Қазақша кітап оқиық!
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақша кітап оқиық!» акциясы басталды. Осынау игілікті бастаманы көтерген — аталмыш оқу ордасының ректоры Ерлан Арын.
Биыл 50 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған оқу ордасы Барыс жылын «мемлекеттік тіл жылы» деп жариялады. Өңірді қазақыландыруға сүбелі үлес қосып келе жатқан қара шаңырақтың бұл жолғы бастамасы да қоғамнан қызу қолдау тапты. Бұл жолғы да деп отырғанымыз, бұған дейін «Мәшһүр Жүсіп әлемімен сырласу» атты рухани-танымдық сайыс өткізіліп келген болатын. Кезінде университет ішінде өткізілген ол сайыс бүгінгі таңда қанатын кеңге жайған.
«Қазақша кітап оқиық!» акциясы тек қана университет қабырғасында ғана емес, енді облыс көлемінде ұйымдастырылмақшы. Осы бағытта плакаттар мен кітапшалар шығарылып, таратылу үстінде. Шара аясында оқырмандар ай сайын бас қосып, оқыған кітаптары жайлы пікір алысатын болады.
Кітап оқу акцияларының тарихы АҚШ-тан бастау алатынын көпшілік қауым біле бермес. «Бір ел – бір кітап» жобасы көптеген елдерге (Испания, Латын Америкасы елдері және Корея) кең тарағанын да айта кеткен жөн. Ал қазақстандық оқырмандар 2007 жылы Абайдың «Қара сөздерін», 2008 жылы М.Әуезовтің «Қилы заман» кітабын оқып, талқылаған болатын.
Ерлан АРЫН, С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры:
– Тіл үйретудің ең жеңіл жолы — қазақша кітап оқыту. Қазақ әдебиетіндегі керемет туындыларды қай жаста да оқуға болады. «Қазақша кітап оқиық!» акциясының ай сайынғы жоспарлары бар. Мысалы, осы қаңтар айында ұлттың ұстазы Абай мен данышпан Шәкәрімнің еңбектерін, ақпанда М.Көпеев пен С.Торайғыровтың кітаптарын оқимыз. Ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа білу — басқа әңгіме, ал оны оқудың жөні бөлек. Бізде бір жаман ауру бар «атыңды білеміз, затыңды білмейміз» деген. Содан арылатын уақыт жетті.