Автокөлік жолдарының нашарлығы, ішкі туристік инфрақұрылым мен сервистің мардымсыздығы, жер-су атауларындағы ала-құлалық, ұялы және ғаламдық желінің жоқтығы, жеріміздің аз зерттелуі мен географиялық-туристік әлеуетіміз туралы ақпараттық-насихаттық материалдардың болмауы. «Қазақстан аңыздары» тұңғыш автоэкспедициясы түйген түйткілдер осылай тізбектеліп кете береді. Экспедиция мүшелері жол талғамайтын көліктермен еліміздің аумағын түгел айналып шығып, 10 мың шақырым жүріп өткен болатын. Үлкен саяхат журналистік байыптаулардың негізінде қазақ жерінің туристік мүмкіндігінің қаншалықты екеніне көз жеткізді.
Туризм төңірегіндегі түйткілдер
Алматыдан шығып, Шарын шатқалында, Жаркентте болған экспедиция 800 шақырымдай жүріп, Алакөл ауданындағы Ақши ауылына аялдады. Жетісу Алатауының солтүстік-шығысындағы түсі мен дәмі әр алуан әсем көлге біз түнде жеттік. «Пеликан» аталатын демалыс орны саяхатшыларды қаздай тізілген әдемі ағаш тұрғынжай – бунгалоларға орналастырды. Мұнда демалуға қажеттінің бәрі бар: асханадағы тағамдар тіл үйіреді, судан құтқару қызметі керек-жарақпен жабдықталған, лашықтар ыңғайлы. Баға тұрғынжайлардың түріне қарай тәулігіне 2300 теңгеден 15400 теңгеге дейін барады. Дәрігерлік көмек, кітапхана мен DVD дискілер тегін, ал велосипед, интернет, массаж бен сауна үшін қосымша ақы төлеуге тура келеді. Шілдеде Алакөлге келуші көп. Демалыс орны ол кезде бір мезгілде 600-дей адамды қабылдай алады. Күз ортасы ауғанына қарамастан, біз суға шомылып көрдік. Толқынды су жып-жылы, ернің бірден тұз татып шыға келеді. Алакөлден аттанған кезде жол бойында экипаждар арасында пікірталас туды. Туристік қызмет сапасы бағаға сай ма? «Қазақстандықтар демалыс орындарынан сапалы қызмет пен жайлылықты талап ете білмейді. Осы бағаға шетелде әлдеқайда жақсы демалып қайтуға болады. Біз мұндай туристік орындарды сынаудың орнына олар қалай қызмет көрсетсе де, көне береміз. Сондай жұмсақтығымыздың кесірінен туризм дамымайды», – дейді kolesa.kz порталының журналисі Евгений Кәрімов. Бірақ көпшілік бұдан да нашар орындар барын айтып, шүкірлік қылуға шақырды. Расымен де, біз Алакөл жағасындағы туристік аймақтың қызмет көрсету мен қолайлылық жағынан әзірше шығыстағы ең озық орын екеніне кейінгі сапарларымызда көз жеткіздік. Ақшиден соң, біз мінген Touareg және Amarok көліктері колоннасы Үшаралға, одан ары еліміздің солтүстік-шығысына қарай жылжыды. Жол ұзарған сайын Тарбағатай жотасының көкжиектен мұнартқан сілемдері бері жақындап келеді. Бұл таулар ежелгі дәуірлерде жанартаулардың атқылауынан пайда болған деседі. Тарихи тағдыр бұл өңірлерді қазақтың атажұрты, сыртқы жаудың көз құрты етті. Тұтас бір кезеңге созылған қазақ-жоңғар шайқастары осында өтті. Алакөл мен Марқакөлдің аралығында, Үржардан Күршімге дейінгі жоталарда Ер Қабанбай бастаған әскердің ізі қалған. Жол бойындағы беймәлім көне мазарлар жаугершілік заманның талай құпиясын бүгіп жатыр. Сонымен бірге, бұл дала әйгілі Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ғашықтық хикаясын да туғызған болатын. Бір биікке шыққанда Жабағы аталатын қорым кездесті. Тарихшылар мұны жоңғар шапқыншылығы кезеңінде қаза