Қазақтың аяулы перзенті, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өмірден өткеніне де көп бола қойған жоқ. Махаббат жыршысына айналған қабырғалы қаламгер азаматтық пен адалдықтың, елге қызмет ету мен шыншылдықтың үлгісін танытып кетті. Әз-ағаң ұлтын шын сүйді, ел-жұрты да ол кісіні құрметтеп, бағалай білді. Қан майданда от кешіп өткен қаламгер қазақ Тәуелсіздігіне тәубе айтып, аталы сөзімен ұрпақтың ұстазы бола білді. Көркем әдеби шығармаларды дүниеге әкелумен қатар, Әз-ағаң қашанда елдің сөзін сөйлеп, елдің мұңын жоқтап жүретін. Өмір бойы «не жақсылық болса да қазаққа болсын» деген ұстанымын өзгертпеген тұлға халыққа адал қызмет етіп жүрген жандарды жоғары бағалайтын. Жанында жүрген жақсыларға жүрекжарды сөзін арнап, жылы пікір білдіріп, олардың өнегелі істерін өзгелерге үлгі етуді парыз санайтын.
Біз бүгін оқырман назарына Әз-ағаңның белгілі қоғам қайраткері Асылы Осман жайында жазған мақаласын ұсынып отырмыз. Бұл – қарт қаламгердің ақ қағазға түсірген соңғы хаты. Әз-ағаң бұл мақаланы қайтыс боларынан 12 күн бұрын жазған екен.
Ұлты басқа болса да...
Жақында «Ана тілі» газетінде жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысовтың «Садаға кетейін сендерден...» деген мақаласы жарияланды. Ол мақаласында автор қазақ тілін үйренген бірнеше ұлт адамдарының аттарын атап, соларға шын жүректен ризашылық білдірген. Олардың ішінде орыс қызы – қазақ ақыны Надежда Лушникова, неміс ұлы – қазақ жазушысы Герольд Бельгер, қазақ тілінен диссертация қорғаған әзірбайжан қызы – қазақ ғалымы Асылы Осман, Мұқағали Мақатаевтан диссертация қорғаған орыс қызы Анна Носкова, қазақша тележүргізушілер Оксана Петерс, орыс қызы Майя Веронская және басқалары бар. Осылардың алғашқы үшеуінен өзге 60-қа жуығы қазақ тілін Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін үйренген.
Бұлардың бәріне шын жүректен риза боласың. Ал осылардың ішінде алғашқы үшеуін: Н.Лушникованы, Г.Бельгерді және А.Османды мен ерекше бағалаймын. Ерекше бағалайтыным, бұл үшеуі ұлт тілдеріне қысым жасалған кешегі кеңес заманы кезінде қазақ тілін үйренді. Қазақ ақыны, қазақ жазушысы, қазақ ғалымы болды. Надежда титімдейінен қазақша үйреніп, қазақша оқып, ақыры қазақ ақынына айналды. Ақын болғанда, қазақта ақындықтың екі түрі бар: жазба ақын және айтыс ақыны. Айтыс ақыны болу ерекше дарынды, қиыннан теңеу тауып, лезде ой құрастырып, табан астында көркем сөзбен жауап беруді талап етеді. Бұл өнер екі қазақтың бірінің қолынан келе бермейді. Ең дарындылардың ғана қолынан келеді.
Мен Надяның 1965 жылы көктемде шымкенттік ақын Қалдыбек Әлімқұловпен айтысын өз көзіммен көрдім. Надяның тапқырлығы, ойын өрнектеп айтуы жиналған жұртты таңғалдырды. Сол жерде айтысты көріп отырған атақты Бауыржан Момышұлының Лушникованың өнеріне сүйсініп, оған алтын сағат сыйлағанын өз көзіммен көрдім. Лушникованың үш өлеңдер жинағы қазақ тілінде басылып шықты. Надя ол жинақтарын орыс тіліне не өзі, не өзгелерге аудартқан жоқ. «Менің ана тілім – қазақ тілі. Мен орыс қызы болып тусам да, қазақ ақыны болып қаламын», – деді ол.
Ал Бельгер туралы сөз жоқ. Ол қазақ, орыс, неміс тілдерінде бірдей жазды. Үш тілде де бірнеше кітаптары шықты.
