Қазақ телевизиясының ардагері, жазушы, сыншы, драматург әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин 70 жасқа толды. Айтулы дата қарсаңында Астана қаласында мерейтой иегерінің құрметіне арналып «Тіл сардары» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды.
Қаламгердің мерейтойы елордадағы Конгресс-холл сарайында аталып өтілді. Сұлтан Шәріпұлы қазақ халқына тек журналист, жазушы, сыншы, драматург ретінде ғана танылған жоқ. Күллі Алаш баласына атпал азамат, жан-жақты талант иесі ретінде танылып үлгерді. Ол өмірге өткір мақалалар жазып, қаламы жүйрік журналист, ал әдеби туындыларымен талантты жазушы болып қадам басты. Қазақ телевизиясы мен әдебиетіне жаңа үрдіс қалыптастырып, мемлекеттік тілдің дамуына атсалысты. Қазақ тілінің жоғын жоқтап, Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болды.
Оны кешке жиналған қаламгердің туған-туысқандары, үзеңгілес жолдастары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері де тамсана айтумен болды. «Сұлтан өте талантты болды. Университетті бітіре салып, телевизия саласына келді. Сол кезде көптеген жаңа бағдарлама ашты. Оның өз заманындағы «Сұхбат» атты бағдарламасы күллі Одаққа танымал бағдарламаның бірі болды. Ақындар айтысын алғаш рет теледидарға шығарған осы Сұлтан болатын. «Қымызхананы» да ашқан – осы кісі. Мен оны теледидардың тарланы дер едім», – дейді филология ғылымының докторы, әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасов.
Кеш Сұлтан Оразалиннің бала кезін бейнелейтін көріністен басталды. Қара шаңырақтың ең кенжесі, еркесі бола тұра, бала Сұлтан өте зерек, ақылды болып өседі. Әкесінің сұрапыл соғыстағы қазасынан кейін батыр болуды армандаған ол көп ұзамай-ақ тынымсыз еңбек етіп, күллі қиындықты жеңіп шығады. Бұл, әрине, қаламгердің бала кезіндегі өмірін арқау еткен шағын көріністің бір қыры ғана. Әйтпесе Сұлтан Оразалиннің жазушылығы мен әдебиет саласында еткен ерен еңбегін айтпағанда, Қазақ телевизиясына сіңірген істерінің өзі неге тұрады?
70-ке келсе де, Оразалин аттан түспек емес. Өмірге деген құлшынысы мен танымдық тереңдігі қаламгерді әлі талай шыңдарға жетелері сөзсіз. Кеште достары мен әріптестерінің алдында: «Әлі де шамам жеткенше, қаламым қолымнан түсіп кеткенге дейін халқыма еңбек етемін. Мақсатым – халыққа пайдасы тиетін сөз жасау», – деп ерекше тебіреніс танытуы осының дәлелі болса керек. «Атқарылып жатқан шаруалар, түсіріліп жатқан фильмдер бар. Мінеки, осы ісімді ары қарай жалғастырып, тағы да солардың көлемін көбейтіп, сапасын арттырып, халыққа қажетті дүниелер жасасам... Жоспарлап жүрген кітаптарым бар», – дейді жазушының өзі ел үшін атқарар әлі талай шаруасының барын аңғартып.
Қазақ телевизиясының ардагері
Последние статьи автора