болған қазақ батырларының бауырласа жерленген зираты дейді. Тарбағатай ауданының Ырғызбай ауылдық округінің орталығы – Жантекейге жақындаған кезде экспедиция мүшелері өңірге белгілі халық емшісі, атақты әулие, көріпкел Ырғызбай Досқанаұлы жайлы аңыздар айта бастады. Бірақ уақыттың тығыздығынан тас жолдан 25 шақырым қиыста жатқан әулиенің басына бара алмадық, есесіне, көп ұзамай колоннаның үш бірдей көлігінің дөңгелегі тегіс жолда жарылып қалды. Осыдан кейін аруаққа Құран бағышталып, соңғы технологияның көмегімен дөңгелектердің тесігі әп-сәтте бітелді, жол жалғасты. Біз бұл маңнан өтіп бара жатып, екі жыл бұрын болған су тасқынын еске алдық. Қар кетпей жатып, Тарбағатай және басқа аудандардың аумағын топан басқан еді. Күні бойы 740 шақырым жүрген біз кешкісін Жайсаң қаласында болдық. Біз Зайсан атайтын қаланы географтар Жайсаң деп атауды ұсынып отыр. 90-жылдардағы зілзаладан кейін адам танымастай көріктендірілген шағын қала абаттығы жөнінен кез келген облыс орталығына бергісіз. Қала көшелері мұнтаздай, гүлге толы алаңдар көп. Құмыра ұстаған әйел, асауға құрық салған бала, басқа да алуан түрлі мүсіндер қалаға одан сайын шырай беріп тұр. Жайсаңның өз «Бәйтерегі» мен өз «Қазақ елі» монументі бар. Шағын қаланың ең керемет сәулет ескерткіштері – екі ғасыр бойы сақталған ғимараттары. 22 жыл бұрынғы жер сілкінісін естен шығармау үшін зақымданған қалпы сақталған нысандар да қала жұртшылығының тарихқа құрметі ерекше екенін білдіреді. Бір көңіліміз толмағаны – қонақүйдегі сервис. Ең тәуір делінген мейманханада бір кісілік нөмірдің құны – тәулігіне 4000 теңге, бірақ көрсетілетін қызметті соған сай келеді деу қиын. Нөмірлерде жуынатын себезгі жоқ, әр кереуеттің басына электр шырағдандар орнатылмаған. Ең сорақысы, дәретхана бүкіл нөмірге ортақ – бірінші қабатта.
Мәрмәрдан – Марқакөлге
Жайсаңнан шығып, Қара Ертісті кешкен соң, Боран елді мекені арқылы Алтайдың қақпасы саналатын Мәрмәр асуына жол тарттық. Бұған дейін бірнеше рет халықаралық автошеруге, раллилерге қатысқан тәжірибелі жүргізушілеріміз алыс жолда көлік басқару мен қауіпсіздіктің ережелерін пысықтап келеді. Экспедиция туралы фотоальбомдар мен бейнефильм түсіретін мамандарға саппен жүрудің әдемі үлгілері де жиі‑жиі көрсетілуде. Зайсан, Күршім аудандарында жұрт жергілікті жолдарға қосалқы орындығы алынған ескі мотоциклдерді мінеді. Аймақтағы жолдардың сапасы нашар, шұрық-тесік. Әр тесігі жамалған жол одан ары кедір-бұдыр боп, көлік атаулыны титықтатады. Автоэкспедиция үшін әдейі сайланған Volkswagen-нің су жаңа төтелегіштері бұл жолға мыңқ етпейді, дегенмен сапар жайлы болуы үшін жүргізушілер тас жолдан топырақты қара жолға түсіп отырды. Біз осы қарқынмен қазақ-қытай шекаралас ауданынан өттік. Ұялы телефондарымызда қытайлық байланыстың түрлері пайда болды. Көрші елдің аумағында жоталары мұнартқан әдемі құм тау жатса, біздің жақта – мәрмәрлі, шүйгін шөпті жал-жал қыраттар. «Көрдіңдер ме, жеріміз қандай! Қытайлар біздің осы аумағымызға қызыға қарайды», – деді жүргізушіміз Владимир Феклин. Шекаралық аумақтағы өткізу тұрағына құжаттарымызды көрсеткеннен кейін Мәрмәр асуына көтерілдік. Патшалы Ресей заманында австриялық тұтқындар салған бұралаң жолмен биіктеп келе жатқан кезде, ұлттық географиямыздың бір мәселесі алдымыздан шықты. Біздің навигациялық картамызда шығыстағы теңіз деңгейінен жүздеген, мыңдаған шақырым биік нүктелер белгіленгенімен, олардың атауы болмай шықты. Географтар мұның себебі жеріміздің аз зерттелгенінен дейді. Теңіз деңгейінен биіктігі дөңгелек цифрлармен өлшенетін мұндай нүктелердің атауы болмағандықтан, табиғаты ерекше тауларды көпшілік білмей, туристер үшін беймәлім күйде қалып келеді. «Туризмді дамыту үшін жер-су атауларына қатысты ақпараттардың нақты болуы мен насихатталуы маңызды. Елімізде ономастикалық атауларымыздың ала-құла екені рас. Теңіз деңгейінен пәлен метр биіктікте деп белгіленген, бірақ атауы жоқ нүктелерге осы автоэкспедиция мүшелерінің өзі атау бере алады. Бірақ ол үшін тиісті негіздемелерді әзірлеу керек. Айталық, бір биіктікті экспедицияның құрметіне «Қазақстан аңызы» деп атауға да болады. Сапар аяқталған соң, Қазақ географиялық қоғамы бұл жөнінде қажетті құжат даярламақ», – дейді автоэкспедицияның ғылыми жетекшісі, география ғылымының докторы, Орденбек Мазбаев. Мәрмәр асуында сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес әсем көрініске куә болдық та, бірден фотосессияға кірістік. Тұнық салқын ауа мен тентек жел жабайы мәрмәр тастарға құдірет бітіргендей. Тау жолымен томар тиеген жүк көліктері өтіп жатыр, шопырлар бізге немқұрайды қарамай, жылы жүзбен қол бұлғады. Олар өздерінің «Қазақстан аңыздары» атты деректі фильмнің кадрларына іліккенін сезген де жоқ. Бойына қылқанжапырақты қалың ағаш біткен биік жарлар мен көне австриялық жол бізді 30 шақты өзен құйып жатқан Марқакөлдің жағасындағы Ұранқай ауылына әкелді. «Урунхай» сөзі Алтай халықтарының тілінде «түнгі жылы жел» дегенді білдіреді екен. Жергілікті қазақтар ауылдың атауы «ұрын келу» салтымен де байланысты пайда болған деседі. Оңтүстік Алтайдың қазаншұңқырындағы гауһар көлде – күзгі құс базары. Ұранқай нағыз орыс деревнясын еске салады. Іргесін тастан емес, бағаналардан тұрғызған ағаш баспаналарда 400-дей түтін тұрады. Теңдесі жоқ туристік елді мекенде халықтың саны көбейіп келеді. Балалардың қатары өсіп жатыр. Әзірше ауылдағы орталау мектептің кейбір сыныптарында алты-ақ бала оқығанымен, келешекте жағдайдың басқаша болатын түрі бар. Ұранқайлықтарда не керектің бәрі бар: отын мен су да, мал мен құс, балық та, тіпті, уылдырық та. Алты дүкен, бір мәдениет үйі, Beeline байланысы бар.
Роман БУЕНКОВ, Ұранқай ауылының тұрғыны:
– Марқакөлге әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар тынығуға келіп жатады. Күз кезінде балық аулаушылар көбейеді. Ұранқайдың қысы қатты, жол жабылып қалады. Адам бойынан асатын қарға қарамастан, туристердің санында есеп болмайды, жазда екібастан қонақ көп. Біз қонақжаймыз. Тек бір кемшілік, ауылда жастарға арналған көңіл көтеру орындары жоқ.
Марқакөлдің жағасына кәсіпкерлер көңіл бөлсе екен деп ойладық. Тегіс жол салынса, туристерді қабылдайтын қазіргі заманғы жайлы орындар болса, мейрамхана бизнесі дамыса дегендей. Бірақ жергілікті тұрғындардың бірқатары бұл өңірдің сол табиғи қалпы қала бергенін қалайды.
