Қазақ телевизиясының тарландары – «Телеғұмырда»
Сіз бен біз қазіргі кезде онсыз өмірімізді елестете алмайтын құрал – телевизия бір кездері мүлдем өмірде болмады дегенге бүгінде сену қиын секілді. Алайда ақиқаты сол, осыдан тура 55 жыл бұрын 8 наурыз күні ең алғаш адам бейнесі, оқиға жанды түрде жарқ ете қалғанда, ол елді дүр сілкіндірген үлкен жаңалық болды. «Қалайша дала, адам, қимыл-қозғалыс үстіндегі өмір кішкентай ғана жәшікке сыйып кетеді?» деген сұраққа халық сол тұста еш жауап таба алмай аңтарылғаны анық. Тағы бір анық жайт, 1958 жылдың 8 наурызы – Қазақ телевизиясының шыр етіп дүниеге келген күні.
Сол «сәби» – бүгін елуді еңсеріп, тағы бес жылды артқа тастап үлгерген «ел ағасы»! Өзінің қалыптасу тарихында талай қиындықтар мен талай белестерді бағындырған телевизия жетістігі жайлы сол тұңғыш қазақ телевизиясының қара шаңырағы туын түсірмей, елімізде бірден-бір Ұлттық арна статусына ие болған Қазақстан ұлттық арнасында «Телеғұмыр» атты жаңа туынды шығып жүр. Әрине, алғаш қазақ телевизия өнерінің іргетасын құйған тұлғалардың барлығы бірдей бүгінде арамызда жоқ, көбісі бақилық болған. Десек те, көзі кетсе де, артында әлі күнге ұрпағы игілігін көретін сондай игі ісі қалған ғазиз жандардың әрқайсысының портреті, жанқиярлық еңбегі жайлы «Телеғұмырда» кеңінен әңгіме қозғалады.
Ал бұл салада тыңнан түрен салғандардың ісі шынымен де айтуға, бүгінгі ұрпаққа үлгі етуге әбден лайық. Ең алғаш телерадио кешені болып жеке отау тікпес бұрын Мәдениет министрлігіне қарасты Радиоақпарат бас басқармасы боп тұрғандағы тұңғыш басшы Қанапия Мұстафиннен бастап, Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев, Шерхан Мұртаза сынды халыққа танымал тұлғалар басқарған көгілдір экранның Ләзиза Аймашева сынды тұңғыш дикторы, бертін келе тележүргізуші ретінде бет-бейнелері халықтың көзайымына айналған Қажы Қорғанов, Мәриям Айымбетова, Ласкер Сейітов, С.Татенко, Жүрсін Ерманов пен Бақытжамал Ерманова, Тыныс Өтебаевтар «Телеғұмыр» бағдарламасы арқылы көрерменмен қайта қауышып жатқан жайы бар. Сондай-ақ ел сүйіп көріп, әлі күнге тамсана айтатын бағдарламалар қатарын айта кеткеніміз жөн, олар: Кеңестік журналистиканың ірі теоретиктерінің бірі, профессор Марат Барманқұловтың Алматы ауыр машина жасау зауытынан жүргізген тұңғыш «тікелей репортажы», Сұлтан Оразалинов өмірге әкелген «Сұхбат», «Кездесу», «Қымызхана», Сағат Әшімбаевтың «Парыз бен қарыз», Ғаділбек Шалахметовтің «Ритм операциясы», «Екібастұз проблемалары», Қажы Қорғановтың «Бір хаттың ізімен», «Үш бәйтерек», Н.Иманғалиұлының «Көкпар», т.б еді.
Алғаш осынау игі істің басы-қасында болған азаматтардың ішінде Совет Мазғұтовтың небары 39-ақ жыл өмір сүріп, сол ғұмырының соңын телевизияда жүріп өткізгенін айтпай кетуге болмас. Себебі өз ғұмыры қысқа болса да, телеғұмырда сол бір абзал жан ұмытуға болмайтын өшпес із қалдырған еді. Мысалы, 1961 жылы алғаш адамзат ғарышқа ұшқан сәтте тікелей репортаж жасаған, сондай-ақ қазақ футболына да тұңғыш комментатор болған Совет Мазғұтов еңбегі «Телеғұмырда» бүгінгі көзі тірі телевизия ардагерлері әңгімесіне арқау болды.
Әрине, сондай-ақ «Телеғұмырдың» арнайы хабарына тақырып болған тағы бір тұлға – Кенжеболат Шалабаев. Қазақ телевизиясы мен радиосының тәй-тәй басқан тұңғыш қадамдары дерлік жетістіктер, жаңалықтар бастауында Кенжеболат Шалабаевтың тұрғаны даусыз ақиқат. Қазақ радиосында неміс, ұйғыр, корей редакциялары құрылып, телерадио кешенге қарасты төл эстрадалық оркестр, телетеатр құрылып, «Өткір объектив» сынды заманындағы ең ел сүйіп көретін сатиралық журнал дүниеге келгені де осы азаматтың қолтаңбасы. Майдан көрген, соғыстың сұрапыл қиындығына қаймықпаған қайсарлығын ол осы қызмет барысында, ұлттың үлесіне іс шешуде де дәлелдеген еді. Атап айтқанда, орыс тілінің түкірігі жерге түспей тұрған тұсында қазақ телевизиясының 50 пайыз хабарларын қазақша жүргізуге қол жеткізді.
Ғаділбек ШАЛАХМЕТОВ, Қазақ телевизиясының ардагері, Халықаралық журналистика академиясының академигі:
– Мені 1964 жылы телевизияға шақырған Кенжеағаң болатын. Негізінде, мен Политехникалық институттың студенті едім. Журналистер көп қой, әйтсе де политехникалық білімі бар адамды жұмысқа тарту жаңалық еді. 1967 жылы Мәскеуде Қазақ теледидарының күндері өтті, сонда өндіріс туралы 50 минуттық хабарды тікелей эфирде жүргізуді маған тапсырған еді. Ешқандай қағазға қарауға болмайды, барымды салып жүргізіп шықтым. Сондай жас толқын, яғни біздің буын өкілдері арасында телевизияға шақырылғандардың арасында тіпті Алаш ардақтыларының ұрпақтары, атап айтқанда, Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы Ескендір (бас оператор), сондай-ақ Ілияс Жансүгіровтің ұлы Болат болды.
Биыл – Қазақ телевизиясының 55 жылдық мерейтойы. Мәселе – науқаншылдықта емес, осы «ел жаңарарлық» уақытта қазақ елі үшін ерен еңбек жасап, тарихын таспа бетінде өріп кеткен тұлғалар жайлы бүгінгі ұрпаққа жеткізу, үлгі ету. Осы ретте «Телеғұмыр» сынды сүбелі бағдарламалардың жөні бөлек.
Сұлтан ОРАЗАЛИН, жазушы, қоғам қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының иегері:
– Телевизия деген құралдың құдыреті сол – өте шығатын өмірдің сәттерін, адамдардың тұлғасын тірі күйінде сақтап қалады. Кезінде ұлы Мұқаңдар қатысқан хабарларды, Қалибек Қуанышбаев сынды актерлер мен Тахауи Ахтанов сынды ақын-жазушылар қатысқан бағдарламалар керемет сенсация болса, уақыт өткен сайын баға жетпес ұлы мұраға айналды. («Телеғұмырда» сөйлеген сөзінен)