Жазушы-ғалым Әбекең Ыдырысов айтқандай, мен де бұлардың бәрін де бауырым деп бағалаймын. Бәріне бас иіп, туыстық құрмет көрсетемін.
Солардың ішінде Асылы Әлиқызына деген құрметім ерекше. Өйткені ол қазақ тілін үйренуші, үйреніп алып, ән салушы, шығарма жазушы ғана емес, оның үстіне қазақ тілі үшін жан аямай күресуші де, күресуші болғанда қаһарман дәрежесіндегі күресуші.
Асылыны ең алғаш қалай көргенім есіме түседі.
1974-1986 жылдар аралығында «Қазақ тілі түсіндірме сөздігінің» 10 томы шықты. Бұл баға жетпес рухани ұлттық қазынаны зиялы қауым жапырлай сатып алды. Мен де оның 10 томын қуана жинаған едім. Бірақ 7-томын жоғалтып алып, қатты қайғырып жүрдім. Кітап дүкендерінің бірінен таппадым. Алдақашан өтіп кеткен.
Содан бір күні сол сөздікті даярлап, баспадан шығарған Ғылым академиясының Тіл білімі институтына бардым. Сонда қызмет істейтін филология ғылымдарының докторы Әсет Болғанбаев бауырыма өтінішімді айттым, «Осылай да осылай. Маған 7-томды тауып беріңдер», – деп өтіндім. Ол сол томды қолма-қол тауып, бірінші бетіне:
«Сүйікті жазушымыз Әзілхан ағаға!
Лексикография бөлімінің
қызметкерлерінен.
15.03.1988 жыл.
Бөлім меңгерушісі: Ә.Болғанбаев»
– деп жазып, қолын қойып берді.
Содан кейін Әсет мені өзімен бірге қызмет істейтін ғалымдармен таныстырды. Майра Жүнісова, Нәркес Төлегенова деп аттарын атай келіп:
– Ал мына қарындасыңыз – Асылы Османова, әзірбайжан қызы. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін» жасауға белсене қатысқан кісі. Басқа ұлттың адамы болғандықтан, бұл қарындасыңызбен толығырақ танысуыңызға болады, – деді.
– Әзілхан ағайды жақсы білеміз ғой. Осы институтта аспирант болып жүрген кезімде шыққан ағайдың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын жарыса оқығанбыз. Ағамызды жабыла жақсы көргенбіз, – деді Асылы менімен сәлемдесіп жатып.
– Сонау Кавказдағы Әзірбайжан елінің қызы қалай қазақ тілінің маманы болып шыққан? – деп сұрадым мен одан. Ол күлді де:
– «Адамның басы – Алланың добы» деген сөз рас қой, – деп қысқа-қысқа жауап берді. Ара-арасында сөзін қазақ мақалдарымен әдіптеп, жосыла сөйлеп те кетеді.
Кавказда туған қайсар қыз
Асылы Ұлы Отан соғысы басталған жылдың екінші жартысында Кавказда туған екен. Үш жасында ол жерден ауып, Қазақстанға келеді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданынан әке-шешесі, апа-сіңлісі бәрі – үлкен отбасы орын тебеді. Бойы өсіп, тілі шығыңқырағаннан кейін ауыл балаларымен асыр сала ойнап жүріп, әзірбайжан тілі мен қазақ тілін қатар үйренеді. Ойы мен сөзі қос тілді болып, қатар қалыптасады. Тілін білгеннен кейін өсе келе қазақ дәстүріне қанығады. Қазақ ойын-тойларын жиі қызықтайды. Тіпті ол орталау мектепті қазақ тілінде бітіреді. Қазақ педучилищесін тауысып, қазақтың өлеңін, салт-санасын, шешендік сөздерін бойына судай сіңіреді. Қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын бас алмастан оқиды. Мектепте де, училищеде де үлгерімі жағынан көптеген қазақ қыздарынан озық болып шығады.
Училищені үздік бітірген соң қазақ ауылында қазақ тілінің мұғалімі болып, шәкірттерге сабақ береді. Одан соң ауылдан Алматыға келіп, Қыздар педагогикалық институтының филология факультетінің қазақ бөлімін үздік бағамен аяқтайды. Одан Қазақстан Ғылым академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасын тауысады. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы бойынша «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ауыр тақырып. Бірақ жігерлі ғалым қыз өз міндетін ойдағыдай орындайды.