Қарақопа көпірі жаңаланды
1450 метрлік биіктіктегі елді мекенде маздай жанған пеш түбінде ұйықтап тұрған соң, таң ата біздің колонна Қатонқарағай ауданындағы Рахман қайнарын бетке алды. Алатай шатқалымен биікке көтеріле бердік. Бұл екі аралық онша алыс болмағанымен, тау жолы біраз уақыт алады. Оның үстіне, әдемі көріністі суретке, бейнекамераға түсірмей өтуге тағы болмайды. Кезінде тұтқындар салған жолмен жүру оңай емес. Мыңдаған жерден қайнары атқылап жатқан шатқалдың соқпағында қарапайым көліктер өте алмайтын шалшықтар бар, тұрғындар мұндай жерлерге бөрене төсеген. Орыстар «гать» дейтін төсеулермен анау-мынау көлік өте бермейді. Дөңгелегі кептелген көліктің мәңгі қалып қоюы мүмкін, өйткені бұл жерде көмекке келушілер де некен-саяқ. Біздің жол талғамайтын Volkswagen-дерімізде төсеулер салынған шалшыққа сәл бөгеліңкіреуге мәжбүр болды. Шыңғыстай орман шаруашылығына қарасты аумақпен теңіз деңгейінен жоғарылаған сайын табиғат та әдемілене түскен. Жардың іргесінде бастауын мұздықтан алатын Қарақопа ағып жатыр. Тауға көтерілген сайын көне австриялық жол өзенді бес рет кесіп өтеді. Өзен үстіне салынған ағаш көпірлер шұрық-тесік, тақтайлары сынып жатыр. Көліктер сирек келетіндіктен, көптен бері көпір де жөндеу көрмеген. Қазақта сынған көпірді қалпына келтіріп, өзіңнен басқаларға да игілікті іс жасау – сауап. Тамыз айында экспедицияның жолын алдын ала бағдарлаған жүргізуші Владимир осыны ескеріп, серіктерімен бірге Ұранқайдан алып шыққан ағаш тақтайларымен көпірдің қақыраған тұстарын жамады. Колонна қылкөпірлерден қиналыссыз өтті. Енді бұл жаққа келген өзге көлік иелеріне де қауіп төнбейтін болды. Түс кезінде біз Алтайдың бар кереметін бойына жиған Күршім жотасына жеттік. Өзеннің бойына аялдап, ауқаттандық, күннің суығына қарамастан, тас бұлақтың суын іштік. Орденбек аға бізге бұл жердің артықшылықтары жайлы айтып берді: «Алтайдың бұл сілеміндегі өзендер еліміздегі ең таза тау суларының бірі саналады. Мына Қарақопада тек қана тұнық суда тіршілік ететін бахтах балығы өседі. Өзен аңғары керемет, бірақ жабайы туристер бұл өзеннің басты мәселесі болып тұр. Олар демалғаннан кейін айналаны қоқысқа толтырып кетіп жатыр. Осындағы орман шаруашылығы мамандары мен қыдырып келетін қала тұрғындары қоршаған ортаға деген мәдениетті көтеру керек. Жеріміздің ұлан-ғайырына мақтана білеміз, енді соның әрбір бөлшегін көздің қарашығындай қорғауды үйренуі керек». Бұл жерлерді Алтай аюы, марал, бұғы, сілеусін, қасқыр, қабан, түлкі, борсық, саршұнақтар мекендейді. Қылқанжапырақты тоғай ағаштарының иісі мұрын жарады. Әдетте базардан ғана көріп, сатып алатын балқарағай мен сағызқарағайдың жаңғақтары мұнда тегін. Тиіннің тісі тимеген жаңғақтарды жеу үшін колоннадан ажырап, ағаштардың ұшар басына тас кесектеуге тура келді. Алтай сілемдерін адам аяғы аз басқанымен, жол бойы зираттарды да көп кездестірдік. Бұл өлкенің кісіні жерлеу рәсімі де ерекше. Жер асты мәңгілік мұздақ болғандықтан, бұл жақтың халқының кейбірі қабірді бір метр ғана етіп қазады екен. Ал мұздақты жерге мүрдені сағызқарағай бөренесінің ішіне ойып салып жерлейтін көрінеді. Көнеден келе жатқан бұл дәстүр – сүйекті мумиялаудың бір амалы. Дәл осындай салт табиғаты Алтай өңіріне ұқсас Сібірде де