1999 жылы Анд тауының шыңынан тас табыт ішінде сол күйі сақталған инк тайпасының соңғы тұяғы 13 жасар қыздың мүрдесі табылған болатын. Арадан 15 жылдай уақыт өткенде бүгін археолог ғалымдар «Мұзды қыз» деп айдар таққан сол қыз өлімінің жұмбағын толықтай шешті. Яғни қыз бала діни наным-сенім бойынша арнайы құрбандыққа шалынған және оны сол үрдіске алдын ала дайындаған болып шықты. Ал бұл ақиқатты қыздың бір тал шашы «айтып» берген, яғни генеология ғылымының жетістігінің арқасында адамзат ендігіде, тіпті өткен ғасырлардың ақиқатын көзбен көріп, қолмен қойғандай біле алады.
Әрине, әлем үшін бұл әлдеқашан ашылып қойған жаңалық, әйтсе де өз тарихын ауызша шежіре арқылы тарқатып келген ұлтымыз үшін бүгінде бір үлкен ғылыми жаңалық ашылғанын айта кетуіміз керек: жаңалық сол – қазақтың осы уақытқа дейін атадан-балаға ауызша таратып келген шежіресі генетикалық мәліметтермен 90-95 пайызға сәйкес келетіні дәлелденді. Күні кеше осы мәселе бойынша SHEJIRE DNA ДНҚ-генеология ғылыми орталығы баспасөз өкілдерінің басын қосты. Ол жерде Жалпы генетика және цитология институтының директоры Ләйла Жансүгірова, антрополог ғалым Оразақ Смағұлов және аталған генеология орталығының директоры Нұрбол Баймұханов, сондай-ақ жас ДНҚ-генеолог Ғабит Байымбетов пен жас тарихшы Жақсылық Сәбитовтер өздерінің ғылыми тұжырымдамаларын жайып салды.
Жалпы, ДНҚ-генеология ғылымның тың, әлі толық қолданысқа еніп үлгермеген саласы деуге болады. Себебі ДНҚ дегеннің не екенін, оны адамзаттың эволюциялық тарихының молекулярлық сағаты ретінде қолдануға болатынын анықтап, алты құрлыққа паш еткен Нобель сыйлығының екі дүркін иегері, ғалым Лайнус Полинг болатын. Ал мұндай ғаламды дүр сілкінткен жаңалық күні кеше, яғни ХХ ғасырдың 60-жылдары ғана ашылған. Содан бері ол жоғарыда айтқандай, медицинада тұқым қуалайтын ауруды анықтауда немесе жаңа туған сәбидің тегін анықтауда, яғни күмән тудырған жағдайда қолданылса, сондай-ақ криминалистикада қылмысты ашу үшін дактилоскопиялық тәсіл ретінде қолданылған. Сондықтан ұлттық тарихта, яғни қазақтардың шығу тегі, географиялық тұрғыда орналасу ерекшелігіне ғылымның бұл тәсілін қолдану – тың жаңалық.
Алғаш рет 2011 жылы антрополог ғалымдарымыз Әбілқайыр ханның сүйегінің жатқан жерін анықтауда осы генеологияға жүгініп, соның арқасында алаш баласы қабірі дәл анықталмай келген ханымен қайта қауышқан болатын.
Алайда популяциялық генетика әлі де болса қазаққа сіңе алмай, ғылымның әр саласында өз орнын таба алмай тұрғанын ашып айтуымыз керек. Ал, негізінде, біздің тарих генеологиялық тұрғыдан зерттеуге аса мұқтаж. Себебі қазақтың еуропалық халықтардан ең үлкен ерекшелігі де сонда. Жазбаша деректері өте аз, бірақ ұрпақтан-ұрпаққа өз тарихын ауызша деректер арқылы жеткізе білгендігінде. Соның басты дәлелі – шежіре. Кеңестік одақ тұсында қазақтың шежіресін ғылым ретінде мойындау былай тұрсын, соған сенген қазаққа күле қарап, оны былайша айтқанда, далбаса деп ашықтан ашық жоққа шығарғаны жасырын емес. Сонда қазақ шежіресін ДНҚ-генеология арқылы зерттеу керек деген тұжырым жасаған антрополог ғалым Оразақ Смағұловты «нәсілшіл, қазақты бөлгісі келетін трайбалист» деп қуғындауға дейін барса керек.
