Қазақтың ер-азаматтары аттан түсе қойған жоқ

Бақыт БЕДЕЛХАН, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

– Бақыт аға, сізді ақын ретінде танимыз. Өмірдегі кейбір келеңсіз жағ­дайларда өшіңізді тек өлеңнен ғана аласыз ба? Жоқ, әлде...
– «Жоқ, әлденің» артындағы әлем бір басқа ғой. Ал өлең дүниесі бір басқа. Жан­таласқан жанкешті тірліктің сұрқай түрін, пенделіктің мың құбылған қызылды-жасылды келбетін ақын көзімен көріп, шын сезіне білсе, қарапайым адам баяғыда-ақ инфаркт алар еді. Кейде мен де жүгімді жеңіл­детемін. Жеңілдетемін дегенім жауап­кершіліктен қашу дегенім емес. Халықтың рухани қазынасына өзімше үлес қосуға қай салада да қабілетім жетеді дегенім ғой. Драматургия болсын, киносценарий бол­сын, шығармашылық кештер мен концерт­тік бағдарламалар болсын, бәріне, жалпы, барлық іске өлең жазып отырғандай жан-тәніммен кірісемін.
Жаным таза, таза ғой тұмадан да,
Таянышпын, сүйеумін құлағанға.

Қазағымды қаттырақ сүйген
                                                       сайын,