– Қазақта «Шешінген судан тайынбас» деген мақал бар емес пе, аға. Қысылсам да қиналмай қорғап шықтым. Санақ комиссиясы маған бірауыздан дауыс берілгенін хабарлағанда атақты ғалымдар орындарынан тұрып қол соқты ғой, аға! – дейді Асылы күлімдеп.
Содан бері Асылы осы институтта қызмет істеп, «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 10 томдығын шығаруға белсене қатысып келген екен.
– Сонау Кавказдан жер аударылып келгенімізде туған анамыздай қарсы алған қазақ халқының ұрпағына ұлы қазына болатын 10 томдық кітапты шығаруға қатысқанымды өзіме тиген өзгеше бақыт деп санаймын. Бұл томдарға 300-ге жуық ғылыми мақалалар жаздым. Сіз алып отырған осы 7-томның ішінде де бірнеше мақалам бар. Қазақ тіл біліміне байланысты шығарған бірер кітабым және бар, – деп Асылы сөзін аяқтаған.
Бұл менің Асылы қарындасымды алғаш рет көргенім еді.
Содан 5-6 жылдан кейін Асылыны екінші рет көрдім. Бұл кезде Қазақстан Тәуелсіз Республика болып, жаңа қалыптаса бастаған. Істелетін іс, алатын асулар көп. Әр жаңа жұмысты жүзеге асыру майдан іспеттес кез болатын. Әрине, мылтықсыз майдан. Сол кезде бұрқ етіп Ана тілі майданы аренаға шықты. «Ана тілі» атты жауынгер газет дүниеге келіп, сол батыл майданның бас штабына айналды.
Бұл майданның жауынгерлері кім еді? Әрине, зиялы қауым болды. Ақындар, жазушылар, ғалымдар алғы шепке шықты.
Осы кезде қазақ тілі майданының алғы шебіне шыққандардың тегеурінділерінің бірі әзірбайжан қызы Асылы Осман болды. Бұл тұста ол ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінің Ұлт тілдерін дамыту басқармасының бастығы, одан кейін ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік тілді дамыту, терминология және ономастика жөніндегі Бас басқармасының төрайымы болып, жанын жалау етіп қызмет істеді.
Тіл үшін күрес
Осы күндердің бірінде мен Асылымен екінші рет кездестім. Ана тілі майданының қолбасшыларының бірі ретінде қызмет істеп жүрген ақын Мұхтар Шаханов Алматыда ана тілінің мәртебесін арттыруға арналған жиналыс өткізді. Оған Астанадан арнайы келіп, Парламент Мәжілісінің депутаттары Амангелді Айталы, Нұрбек Рүстемов және басқалар қатысты. Көп адам қатысқан осы жиналыста Асылы жалынды сөз сөйледі. Сонда айтқан мына бір сөзі әлі күнге дейін есімде:
– Әр адамның ана тілі бар. Әр халыққа, әр ұлтқа өз ана тілінен қымбат қазына жоқ.
Ана тілін қорғау – Отанды жаудан қорғаумен пара-пар. Өйткені жау еліңді шабады, жеріңді тартып алады. Ана тіліңді табанына салып таптайды. Бодан елге өз тілін үстем етеді.
Ана тілінен айырылған халық барлық ұлттық қасиеттерінен айырылады: өнері құриды, өзегі солады, дәстүрі тозады, санасы сарқылады, – деген еді ол.
Содан кейін үшінші рет Асылымен Жазушылар одағында жүздестім. Ана тілін қорғауға арналған көп адам қатысқан жиналыс болды. Бұл жиынды да Мұхтар Шаханов басқарды. Бұл жиында да Асылы Османова сөз сөйледі.
Бұл жолы да ол зиялы қауымның жанына тиетін жалынды сөз айтты.
– Отанды жаудан сарбаздар қорғайды, – деді ол биік мінберден ашық үнмен залға жалынды үн қатып. – Олар Отан қорғау жолында жаумен жағаласады: алысады, атысады. Күшінен асса – өледі. Өлгеннің орнын тірі сарбаздар басып, қанды шайқасты әрі жалғастырады. Сөйтіп барып жеңіске жетеді.