Оразақ СМАҒҰЛОВ, антрополог, тарих ғылымының докторы, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент-мүшесі:
– Мен бүкіл Қазақстан бойынша қазақтардың бет-бейнесі, дене құрылысын зерттеуге көп жылымды арнаған ғалыммын. Екінші жағынан, қан жүйелерін зерттедім, сосын 12-16 жас аралығындағы қазақтардың тұрақты тістерін, сосын алақаны мен тері бедерлерін зерттедім. Бәрі кешенді бағдарлама ғой. Әдейі ғылыми эксперимент үшін және қазақтарды жүзге бөліп зерттедім. Сол үшін мен қудаландым. «Трайбалист» деді. Ал мен, керісінше дәйекті дәлелдемек болғанмын. Және соны дәлелдедім де, нені дейсіз ғой? Не қан құрамы, не тері бедері, тіс құрылысы, жалпы, бар жағынан үш жүздің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ, яғни түбі бір қазақ екенімізді ғылыми тұрғыдан алғаш дәлелдеген мен. Ендеше, біздің «мен ұлы жүз, мен албан, мен найман» деп немесе «біз қазақ деген ұлт болмай тұрып жаралғанбыз» деп бөлінуіміз еш негізсіз, тіпті ақымақгершілік. Қазақ үш жүзге бөлінуі үшін, ең құрығанда қарақалпақ, қырғыздардың деңгейіне жету үшін 17 ғасырдан бастап сол кездегі құрылымы бойынша 300-400 жыл өмір сүруі керек. Сонда ғана рулар мен жүздердің арасында айырмашылық пайда болуы мүмкін. Мен бұл зерттеуімнің нәтижесі жайлы ғылыми жаңалығымды бүгін бірінші рет емес, халықаралық дәрежеде Жапония, Үндістан, Қытай, Түркия, Италия т.б.елдерінде ашық мәлімдеп, олар бір ауыз қарсы дәйек келтіре алмайтын, мұндай ғылыми ақиқатты бірауыздан мойындады. Яғни қазақ деген халықтың өмір сүріп келе жатқанына генетикалық тұрғыдан кемі 40 ғасыр болғанын оларға осы ғылыми жаңалық арқылы мойындаттық.
Әр қазақ өзінің шыққан тегін біледі, ендеше, ДНҚ-генеология ғылымын негізге ала отырып, өз жұмысын бастаған SHEJIRE DNA-ның елге пайдасы не болмақ деген сұрақ туды. Әлде бұл коммерциялық мақсатты көздеген жоба ма деген баспасөз өкілдерінің сауалына осы ғылыми орталық директоры Нұрбол БАЙМҰХАНОВ былайша жауап берді:
– Рас, әр қазақтың өз тегін білетініне дау жоқ. Алайда ғылыми ортада, жалпы, әлемдік ғылымда қазақтың шежіресін – тарихи негізі бар дүние деп, күні бүгінге дейін толықтай мойындамай отырғаны да шындық. Яғни біз қазақтар өзара ғана шежіренің не екенін біліп, оның, расында, тегімізді сақтап тұрған қасиетті тарих екенін білуіміз бүгінгідей өркениет билеген тұста аздық ететін болса керек.
Жауапты осы саланың «майын ішкен» антропог ғалым Оразақ Смағұлов іліп әкетіп, «Қазақ деген халықты мойындағысы келмейтін елдердің барын біз ашып айтуға мәжбүрміз, яғни әлі күнге дейін, тіпті «құжатта ғана болмаса, шын мәнінде, физикалық тұрғыда ондай халық жоқ» деген тұжырым бар. Ал осыны біз 50 жыл, яғни жарты ғасыр талмай жұмыс істеудің арқасында әрең дегенде дәлелдедік, яғни генеология ғылымы, осы ретте, нақты дерекке ғана мойын бұратын, өктемшіл елдердің аузына құм құйды. Тіпті біле білгенге, Еуроцентристік көзқарастың өзі дәл осы ДНҚ-генеологияның алдында ауыз аша алмай қалады, яғни қазақтар шығу тегі жағынан 70 пайыз шығыстық, тек 30 пайыз ғана еуропалық сипатқа ие. Енді біз бұдан да тереңге сүңгиміз, яғни қазақ деген халықтың, әлгінде айтқандай, 40 ғасырдан да ертерек пайда болуы мүмкін екендігін дәлелдеуге тырысамыз. Ал оны бізге «өлгендердің өзі айтады», яғни ғасырлар бұрын қайтыс болса да, аталарымыздың обасы антропология ғылымына қызмет етеді».
Қысқасы...
...Тарихта «мұрағат жасырғанды ДНҚ айтады» деген сөз бар. Ал біз, ашығын айтқанда, архивтен «көңіліміз қалып», өз дерегімізге өзіміз толықтай қол жеткізе алмай отырған елміз. Ендеше, ғылымның осы саласын дұрыс қолданып, дамыта білсек, талай-талай «құпиялардың» кілтін тауып, әлемдік тарихтың алдында мұртымызды балта шаппайтын дәрежеге қол жеткізуіміз әбден мүмкін. Біз бұл арқылы қандай да бір жобаны насихаттауды емес, заманауи озық технологияның көмегімен «генетикалық кодымызды» анықтап, өзіміздің «өзгелерден үйренуші емес, өзгеге үйретуші халық» екенімізді дәлелдегіміз келеді.
Тақырыпқа тұздық
ДНҚ сараптамаға жүгіну арқылы өз тегін біліп қана қоймай, өз ұлтының тарихын зерттеуге атсалысқысы келетін азаматтарға құлаққағыс.Тегіңізді білу, басқаша айтсақ, «биологиялық төлқұжат» құны – 20 мың теңге. Ал әрі қарай сүңги түсемін десеңіз, онда өз еркіңіз. Алайда бұл SHEJIRE DNA тек сонымен ғана айналысып ақша табуды көздейтін жоба деп ұқсаңыз, мықтап қателескеніңіз. Аталған сома сараптама жасаудың шығыны ғана. Ал оның ар жағында ғылыми зерттеуге қосылған үлес өлшеусіз.