бар. Қуғын-сүргін жылдары қайтыс болған адамдардың денесі итжеккеннің жерінде әлі күнге дейін сол қалпы сақтаулы дейді ғалымдар. Жалпы, осы экспедицияның жолында сан алуан зираттарды көрдік. Алматы өңірінде төрт құлақты мұсылман молалары көп болса, шығысқа қарай жылжыған сайын саманнан салынған көне мазарлар, балбалды бейіттер, Тарбағатай жерінде тау кесектерінен қаланған молалар көп. Ал таулы Алтай баурайында халықтың мола, құлпытас салудағы өзіндік дәстүрін байқайсың – қабір үстіне балалар ойнайтын күрке тәрізді конструкция тұрғызады. Бұл қорымдар моңғолдардың сәулеттік салтын да еске салатындай. Осындай ойдың жетегінде келе жатқанда көлігіміздің температураны хабарлайтын құрылғысы сыртта сынап бағанасының 0-ден төмендегенін ескертті. Сіркіреп тұрған жаңбыр қарға ұласып, боран басталып кетті. Биылғы маусымның алғашқы қарын, осылайша, өр Алтайда көрдік.
Қанат АҚЫШЕВ, «Қазақстан аңыздары» автоэкспедициясының жетекшісі, «Mercur Auto» ЖШС бас директоры:
– Экспедицияның басты мақсаттарының бірі – Қазақстанның әсем табиғатын тамашалау еді. Кешелі бері қаншама әдемі жерді көрдік, таңданысымда шек жоқ. Осы көркем жерлерді біздер ғана емес, Қазақстанның барлық тұрғыны да көрсе екен деймін. Сапар барысында алдын ала жоспарламаған жерлерді де барып көріп жатырмыз. Қабанбай батыр ауылында батырға арналған жаңа мемориалдық кешеннің ашылуына куә болдық. Мұның бәрі біз үшін қызықты. Алыс та ауыр жолға сынау үшін мінген машиналарымыз да жақсы жағынан көзге түсіп жатыр. Тіл-көзден сақтасын, жол бойы ешқандай ірі ақаулар болмады.
Қазақстан, Ресей, Моңғолия мен Қытайдың шекарасы айқындалатын тұстағы бақылау тұрағынан өтіп, әйгілі қайнарға жақын маңдағы бір биікке көтерілгенде көңіліміз құлазып сала берді – бірер жыл бұрын Ресей жақтан ауып келген өрт ауданы шамамен 30 шаршы шақырым болатын аумақты күл қылыпты. Содан бері табиғат-ана қалпына келмей, қарайған күйі жатыр. Жергілікті православ дінінің өкілдері апат қайталанбасын деп, сол маңға шағын ғибадат орнын салған. 12 сағаттай жүріп, біз Рахман қайнарына келдік. Теңіз деңгейінен 1750 метр биіктіктегі көлдің жағасына ірі сауықтыру орталығы орналасыпты. Таудың қазаншұңқырындағы терең тектоникалық жырықтардан жып-жылы су шығып жатыр. Шығыс жұрты Рахман көлінің шипасы барын ертеден білген. Аңыз бойынша, Рахман атты аңшы бұл маңнан бір елік атып алмақ болады. Шиті мылтықтың оғы дәл тигенімен, аң жаралы күйі қашып кетеді. Келесі күні оқ тиген елік тағы қолға түспейді, тіпті жарасын да ауырсынбайды. Аңшы мұның сырына үңіліп, ақыры тұнық көлдің суының емдік қасиеті барын ұғады. Арада бірнеше жыл өткенде ғалымдар Рахман қайнары аталып кеткен көл маңының көмірқышқыл, радон, натрий, калий мен гидрокарбонатқа толы екенін анықтады. Бүгінде мұнда онкологиялық, гинекологиялық аурулар, жүйке, буын мен тынысалу жүйесі сырқаттары бойынша ем беретін шипажай жұмыс істейді. Расын айту керек, шетелдіктер «Қазақстанның інжуі» атайтын бұл өңірді отандастарымыздың көпшілігі біле бермейді. Насихаты аз, туристік инфрақұрылымы әлі де көп нәрсені қажет етеді, есесіне баға қымбат. Мәселенің екінші жағы – туризмнің ірі орталығы ретінде дамыта түсумен бірге бұл жердің бұла табиғатының адам факторы есебінен бүлінбеуі де ескерілуі керек.
Мұзтаудың жұмбағы
Балығы шоршыған, қарағайда тиіні ойнаған Рахман қайнарының шипасын сезінген соң, біз келесі күні келген ауыр жолымызбен Қатонқарағай даласына дейін жүріп, одан ары Зырян, Серебрянка, Өскемен қалаларынан өтіп, Сібе көлдеріне тарттық. Тәңірі қазақ жеріне ғана берген көрікті Қатонқарағайда кешегі қардың бәрі түгел еріп, табиғат тұнық шыққа бөленіпті. Дәл осы кезде он машина ішіндегі жұрт рациямен жаратылыстың кереметтері жайлы әңгіме өрбітті. Біз келе жатқан жолдың бір биік нүктесінен Алтайдың Белуха немесе Мұзтау шыңы менмұндалайды екен. Бірақ бұл үшбасты ақ шың кез келген адамға байқала бермейтін көрінеді. Қасиетті Мұзтау ақиқаттың жолына түскен, дүниеден баз кешкен, нәпсіден арылған адамға ғана басын ашады деген түсінік бар. Тибет тақуаларының өзі «періште емеспін» деп, Мұзтау шыңына көз салмауға тырысқан. Ал Белуха көзіне кездейсоқ шалынған адамның сол сәтте тілегені орындалады екен. Ел аузында осыдан бірнеше жыл бұрын бұл жерге келіп, Мұзтауды көрген бір дәулетті азаматтың бүкіл дүниесін, отбасын ұмытып, тау үңгірлерінде мәңгі қалуға ұйғарғаны туралы да аңыз бар. Айтылған аңыздардың қайсысының да ақиқатқа бір қатысы бар сияқты. Өйткені Қатонқарағайдың дәл осы биігіне буддизм мен индуизмде, басқа да ілімдерде айтылатын мифтік жерұйық – Шамбаланы табуды көздеген бірнеше экспедиция келіп кеткен. Дүние атаулыдан оқшау, пендеауи тілектен ада қала адамның көзіне түскен-түспегені беймәлім, бірақ осы өңірдің сырына үңілген адамдардың қоғамнан бөлектеп, өзгеше ақиқатты тапқаны анық көрінеді. Біздің арамызда Мұзтау шыңына көз салып, тілек тілегісі келгендер көп болды. Бірақ пенделікті сүймейтін қасиетті тау ақ мұнарға жасырынып, көрінбей қойды. Есесіне, Қатонқарағайдың май құю бекетінде тұрғанда шаңырақ құрып жатқан жергілікті жастардың қуанышына ортақтастық. Жас жұбайлар – Әмір мен Арай мінген көлік те бекетке аялдаған екен. Экспедицияның ғылыми жетекшісі Орденбек Мазбаев бақытты жастарға батасын беріп, мәңгілік жарасымды ғұмыр тіледі. Әмір мен Арайдың, жолдас-жораларының бұл сәті автоэкспедицияның фото-бейнеқорында сақталатын болады. Бұдан соң кенді Алтайдың тас жолдарымен сырғи отырып, Бұқтырманы басып өтіп, ымыртта Сібе көлдеріне жеттік. Кезінде Қытайдың сібе халықтары мекендеген, кейін атажұрт қожайыны – қазаққа қайтарылған тағы бір ғажайып жер – Абылайкет тауының баурайы. Миллиондаған жыл бұрын лавалардың атқылауынан мұндағы тау жыныстары ерекше болып біткен. Қазақ-жоңғар соғыстарындағы Абылайдың (қай Абылай екені нақтыланбаған) бір ерлігінің құрметіне хан есімімен аталып кеткен таудың қазаншұңқырында – бірқазаны шулаған мөлдір көл. Суық өңменнен өтеді. Біз «Үлбі» аталатын демалыс базасына келіп, қолда бар азықпен ауқаттанған соң, ертесіне боз ала таңда тұратындықтан, ағаш үйлердегі керуеттерге ұйықтауға арналған қапшыққа кіріп, жата кеттік.