Ана тілін сақтап, оның абыройын көтеру – осындай ұлы соғыспен тең. Бұл да майдан. Майдан болғанымен, қан төгілмегенімен, жаға жыртылады, жан қиналады. Ұлттық намыс сыналады. Намыстарыңды қылыштай қылшылдата қайраңдар, қаһарман қазақтар. Сөйтіп, жеңіске жетіңдер, бауырларым, туыстарым, жаны бірге жақындарым менің!
Асылы Әлиқызымен төртінші рет мен жиында, жиналыста емес, қонақта, дастарқан басында ұшырастым. Ауған соғысының ардагері, ақын Бақытбек Смағұлов жаңа пәтерін көрсетуге бір топ адамды үйіне қонаққа шақырды. Қонақтардың ішінде атақты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова ханым, атақты әнші Майра Мұхамедқызы, Тәуелсіз Қазақстанның көк туын жасаған атақты суретші Шәкен Ниязбеков ақсақал және басқа бірсыпыра жас журналистер болды.
Осындай ресми емес дастарқан басында да ана тілін ардақтау мәселесі Асылының аузынан түскен жоқ:
– Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Көп ұлттың ұрпағы Қазақстанда тұрып, жанға жайлы тыныштықта бақытты өмір сүреді. Ендеше жалғыз қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл болып қалуы керек.
Қазақ тілін білу арқылы өзге ұлыстар өкілдері өздерінің достық, туыстығын күшейтеді.
Мылтықты майдан кезінде атыс қаруларының аузынан қып-қызыл оқтар ұшады. Ал қазіргідей мылтықсыз майдан кезінде сол қызыл оқтардың қызметін сөз атқарады: батыл сөз, батыр сөз, жалынды сөз, дарынды сөз. Ондай сөз кімнің қолында? Жазушылардың, журналистердің, зиялы қауымның қолында, – деген сияқты сөздер оның аузынан үнемі айтылып отырды.
«Қаным қазақ болмаса да, жаным қазақ!»
Асылының кейбір сөздері халық аузында мәтел болып кеткен. Мәселен: «Қазақ бар жерде мен бармын!», «Қаным қазақ болмаса да, жаным қазақ!», «Қазақ тілін қорғау жолында қан майданға шығуға бармын!», «Қазақ тілі мен әзірбайжан тілі мен үшін бір ананың екі емшегіндей!» деген сияқты сөздер Асылының аузынан шыққан.
Мына сөзді де Асылы айтқан: «Тіл – халықтың жаны әрі ары. Сондай-ақ ол – достықтың кілті, ынтымақтың бастауы, ырыс-берекенің алды. Қазақ елі деген қарашаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешсек, ол – ең алдымен, осы қазақ халқының меймандостығы мен құнарлы да бай тілінің арқасы», – деген де Асылының сөзі.
Осындай қажырлы еңбегі үшін қазақ халқы Асылыны шексіз жақсы көріп, құрметтейді. Сол себептен де ол Түлкібас ауданының және Алматы облысының Құрметті азаматы. Сол себептен де ол бірнеше орден, бірнеше медаль, грамоталармен наградталған. Осылардың үстіне ол Қазақстандағы Әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы.
Асылы сияқты орта, жоғары оқу орындарын үздік бітірген қазақ қыздары аз ба? Бірақ солардың қаншасы Асылы сияқты Ана тілін (қазақ тілін) қорғауға қызмет етіп жүр? Аз ғой. Олардың көпшілігі ана тілін білмей, білгісі де келмей кердеңдеп жүр. Сен сондай мың қазақ қызынан артықсың ғой, Асылы қарындасым.
Мен сенің мылтықсыз майдандағы бұл ерлігіңді кешегі қан майданда қаһармандық көрсеткен Мәншүк пен Әлияның ерлігіне ұқсатамын.
Қонақта Асылының сөздерін тыңдай отырып, мен осылай ойладым. Бұл ойымды жұрт көзінше өзіне айтып, оған үш рет басымды идім.
Қазаққа адал Асылы
Последние статьи автора