Негізі, қазіргі Қазақстанның көпэтносты құрамы XVIII ғасырдың ортасынан бастау алады.
Осы жағынан алғанда, бұрынғы Кеңес еліндегі тұрғылықты ұлт саны аз мемлекет тек Қазақстан ғана болып табылған. Одан кейін 1937-1938 жылдары КСРО-ның басқа өңірлерінен большевиктік режимге қарсы бас көтерген, сталиндік террордың құрбандары 100 мыңдап Қазақстанда орналасқан концлагерьлерге ағыла бастады. 1935 және 1940 жылдары Батыс Украинадан, Белоруссиядан, Литвадан поляктарды (120 мың адам) жазық далаға депортациялау үнемі жүргізіліп отырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Повольжеден – немістер, Кавказдан шешендер мен ингуштер Қазақстанға күштеп көшірілді.
1959 жылғы санақ бойынша қазақтардың саны жалпы көрсеткіштің 30 пайызынан аспады.
Орыстар мен украиндер
Хронология бойынша орыс пен украин этносының қазақ жеріне қоныс тебуі XVIII-XIX ғасырлар аралығын қамтиды. Ресей империясының қол астына қазақ хандарының кіруі туралы шешім қабылданған кезде келген орыстардың біздің жердегі қазіргі ұрпақтары олардың жетінші буыны болып табылады екен. Олар көбіне қамалдар мен қалаларды тұрғызумен айналысқан. Мәселен, Қасиетті Петр қамалы (Петропавловск) – 1752 жылы, ал Усть-Тас қамалы (Өскемен) 1720 жылы бой көтерген. Бұл қалалар басында әскери гарнизон болып тұрғызылған. Орыс халқының саны үнемі жүргізіліп отырған көші-қон саясатының нәтижесінде өсіп отырды. Негізінен, Столыпин саясаты бойынша 1911 жылдары орыстар мен украиндер қазақ жеріне көптеп келе бастады. XX ғасырдың соңғы 50 жылы ішінде олардың қатары күрт артты (30-жылдардағы индустриализация, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде эвакуацияланғандар, тың игеру жылдары).
1990 және 1997 жылдар аралығында Қазақстаннан 1,2 миллион орыс (жалпы халық санының 14 пайызы) атажұртына оралған екен.
Немістер
Біздің жерімізде немістер ХІХ ғасырдың аяғынан бастап пайда болды. Ресейдің ішкі көші-қон қозғалыстарында олар жиі көзге түсіп отырған. Негізінен, сол кезде оларды орыс империясының шығыс және оңтүстік аймақтарынан кездестіруге болатын. Мәселен, 1926 жылғы санақ бойынша Сібір мен Қиыр Шығыста 81 мың неміс тұрса, сол кезде Қазақстанда олардың саны 51 мыңды құраған. Немістер аралас некеден бойын алыс ұстауға тырысқан бірден-бір этнос болып табылады.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері 600 мыңға жуық неміс Германияға жаппай көшсе, оның кейбірі атажұртын жерсінбей, Қазақстанға қайтып оралған. Мұндайлардың саны орташа есеп бойынша, екі жарым мыңды құрайды.
Кәрістер
Сталин дүниеден қайтып, бүтін КСРО-ны кезіп жүрген «қуғын-сүргін» үрейі басылғанша, Қазақстан мен Орта Азияға депортацияланған кәрістер туралы тарихи дерекнамаларда ешқандай мәлімет берілмеген. Кейіннен кеңес жеріндегі кәрістер жайында Ким Сын Хваның монографиясы жарық көрді. Онда олардың біздің аймаққа келу кезеңі ХІХ ғасырдың ортасы мен өткен ғасырдың 30-жылдары деп көрсетіледі.
Автор еңбегінде: «Оларды кеңес өкіметі күштеп әкелді. Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен бұл этностың өндіріс өнімділігі жоғары бағаланды», – деп жазды.
Ұйғырлар
1881 жылы 24 ақпанда Петербор шартына қол қойылды. Оның үшінші бабында: «Іле өңірі тұрғындары Қытайдың қол астында қала беруіне болады немесе Ресей тарапына өтіп, осы жақтың азаматтығын қабылдауы керек. Ресейге өткісі келгендердің мүлкін, қолындағы бар затын қытай билігі тәркілемейді, оған кепілдік беріледі», – делінген. Бұл арада ұйғырлар мен дүнгендерді көшіріп алуда орыс империясы, біріншіден, Қытайдың Құлжадағы экономикалық базасын әлсіретуді, екіншіден, көшіп келгендерді Қытайға қарсы әскери күш ретінде қолдануды мақсат етті. Ал аталған этнос өкілдері әртүрлі наразылық толқуларына қатысқандықтан, қытай билігі тарапынан қудалауға ұшыраған. Сондықтан олар атажұртын тастап кетуге мүдделі болған. Шелек, Іле және Түрген өзендері бойына орналасқан ұйғыр мен дүнген отбасыларының саны 1882 жылдың аяғында 5 мыңды құраған.