куәсі болдық. Бүгінде ұзату тойы сайын айтылатын «Әкеңдей қамқор болар-ау деумен, Тапсырдым сені құдама, қызым» деген жолдары бар ән қалықтап тұрды. Көпшілікпен бірге ортада әкесі қызымен вальс билеп жүр. «Қыздың шешесі қайда екен?» деп барлай қарасам, ол күйеу жігіттің туыс ағасымен вальстің қызығына түсіп кетіпті. Міне, дәстүрдің көкесі! Сонда бұл не тәрбие, не өнеге? Әкесі сәби күнінен аялап өсірген қызына қимастығын осылай вальспен көрсетсе, жастар қай салтымызды жаңғыртпақ?! Бара-бара бұл көрініс салт болып санаға сіңбесе, не қылсын?
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:
– Біздің бүкіл салт-дәстүріміз тойға арналған. Қазақтың өнер сахнасы той болған. Ертеде қазақтар тойға барғанда жақсы-жайсаңдарды көруге, солардың аузынан дуалы әңгіме естуге баратын болған. Қазақстанның әр облысында әртүрлі дәстүр бар. Біз сол салт пен дәстүрді шатастырамыз. Екеуінде де бізге, ұрпаққа керек үлкен өнеге бар.

Тойдың жайын тілге тиек еткенде бір тәубе ететін жайт – қазір «қызып қалып» бір-бірімен байланысып, жаға жыртысып жататындардың қарасы азайған. Әрі тойға келгендердің көбісі арақ-шарап ішуден тартынатындықтан ба, үстел төңкеріп, төбелес іздейтіндердің де төбесі көріне қоймайды. Есесіне, асабаның әзіл-қал­жың­­дарына масайып-масаттанып, ортаға шыққандардың қызықтарын тамашала­ған­ға мәз. Дегенмен әңгіме бүгінгі қазақ­тың тойына қатысты болғандықтан, о бастағы мәселемізге қайта оралайық. Қалыңдықтың туфлиін ұрлау дегенді айт­пай-ақ қояйық, үйлену тойының соңына қарай «гүл лақтыру» деген ырым шықты. Қалыңдық қолындағы бір шоқ гүлін шалқая лақтырып жібергенде артындағы тұрмысқа шықпаған қыз қағып алып, күйеу­ге шыққан әпкесінің я болмаса құрбысының жолын беруді ырым етеді. Қынжылатының – қазақтың оң жақта оты­рып қалған қызы тұрмысқа шығуды арман­дап, той сайын қалыңдықтың арты­на барып тұрса, мұның несі сән? Мұны айтпағанның өзінде ұзатылған қыздың келін болып түскен жақтың өзіне сынай қарайтынын біле тұра, артқа қарай шалқа­йып, гүл лақтырып жатқаны – қай жетіскен тірлік?!
Әсет РАЙЫМБЕКОВ, асаба:
– Менің асаба болып, ел алдына шығып жүргеніме де көп бола қойған жоқ. Бір байқағаным, қазіргі қазақ тойында салт-дәстүрді бұрмалау көп. Заманға лайықтағаны болар. Дабыра мен даңғаза басымдығы да байқалады. Дәстүрге керағар болмашы дүниелерді енгізуге әуестеніп алдық. Туфли ұрлау, торт асату деген сияқты, орыс тойының элементтері еніп кетті.

Той төңірегінде әңгіме де, мәселе де жетеді. Айтпағымыз – қыз ұзатып, сыңсу, келін түсіріп, беташар айтатын қазақтың қазіргі күні ұлттық салт-дәстүрлерінен алшақтап бара жатқаны. Қазақы дәстүр қанатын жаюға тиісті ауылдағы той-думан­ның сиқы осындай болып жатқанда, ас­фальтта туып, ана тілден мақұрым өскен қаладағы қазақтың тойында қайдан ұлттық болмыс сақталсын?! Той дастар­қанынан торт жегеніңе еріксіз мәз болып қайтасың.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста