Сәні мен салтанаты келіскен зәулім ғимараттарды салудан кейбір мемлекеттерден үйренетініміз аз емес. Әлемнің бірқатар елдері қазіргі заманға сай тұрғын үйлер мен өзге де дүниелерді салуда кісі қызығатын деңгейге көтеріліп кетті. Тіпті төбесі зеңгір көкке тиіп тұрған ғимараттар да қолы алтын архитектордың қиялынан туған дүниелер емес пе? Соларды көргенде, еріксіз ойға қалып, біздің еліміз осындай жетістікке қалай қол соза алады деп ойға кетеміз. Шынында да, біздің бүгінгі талғамға сай зәулім ғимараттар салуға келгенде неге кежегеміз кейін тарта береді? Салқар Сарыарқаның төрінде орын тепкен әсем Астанамыз күннен күнге жасанып, талай адам көз сұқтанып қарайтын әдемі аруға ұқсап келеді. Бұл біздің жүрегімізге жылылық ұялатып, мерейімізді өсіреді. Осылайша еңсеміз биік болып отырған сәтте «Бұл қаланың архиектуралық келбетін кім жасап жатыр» деген сауал көкейге тіреліп, ойымызға маза бермейтіні тағы бар. Расында, қазақтың гүл-гүл жайнаған, әсемдігімен көз тартқан, кескін-келбеті өзгеше елордасының сәулеттік келбетіне кімдер жауап береді? Біз бұл іске белгілі шетелдік сәулетшілер шақырылғанын бәріміз білеміз. «Алаш айнасы» интернет-газетінің тілшісі бұл мәселені де зерттеп көрген еді.
2002 жылы Астана қаласында ашылып, бас қаланың басты символының біріне айналған «Бәйтерек» монументін ағылшын архитекторы Норман Фостер жасағанын жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Бұл азамат 2000 жылы әлемдегі 100 ұлы сәулетшінің бірі атанды. Осының өзі оның беделі биік екенін аңғартып отыр. Ол жер шарындағы Лондон, Нью-Йорк, Манчестер, Мәскеу, Гонконг пен Берлин секілді шаһарларының шырайын кіргізуге белсене атсалысты. Олардың қатарында әлемдегі ең жас елорданың бірі – Астананың да болуы бізді қуантады. Сондай-ақ, жапон сәулетшісі Кисе Курокава да біздің негізгі ордамыздың бас жоспарын жасауға атсалысты, халықаралық деңгейдегі әуежайдың сәулеттік жобасын жасады. Қысқасы, Астананың сәулеттік келбетінің жақсаруына шетелдік архитекторлардың еңбегі ерекше сіңді деп айта аламыз. Соңғы үлгіде салынып жатқан ғимараттардың дені солардың үлесінде болып жатқаны бізді ойлантады. Сонда қазақтың сәулет өнерінің деңгейі қандай сауал өздігінен туындайды.
Қазір шетелмен байланыс ондай қиындық тудырмайды. Ұшаққа отырсаң, көзді ашып-жұмғандай сәтте барар жеріңе жетіп аласың. Өркениетті елдердің әуежайынан сыртқа шыққаннан бастап, жан-жағыңа еріксіз көз тастап, ондағы сәулеттік өнердің жоғары екеніне бас шайқауға тура келеді. Расын айту керек, біздегідей тек бас қалада емес, көркі көз тартатын ғимараттарды қарапайым шаһарлардан да көруге болады. Әрине, бұл ол өңірлерде архиектор мамандығын иеленген азаматтардың биік деңгейде екенін дәлелдей түсетін дәйек екені белгілі. Ал бізде де құрылыс қарқынды жүріп жатқанымен, жаңағы біз айтқан секілді деңгейде сәулеттік сызбасын әзірлей алатын мамандар тапшы екені байқалады. Өйткені, біздің сәулетшілер өздері дайындаған сызбасын бұрынғыдай етіп дайындай салудан әріге аса алмай жүр. Болмаса, жер-жерде салынып жатқан әрбір ғимараттың сәні мен салтанатын келтіріп, көпшіліктің көзайымына айналатын көрікті ғимараттың бой көтеруіне атсалысар едік қой. Бұл орайда мамандарды шетелде тәжірибеден өткізу басты мәселенің бірі деп айта аламыз. Әрине, ешкім оны өздігінен үйрете қоймайды. Оған қомақты қаржы қажет. Сондықтан бұл орайда ойланатын нәрсеміз баршылық.
Айтса айтқандай, біздің архитекторлар мен құрылысшылар үшін сондай тәжірибелік шараларға қатыстырудан ешбір ұтылмасымыз анық. Біріншіден, олар өздерінің кәсіби біліктілігін арттырады. Екіншіден, сәулеттік өнері өрге басқан өзге жұрттың бұл бағыттағы тың ізденістерін зердесіне тоқып қайтады. Басқа да тиімді тұстары аз емес. Осы орайда Түркияның тәжірибесін пайдаланған артық болмас. Олар кезінде Германия, Франция секілді мемлекеттердің архитектура және құрылыс салаларында еңбек етті. Көп нәрсені үйренді. Көңілге тоқығаны да аз емес. Біраз жылдан кейін елге оралғанда олар кез-келген ғимараттың жобасын әлемдік деңгейде жасай алатын деңгейге жетті. Соның нәтижесінде түбі бір түрік бауырлар өздерінің әрбір қаласын соңғы талаптар негізінде салуға көңіл бөле бастады. Қазіргі таңда әлемде түрік архитекторлары мен құрылысшыларының еңбегі бас бармақпен бағаланады. Біздің Астана қаласындағы кейбір ғимараттар сол елден келген мамандардың еңбегінің жемісі саналады.
Қазақстанда осы бағытта білім беретін арнайы жоғары оқу орны бар. Алматыда орын тепкен академия талай мықты архитектор мен құрылысшыны тәрбиелеп шығарды. Қазіргі таңда жоғары оқу орнында шетелдіктермен байланыс күшейіп, оң тәжірибені үйренуге нақты қадамдар жасалып келеді. Дегенмен барлық мәселені дипломмен шешіп қоя алмайтынымыз анық. Сондықтан біздің мамандардың әрбір жобаға маңыз беріп қарап, оның құндылығын арттыра түсуіне көңіл бөлгені артық етпейді.
Еліміздің кез-келген қаласына бара қалсаңыз, қазақы нақышта салынған ғимараттарды көзіңіз шалмайды. Өйткені, көп жағдайда біз шетелдік үлгілер бойынша құрылыс жүргізуге әбден үйреніп қалғанбыз. Ал кешегі кеңестік кезеңде барлығы бір-бірінен аумайтын ғимараттар салуға әбден әуестеніп алғанымыз жасырын емес. Мәселен, көп қабатты үйлердің барлығы бір үлгіде салынды. Ал шетелдерге бара қалсаңыз, олардың өзіне бейне бір мұражай көргендей таңдай қағуыңызға тура келеді. Сол бір енжарлығымыз әлі де бойымызда бар. Ескі әдетімізбен бұрынғысынша жоба дайындап, соған тоқмейіл кейіп танытып жүрміз.
Негізінде оған салғырт қарауға болмайды. Әрбір ел өзінің сәулеттік келбетіне мән бергені артықтық етпейді. Осы мақсатта біз мамандар дайындау мәселесіне көбірек көңіл бөлгеніміз артық емес. Ондай мамандар тек ірі қалаларда емес, еліміздің әрбір аймағында болғаны артықтық етпейді. Бұл біздің әрбір қаламыздың кескін-келбетін жақсартуға, өркениет көшіне ілесуіне оң септігін тигізеді.
Архитектура бізге тың сала емес. Қаншама жылдан бері бұл салада жемісті еңбек еткен азаматтар баршылық. Солардың оң тәжірибесін пайдалана отырып, бүгінгі заман талабына сай сәулетітк өнердің өрісін кеңейтуге көңіл бөлгеніміз орынды болар еді. Біздің жастарымыз қай нәрсені де тез қағып алатын зерек жастар емес пе? Жалпы, архитектура саласын өнер ден санап, оған жетіклікті деңгейде мән бергеніміз жөн.
Құдай қосқан қоңсымыз Қытайдың әрбір шаһары күн санап жасанып барады. Ресейде де осындай оң өзгерістер баршылық. Түбі бір туысқандарымыз – өзбектер мен түркімендер де бұл салада ешкімнен қалмауға тырысып келеді. Олар бас қалаларында біздің Астанадағы ғимараттардан кем түспейтін әсем ғимараттардың бой көтеруіне көңіл бөлген. Естуімізше, олар біздегі секілді алыстан архитектор шақырып әуреге түсіп жатпаған көрінеді. Сондықтан бұл салада өз мамандарымыздың білімі мен біліктілігін көтеруге көңіл бөлсек артық емес
Қазақ сәулет өнері қашан дамиды?
Последние статьи автора