«Сәлем хат!», «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты, ...», «Гүлденген әлем, Алматыдан сәлем!» деп басталатын хаттар ескіргелі қашан? Бүгінгі жас буын ақ қағазға хат жазып, сол хатты пошта арқылы салып та, алып та көрмеген десек болады. Алайда бұл – қазіргі заманның адамдары хат жазуды мүлде қойды деген сөз емес. Тек әдебиеттің жанрына айналған құсни-хаттардың орнын бүгінде қысқа да нұсқа смс-хабарламалар, интернет арқылы жіберілетін хаттар басты. Қазір хат жазсаңыз, бұрынғыдай ақ параққа түрлі сезім, тебіреністерді білдіретін гүл, жүрек, алақанның суретін салып әуре болмайсыз, бар болғаны көңіл-күйді дөп басатын күлегештерді (смайлик), анимациялық роликтерді дәл таңдасаңыз болғаны...
Мереке күндері жақындарыңның, тіпті виртуалды достарыңның елеп-ескеріп электрондық поштаға жіберген құттықтаулары, шын пейілмен айтқан немесе жазған бір ауыз сөзі көңіліңді серпілтетіні рас. Әсіресе, құттықтау мәтіндеріне қосымша жіберілген күлегештер, көңілді анимациялық роликтер езуіңе еріксіз күлкі үйірілтеді. Алайда бір өкініштісі, анимациялық роликтердің барлығы орыс, ағылшын тілдерінде. Адамның қуаныш, реніш, таңдану, ашулану секілді түрлі көңіл-күйін беретін дөңгелек сары күлегештерге қазақы реңк беруге болмас па? Сондай-ақ анимациялық роликтерге өзіміздің қазақ ертегілері мен мультфильмдерінің кейіпкерлерін немесе Қожанасыр, Алдар Көсе, Тазша бала секілді күлкілі кейіпкерлерді неге арқау етпеске? Қалам мен қағазды компьютерге айырбастаған заманда қазақы қалжың, өзіміздің төл әзілдеріміз, ұлтымызға тән мінез бен қылықтар неге заманға сай хаттардан көрініс таппасқа?
Күлегештер – көңіл-күйді сөзбен жеткізе алмаған кезде қолданылатын кішкентай ғана графикалық суреттер. Әдетте, күлегештер типографиялық белгілерден құралады. Ал анимациялық роликтер дегеніміз – түрлі мультфильм кейіпкерлерімен жасалған бейне-әзілдер.
Өмірімізге әбден кірігіп кеткен смайликтер бүгінде байланыстың тек электрондық түрінде ғана емес, кейбір газет-журналдарда, қабырғаларда, жарнамалық афишаларда да жиі қолданылатын болды. Соңғы уақыттарда түрлі блоктар мен форумдар көбейген сайын анимациялық роликтер мен күлегештердің саны тіпті артты. Әсіресе, дәл қазіргі таңда Mail.Ru Агент сайтын қолданбайтын адам кемде-кем. Mail.Ru Агенті – бұл Ресейдің ең әйгілі жылдам хабар алмасу бағдарламасы. Mail.Ru Агентін айына тоғыз миллион адам пайдаланады екен.
Күлегештер қашан пайда болды?
Пьесаларды оқып көрген болсаңыз, ондағы кейіпкерлердің мәтінді оқыған кездегі көңіл-күйі жақшаның ішінде белгілі бір тыныс белгілер арқылы көрсетіледі. Бір мезгілде леп белгісі, жақша, көп нүкте секілді тыныс белгілерін пайдаланудың өзі адамдардың көңі күйін сипаттауда аздық етсе керек. Сондықтан да қаптаған тыныс белгілерінің орнын жайлап күлегештер басты. Алғашында тыныс белгі ретінде пайда болған күлегештер кейіннен электрондық хаттарда адамға тән ашулану, қуану, жанашырлық, таңдану, секілді түрлі сезімдерді білдіретін «кейіпкерге» айналды.
Сонау 1969 жылы орыс және американ жазушысы Владимир Набоков өз сұқбаттарының бірінде адамның көңіл күйін білдіретін арнайы тыныс белгісі қажет екенін айтқан. Ал одан бұрын америкалық суретші Харви Болл алғаш рет 1963 жылы екі нүктесі және жақшасы бар сары күлегештің суретін салды. 1982 жылы ағылшын ғалымы Скотт Фалман ең алғашқы болып қазіргі қолданып жүрген дөңгелек сары күлегешті қолданысқа енгізді.