Жидебай – жердің кіндігі
Ойраттар мен сібелер бұл өңірді қазақтар Ресейге қосылғаннан кейін ғана тастапты. Патшалы Ресей әскері гранит жартастардан тұратын биік таудағы лама мекендерін талқандаған. Будда монастырінің қына мен мүк басқан орны, көне храм мен кітапхана қалдықтары әлі жатыр. Дәу қойтастары баспалдақ тәрізді болып биіктей беретін бұл жермен экспедиция мүшелері ғана емес, біздің көліктердің өзі де өрмелеп көрді. Таудың етегі – түгін тартсаң, майы шығатын жер. Сайын даланың жолсызын таптауға қимайсың. Бұл өңірлерде Қызыл кітапқа енген шұғынық деген өсімдік өседі. Тамырының мың ауруға ем болатын қасиеті бар екен. Жергілікті жұрт оны теріп, ақшаға Қытайға асыратын көрінеді. Бірақ соңғы жылдары бұл заңсыздыққа жол бермеу үшін қатаң бақылау қойылған. Бұл өлке бізді тағы да аңыздарға жетелейді. Колонна жағалап келе жатқан Арқат тауы тізбегінің атауы Қозы Көрпештің арық тұлпарының құрметіне қойылған дейді. Біз Қалбатауға жеткенде Новосібір – Алматы бағыты бойынша автошеруге шыққан ресейлік саяхатшыларды кездестірдік. «Жібек жолын жаңғыртып жүрміз» дейді олар. Бұл күні біз көліктен түспедік десек болады. Жүздеген шақырым жүріп, ұлы Абайдың туып-өскен жері – Жидебай қыстағына түс ауа бір аялдадық. Еуразия құрлығының географиялық орталығы саналатын бұл киелі жерге арналған монумент дәл Абайдың мұражай-үйінің есігі алдына қойылған. Данышпан ақын тұрған үй сол қалпы сақталған. Аулада сол заманның ат арбасы мен күймесі қаңтарулы, ас үйдегі тайқазанға жаңа ғана біреу ет асқандай әсер қалдырады, жатын бөлмедегі төсек-орын жаңа ғана жиналып, Абай бірер сәт бұрын жұмыс үстелінен тұрып, сыртқа шығып кеткендей. Бізді мұражай-үйдің қызметкерлері қуанышпен қарсы алды.
Гүлсара СҰЛТАНҚЫЗЫ, Жидебайдағы Абай мұражай-үйінің таныстырушысы:
– Бұл – Абайдың өзі 1895 жылы жобалап, Семейден 30 шебер алдырып, салдырған үйі. Үйдің құрылыс материалдары еш мұрты бұзылмастан, сол күйі тұр. Бұл тастар кезінде Өртең тауынан әкелінген. Абай атамыз інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін әмеңгерлік салт бойынша Еркежанды алып, қыстақтағы осы жаңа үйде тұрды. «Мұндағы жәдігерлердің бәрі қалай осы күнге жеткен» деп таңырқап тұрған боларсыздар. Абай ата 1883 жылы Семейге барып, жергілікті музейге әулетіндегі ұстап тұтқан бұйымдарды өзі тапсырған. Сол себепті көп экспонат жоғалып кетпеді, бүлінбей сақталды.
Жидебайда Абай мен Оспанның, Құнанбай әулетінің басқа да өкілдерінің басына тәу еткен соң, саяхатшылар тоқтамай жүріп отырып, Қарағандыға, одан Астанаға жетті. «Қазақстан аңыздары» автоэкспедициясының алғашқы кезеңі осылай аяқталды. Бұдан соң экспедиция мүшелері Астанадан Атырауға, Атыраудан Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының аумағымен Алматыға оралды. Айта кетейік, бұл саяхатты Қазақ географиялық қоғамы, Volkswagen сауда белгісімен Mercur Auto компаниясы және Kino Park кинотеатрлар желісі бірлесіп ұйымдастырды.