Бүгінгідей жаһанданған әлемде ақпараттық технологиялардың дамуы аса қарқынды. «Ел межесі – елулік!» деп ортаға ұран тастаған біздер заманауи жетістіктерге ілдалдалап ілесуге шама-шарқымызша талпыныс жасап келеміз. Дегенмен ұлтымыздың рухани құндылықтарын өзімізде дәріптеу арқылы барымызды өзгеге паш етіп көрсету жағы бізде кемшін түсіп отыр.
Осындайда тәуелсіз, жас мемлекетіміздің жағымды имиджіне жұмыс істейтін жақсы жобалардың жоқтығына қынжыласың. Кеңсесінен бастап, қорасына дейін атқарылатын шаруаларының барлығын электронды техника арқылы дөңгелетіп отырған батыс пен мұхиттың арғы жағындағы көптеген елдер өздерінің рухани мұраларын шетінен сандық жүйеге көшіріп алды десек те болады. Ал біз әлі жүрміз... Осы орайда мына бір жаңалыққа назар аудармай кетсек болмас:
21сәуір күні ЮНЕСКО-ның Парижде орналасқан штаб-пәтерінде тұңғыш Бүкіләлемдік электронды кітапхана (БЭК) веб-сайтының салтанатты ашылу рәсімі болады.
Әлемнің ең үлкен кітапханаларының рухани байлық қорын бір арнаға тоғыстырған бұл жоба қазіргі уақыттың өзінде 26 миллион дана кітап, құжаттары бар АҚШ Конгресі кітапханасының негізінде жүзеге асырылды.
Әр түрлі деңгейдегі демеушілердің қаржысына жасалған веб-сайттың іске қосылуына әйгілі Google компаниясы бірінші болып 3 миллион доллар ақша құйған. Қазіргі уақытта БЭК қорында әр мемлекеттің кітапханаларында сақтаулы мыңдаған тарихи құнды кітаптар мен сирек кездесетін қолжазбалар қорының электронды нұсқалары жинақталған. Сондай-ақ аталған веб-сайтта кейбір құнды дүниелердің суреттері және үнтаспалары мен бейнетаспалары да орналастырылған.
Бүгінге дейін шетелдің жиырмаға жуық беделді кітапханалары БЭК-тің құрамына енген.Бұл тізім алдағы уақытта толықтырылып отырмақ.
Алайда Әлемдік кітапхана сайтынан ойып тұрып орын алу үшін оған кіретін кітапханалар ең соңғы үлгідегі заман талаптарына сай болуы міндетті. Ғаламтор арқылы кеңістікке шығуға дайын тұрған жаңа электронды кітапхана мүшелігіне соңғы тіркелгендердің арасында Ресейдің Ұлттық, мемлекеттік және Б.Ельцин атындағы үш бірдей кітапханасы бар. Бірақ бұл бастаманың басы-қасынан біз өзіміздің Ұлттық кітапханамыздың қарасын көре алмадық. Осының мәнісін білмекке білетін адамдардың өзіне хабарласқан едік.
Гүлиса Балабекова, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары:
– Бүкіләлемдік электронды кітапхана құрамында біздің кітапхана жоқ. Бірақ оның салтанатты ашылу шарасына АҚШ Конгресі кітапханасының басшылығынан арнайы шақырту алғанбыз. Өкінішке орай, оған баруымызға қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр. Дегенмен біз өз тарапымыздан аталған кітапханаға мүшелікке қабылдану үшін арнайы құжаттар әзірлеп, ондағылармен келісімшартқа отыруға әрекет етіп жатырмыз. Веб-сайтты жасаушылардың міндеттемелері мен талаптары да өте жоғары екен. Әзірге бізде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Әрине, әлемдік деңгейдегі кітапхананалардың қатарынан көріну үшін біз ең алдымен өзіміздің кітапханаларды заманға сай технологиялармен жарақтандыруымыз қажет. Алты миллионнан астам кітап қоры бар республикамыздағы оқырман қауымға арналған 1500 орынды жалғыз ірі Ұлттық кітапхана қазіргі уақытта өзінің мәдени стратегиялық маңызы зор статусын пайдалана алмай отыр десек те болады.
Кезінде Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Бұнда талай жыл бұрын шыққан өте сирек кітаптар бар. Егер соларды қалпына келтіріп, сандық жүйеге көшірмесек, 10-15 жылда кеш болады. Сондықтан кітапхана басшылығына жаңа бағдарлама жасап, кітаптарды сандық жүйеге көшіру керек» дегенді баса айтқан болатын. Бүгінде Ұлттық кітапхана Бүкіләлемдік электронды кітапхана құрамына кірмек түгілі, өзінің жеке сайтының жұмысын да талапқа сай жүргізіп отырмағаны анық. Сайттың ағылшыншасы мен орысшасы тастай. Қазақшасын оқи алмадық...Сенбесеңіз, көріңіз: www.nlrk.kz
Файл
Бұл жобаны жүзеге асырушы 1800 жылы құрылған АҚШ Конгресі кітапханасының қазіргі директоры Хадли Билинтон ЮНЕСКО басшылығына әлемдік кітапхана веб-сайтын ашу идеясын осыдан төрт жыл бұрын ұсыныс ретінде айтқан болатын. Аталған сайт ағылшын, араб, қытай, испан, француз, португал және орыс тілдерінде қызмет көрсетеді. Сайтқа кіріп, қажетті мағлұматтар алу тегін.