Өркениеттің Шығыстан бастау алып, Батысқа ағылғаны бүгінде баршаға аян. Орта ғасырда Азия мен Еуропа елдері Ұлы Жібек жолы арқылы сауда-экономикалық және мәдени байланыстарын жүзеге асырды. Сол тұста Жібек жолының үш мың шақырымын қамтыған қазақ елі аса үлкен аумақтағы орталық мемлекеттердің бірі болды. Сондықтан да Ұлы Жібек жолын зерттеуде Қазақстан зор маңызға ие. Осы орайда 18-19 маусым күндері Алматыда «Жібек жолындағы Қазақстан» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференцияны Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ресей Ғылым академиясының Шығыс қолжазбалары институты және Дуньхуан зерттеулері бойынша халықаралық үйлестіру кеңесі бірлесіп ұйымдастырған еді.
Соңғы он жылда Ұлы Жібек жолының өзектілігі мен оның тарихын зерттеуге деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Мұның басты себебі – қазіргі кезде мемлекеттердің бір-бірімен саяси, экономикалық, мәдени байланыстарын нығайтуда Ұлы Жібек жолының өз маңыздылығын жоғалтпауы. Әсіресе Жібек жолының бойындағы Қазақстан, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Ресей секілді елдер бүгінде Жібек жолының тарихын бүге-шігесіне дейін зерттеп, білуге мүдделі. Аталған елдердің айтулы ғалымдарының қатысуымен өткен үлкен жиында Ұлы Жібек жолының тарихы, оның өркениеттік және мәдени маңызы, Орта Азияның тарихи және археологиялық ескерткіштері, Қазақстан және Орталық Азия жер аумағында ежелгі өркениеттердің іздері, экспедициялар, олардың мұрағаттары мен жинақтары, соңғы зерттеулердің нәтижелері төңірегіндегі мәселелер кеңінен талқыланды.
Жиынды ұйымдастырушылардың айтуынша, қанша ғасыр өтсе де, Ұлы Жібек жолының ашылмаған құпиялары әлі жетіп артылады. Осы тақырып төңірегінде әркімнің көкейінде жүрген сұрақтарға дөп басып жауап беру мүмкін емес. «Өркениеттердің бірі-бірімен байланыс орнатуы – бұл дұрыс. Мәдениеттің үлкен бір бөлігі – дін. Біздің елімізде қазір дәстүрлі діндермен қатар шетелдің идеологиясын насихаттап, басқалардың сойылын соғатын неше түрлі миссионерлік діни ұйымдар да қаптап кетті. Біз осыған жол бермеуіміз керек. Жалпы, саясат, өркениет, дін дегендерді бір-бірімен араластыруға болмайды», – дейді шығыстанушы ғалым Әшірбек Муминов.
Сондай-ақ жиын барысында сөз болған келелі мәселелердің бірі – тарихи, мәдени ескерткіштер. Ұлы Жібек жолынан табылған ескерткіштерде сан жоқ. Заттық ескерткіштердің көбі Қазақстан мен Орталық Азия жерінен табылған екен. Алайда оларды зерттеуде қиындық туғызатын мәселе – олардың ескі тілдерде жазылуы көрінеді. Осы тұрғыда ежелгі тілдерді игеріп, ескерткіштерді зерттеуде сүбелі үлес қосып жүрген қазақстандық ғалымдар өз пікірлерін білдірді.
Әшірбек МУМИНОВ, шығыстанушы:
– Орталық Азиядағы ескі қалашықтардың бірі Дуньхуанда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында табылған ескерткіштердің құрамында құнды қолжазбалар өте көп. Дуньхуан – Ұлы Жібек жолы бойындағы үлкен бекет, дін орталығы болған. Мұнда табылған ескерткіштер 20-дан астам тілде жазылған. Осының өзі бұл жерде көптеген өркениеттер тоғысқанын айғақтайды. Бірақ осы ескерткіштердің көпшілігі, өкінішке қарай, жоғалып кеткен. Тарихын зерттеу өте ауыр. Кезінде Дуньхуандағы заттық дәлелдерді Ресейдің, Ұлыбританияның, Швецияның, басқа да Батыс елдерінің ғалымдары өз елдеріне алып кеткен. Сондықтан бүгінде ескерткіштер дүниежүзінде шашырап жатыр. Ал біздің қазіргі жас ғалымдарымыз осы елдерге барып, өлі тілдерді игеріп, шамалары жеткенше ескерткіштерді зерттеуге тырысып жүр. Қазіргі кезде біздің Шығыстану институтында батыс, шығыс тілдері оқытылады, оларды жақсы игерген мамандар да жоқ емес. Бірақ біз әлемдік өркениетке үлес қосамыз десек, өз елімізде өлі тілдерді де оқытатын бір ғылыми орталық ашудың да уақыты жетті.
Нұрлан КЕНЖАХМЕТ, тарих ғылымының докторы:
— Қазіргі таңда мен Қазақ хандығы кезінде, яғни Шайбани әулеті хандық құрған тұста қытайлар сызған карта бойынша зерттеулер жүргізіп жатырмын. Осы картада Шайбани әулеті құрған мемлекеттің астанасы Тұра қаласы деп көрсетілген. Зерттеушілер осы күнге дейін сол көне қаланың қазіргі қай қала екенін біле алмай келді. Картада Тұра қаласы деген тұсқа «Мұнда басына сәлде орамайтын, балық, қой етін жейтін, қымыз ішетін, егін екпейтін мұсылмандар мекендеген деп ескертпе жазып қойған. Егер Тұраны қазіргі Сығанақ дейін десең, мұнда егін егеді. Зерттей келе, Тұра қазіргі орыс жеріндегі Түмен деген қала деген болжамға тоқтадық. 1428 жылы Әбілхайыр хан осы жерде хандық құрған. Ұлы Жібек жолының бойын мекен еткен халықтардың ішінде көне түріктердің саны аз болса да, басты тізгін солардың қолында болғаны — ақиқат. Бірақ мұны қытайға, басқаларға өз жерімізден табылған деректер арқылы дәлелдеу мүмкін емес. Сондықтан да мен қазір қытайлардың өздері сызған карта арқылы тарихтағы ақиқатты ашуға тырысып жүрмін.
Түйін
Иә, Ұлы Жібек жолы Қазақстан тарихына тікелей қатысты болғандықтан, біз үшін өзімізде жоқ құнды деректерді басқалардан алу, жинақтау, зерттеу жұмыстарына үлесімізді қосу өзіміз үшін қажет. Бұл туралы белгілі ғалым, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Карл Байпақов: «Қазіргі таңда Елбасымыз ежелгі ата-бабамыз жүріп өткен жол арқылы басқа елдермен экономикалық, саяси, мәдени байланыстар орнатуды алға тартып отыр. Бүгінде Жібек жолына қатысты көптеген тарихи мәселелер жетерлік. Осы қордаланған тақырыптарды көршілерімізбен, тарихымыз ортақ елдермен бірлесе шешу керек», – дейді. Дұрыс-ақ, бірақ бізді конференция барысында толғандырған мәселе – жиынның бастан-аяқ ағылшын тілінде өтуі. Тіпті орыс тіліне де зар болып қалдық. Енді біз өз тарихымызды ағылшын тілінде оқимыз ба деген қорқыныш та жоқ емес. Ең болмаса ілеспе аударманың болмауы ұйымдастырушылардың кемшілігі ме, кім білсін, әйтеуір, екі күнге созылған жиында халықаралық тіл үстемдігін тағы бір мойындатты.