Нұрлан ҚАНИ, веб-дизайнер: – Күлегештерді жасау аса бір қиын шаруа емес. Ең алдымен, веб-дизайнерлер қажетті кейіптегі күлегештің суретін салады. Содан кейін осы суретке macromediaflash бағдарламасы арқылы «жан бітіріп», күлдіреді, жылатады, билетеді, сөйлетеді дегендей.
Қазіргі таңда неліктен тек орыс, ағылшын тілді, кейпі де бізге жат анимациялық роликтер, күлегештер көп десеңіз, өйткені оларға деген сұраныс көп, сондай-ақ бізде Mail.Ru Агент секілді қазақша байланыс сайты жоқ. Ал жекелеген блогтарда әркім шетелдік сайттардағы күлегештерді көшіріп алады. Тіпті күлегештерді сататын арнайы сайттар да бар. Негізі, күлегештерді жасаушы дизайнерлердің авторлық құқығы заңмен қорғалады. Қазақстанда үлкен-үлкен ұжымдар мен мекемелердің жеке сайттары бар, дәлірек айтсақ, қазақша сайттар енді-енді көбейіп келеді. Ал күлегешті қазақыландыру үшін сайт, блок иелері веб-дизайнерлерге тапсырыс беруіне болады. Бүгінде қазақша күлегештерге сұраныс болмағандықтан, веб-дизайнерлер де оған басын қатырмайды. Өйткені жас дизайнерлердің арасында қазақша ойлайтындардың өзі санаулы.
Қаперге:
Қазақта «адамның қас-қабағына қарау» деген сөз бар. Бұл тіркес адамның көңіл күйін аңғару дегенді білдіреді. Ал қазіргі кезде адамның көңіл күйін оның жіберген күлегешінің қас-қабағына қарап білетін болдық. Адамның көзі, қабағы, ерні мен мұрны бейнеленген кішкентай ғана сары дөңгелектердің бірнеше түрі болады екен. Оларды түр-сипатына қарап классикалық, азиялық күлегештер деп бөледі. Өзімізге жақындауын айтар болсақ, шығысазиялықтар көңіл күйді білдіруде күлегештің көзіне басымдылық береді екен. Яғни кішкентай күлегештердің түрлі формада салынған көзінің суреттері адамның қуанышы мен ренішін, жақсы көргені мен жек көргенін сездіретінін білдіреді. Мысалы: (^_^) – күлу, (^ ^) – әрең күлу, (>_<) – ашулы, (<_>) – қайғылы, ^}{^ – жақсы көру, т.б.
Күлегештерді қолданушыларға:
Интернет арқылы хат алмасуда көңіл-күйіңізде аса бір өзгерістер болмаса, достарыңызға немесе жақын таныстарыңызға күлегешті жиі жібере бермегеніңіз абзал. Егер сіз ылғи күлегештерді жібере беретін болсаңыз, шын қуанған немесе таңданған кезіңізде күлегештеріңізбен байланыстағы адамдарыңызға еш әсер қалдыра алмайсыз. Себебі таныстарыңыз сіздің ерекше эмоцияңызды күнделікті қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын болады.
P.S. Қазіргі кезде «жастардың сөздік қоры азайып кетті», «көркем әдебиет оқымайды» деп қанша байбалам салғанымызбен, заман ағымынан ысырылып шетте қалу тағы мүмкін емес. Өйткені екінің бірі компьютерсіз, интернетсіз өмірін тіпті елестете алмайтын қазіргі техника дамыған ақпараттық заманда уақытты да, сөзді де үнемдейтін болдық қой. Рас, тіліміз қасаң тартып, көркем сөйлеуден қалып барамыз. Бірақ жаңа технологияларға тек бір жақты көзқараспен қарауға болмайды. Сондықтан құрғақ сөзбен «тіліміз құрып барады» деп даурыға бермей, жаңа технологияларды меңгеріп, оларды өзіміздің тілге, ділге ыңғайлаудың уақыты жеткен секілді.