Ұрынам да жүремін ұра жарға...
Мен бәрібір қазақты жақсы көремін ғой.
– Сіз «Атажұрт» бағдарламасының жүргізушісі ретінде әлі де халықтың жадындасыз. Араға уақыт салып енді «Ерлердің ісі бітер ме?» деп экраннан жарқ ете қалдыңыз. Телеарнаға орал­уыңызға не себеп болды?
– Тек «Атажұрт» бағдарламасы ғана емес. «Саят», Алматы арнасында «Шабыт шыңы», «Пікірлер пирамидасы» сынды жо­баларды да жүргізген болатынмын. Ақын ретінде де бірнеше кітабым жарық көрді. Драматургтік қабілетімді де байқап көргенмін. Киносценарий де жазылып, бәрі де көрермен көзайымына айналды. Жалпы, айтары бар адамның қай салада да орны бар деп ойлаймын. Ал телеарнаға келу мәселесі болса, ішімде пәтігім, шығар­машылығымда пәтуа болған соң шақырған шығар. Негізі, талай телеарналардың бет-бейнесін жасап келе жатқан іскер азамат Серік Абас-шахтың ұсынысымен келдім.
– Неге ток-шоудың атауын «Ерлер­дің ісі бітер ме?» деп қойдыңыздар? Бағдарлама идеясының авторы кім?
– Жобаның атына келетін болсақ, бұл – Серік Абас-шахтың өз идеясы. Мен жо­ғарыда айтқандай, «Махамбет» дра­ма­сын жазғанмын. Сондықтан тақырып жа­ны­­ма жақын болып шықты. Өйткені аза­маттық пен ар-намысты, үлкен жауапкер­шілік пен міндетті мойныңа артатындай рухты сөз емес пе? Тақырыбының өзі апыл-тапыл басып жүрген, талай азаматтарды орнынан тақ тұрғызатыны хақ. Бұл ерлер үшін ғана арналған жоба еместігі айтар сөздің астарынан-ақ аңғарылып тұрған жоқ па? Себебі ердің ісі – елдің ісі...
– Сонда бағдарлама қандай мәсе­лелерді қамтиды?
– Тарқатып та, тәпсірлеп те айтуға бо­лады. Бірақ мен сәл ғана жібін ширатып қояйын. Ар жағы түсінікті болар. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі аралықта елдік деңгейде көтерілетін мәселе аз ба? Еріне байланысты елдің бұзылуы, отба­сының, шаңырақтың шайқалуы жоқ дейсіз бе? Бала тәрбиесінен бастап ұлт бірлігі мен тұтастығының туын желбіретуге дейінгі аралықта ер-азаматтардың атқарар ісі аз ба? Осының бәрі «Ерлердің ісі бітер ме?» деген бір сөзге жүк артып тұрғандай көрі­неді маған. Сондықтан ақындық жолда өлең­мен, жырмен жеткізе алмаған тұстарым болса, осы бағдарлама арқылы барша көрер­мендерге ішкі қыжылымды да қоса жеткіземін деген ойдамын. Менің қасым­дағы жүргізуші әріптес інім де осал азамат емес. Талантымен талайды тәнті ет­кен да­рын иесі. Жазушылықта да, ақындықта да әдебиеттен өз қолтаңбасын танытқан Бейбіт Сарыбай.Оның да ойы осыған орайлас деп білемін.
– «Жер шалып, Түркия аспай, Дубай асып, тауар тасымай әйелдердің ісі бітпей жүрген» қоғамның еркектері қандай?
– «Әйелдердің жалаң аяқ жар кешіп, қызыл аяқ қыр кешіп», ой мен қырды ара­лап, алаөкпе тірліктің дорбасын мойнына асынған кезі Тәуелсіздік алғаннан кейінгі нарық заманының салдары болар. Иә, «ол әйелдердің асыраушысы қайда қалды?» дейтін шығарсыз. Нарық – сауда-саттықтың сапырылысып, сарқылдаған қазанынан өліп-талып өз нәпақаңды алу болса, бұл дүние қазақы мінезге жат еді. Ілгеріде бір дүниеңді бұлдап ақысын сұрай қалсаң, «саудаласып сарт болып кеттің бе?» деп есікті сарт еткізіп сыртынан жабатын бір­түрлі намысы бар қазақ едік. Содан болар, еркектерден бұрын бұл тірлікке әйелдер ертерек араласып, тез бейімделіп кетті. Бірте-бірте қарапайым отбасындағы билік те жоғын тауып, жыртығын жамап, үйін үптеп отырған әйелдердің қолына өте бастады. Яғни бардың қолына. «Ерді намыс өлтіреді...» деген бар. Бірақ сасық намыс емес. Шын намысы ояна бастаған кезде ғана еркектер ереуіл атқа ер салды,тірлікке араласты. Қожайындық ету қолында бар адамның ғана қолынан келетін сезінді-ау деймін. Баяғы Түркия мен Дубай асып, Қытай барып қырын тегістеп, ыңыршағы шығып жүрген әйел жолдастар да қазір азайып, отбасының тірлігіне орала баста­ғаны шындық қой. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бар. Біздің халық қазір заманды игерді де, иледі де... Отбасында әйел – алтын қазық, еркек алтын арқау екенін түсінеміз. Дегенмен еркектің аты еркек қой.
– Ел үшін атқа қонатын ерлер қаншалықты көп қазір? Көп болса, неге халықтық мәселелерді күн тәртібіне қоя алмайды?
– Жақсы әйелдің ішінде бесігі мен бала жатады. Жақсы еркектің ішінде ер-тоқымы мен ат жатады. Қазақтың ер-аза­маттары аттан түсе қойған жоқ. Баршылық қой. Ал екінші мәселеге келетін болсақ, ел­дің көшін ертегідей елге айналдырып, ер­теңге бастап бара жатқан бағыт-бағдары­мыз бар. Ха­лықтық мәселені май шаммен қарап отырған Мәслихат, Пар­ламент де­путаттары бар емес пе? Осылар тұрғанда халықтық мәселе шешіл­мей жатқан болса, шиеленіс­кен кейбір мәселелердің түйіні табылмай жатса, солардың ар-ожданына тапсыру керек. Елдік мәселені шешетін азаматтарға да ақырзаман болып кетпесе, жауап беретін кез келер. Көрдің бе, бәрібір ерлерсіз іс бітпейтін сияқты ғой...
– «Ерлердің ісі бітер ме?» деген атына сай бағдарлама өткір мәсе­лелерді қаншалықты көтере алады?
– Кез келген елдің ертеңінің жауапкер­шілігі бүгінінің беліне түседі. Ал бүгінгі азаматтарымыздың ел үшін арқалайтын жүгі белін қайыстырмауы керек қой. «Жұмы­ла көтерген жүк жеңіл» дейді. Күн сайын жан алқымдап келе жатқан жаһан­данумен өкшеңді жерге тигізбейтін өрке­ниеттің алдында бір-біріміздің бетімізге қарап отырған жарамайды ғой. Біз ғана емес, барлық арналар да бұл іске бас қатырып жатқаны мәлім. Елбасымыз анық­тап берген айқын жол тұр. Сол жолда қай­қаңдап шабамыз ба, байпаңдап қала­мыз ба, соның бәрі – сөз құдіреті арқылы ха­лық­­тың өз құдіретін таныту. Аламанға түсе­тін арғымаққа да оны баптар кезде тыйым салатын көп жағдайлар болады. Ол шаң жұтып қалуы үшін емес, арындап алға озып бәйгені алу үшін...
«Тарихта біз ұялатын ештеңе жоқ» деп Елбасымыз айтқандай, ел мүддесі мен мақсат-мұраттарының алдында біраз жүкті иығына артқан бұл жобада біз қорқатындай ештеңе жоқ.
– Қазіргі қазақтың ұлттық мінезі жайлы не айтасыз?
– Қазақтың ұлттық мінезі жайлы мен емес, «Ерлердің ісі бітер ме?» деген жоба айтады. Жоқ болса, қалыптастырады, бар болса, ұлықтайды. Ал жалпы қазақы мінез­ге келсек, қарын аштырар тұстар көп. Менің апам айтпақшы, «ащы шайнаймыз да, жұта береміз»... Ел ішінде де запыраны қайнал­ған, шер-шемені байланған мәселелер жоқ емес, бар ғой. Бүркітшілер бүркітіне қоя жұтқызып жемсауын тазалайтыны бар. Оны көргендер біледі. Жемсауы тазаланған әлгі бүркіт көзі оттай жанып, жадырап шыға келеді екен. Сол сияқты запыраны шайыл­ған, шер-шемені тарқаған адамда талпы­ныс оянады, өмірге деген құштарлық күше­йеді. Осы қасиеттерді ояту – біздің негізгі мақсатымыз. Ал қалғанын «Ерлердің ісі бітер ме?» деген бағдарлама арқылы ба­ғам­дай жатарсыздар.
– Қазіргі қазақ журналистикасының қай тұсы кемшін түсіп жатыр деп ойлайсыз?
– Өткенімізге көз жіберсек, өзегін өкініш өртеген айыркөмей ақындар, әйнеккөмей жыраулар қандай еді... Солардың асқақ рухымен өздерін салыстыра қараса, журналистика, жалпы журналистер өзіне не жетіспейтінін түсінер еді. Қымбат өсектен, бұлды өтіріктен, «түкке тұрғысыз арзан шындықты» аршып алу, қайманаға жеткізу қашан да ардың ісі екенін түсіндіріп жату қажет емес шығар...
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста