Нұржамал Алдабек, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің бірінші проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Нұржамал Әбдіразаққызы, былтыр оқу орнына жаңа басшы тағайындалды. Қыздар педагогикалық университетінде осы жаңалықпен байланысты қандай өзгерістер болмақ?
– Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында университеттің 2011-2020 жылдарға арналған даму стратегиясы жаңартылып, оның концепциясы жасалды. Оған университеттің барлық құрылымдық бөлімдері, яғни факультеттері мен ғылыми орталықтары, жастар комитеттері мен ұстаздар атсалысты. Осыған орай университеттің жұмыс жоспарына бірқатар жаңа бастамалар енгізілді, білім беру мен тәрбие мәселесіне байланысты әртүрлі жаңа тұжырымдамалар жасалып жатыр. Білім бағдарламалары модульдік жүйемен қайта құрылуда, студенттердің шетелдік оқу орындары мен өз еліміздегі іргелі оқу орындарына кемінде бір семестрден кем болмайтын оқуын қамтамасыз ету, яғни академиялық ұтқырлығын іске асыру мақсатында білім кредиттерін есептеудің қазақстандық ECTS жүйесін енгізу сияқты талаптарды енгізудеміз. Осылайша, Болон үдерісінің талаптарына сай кредиттік оқыту жүйесінің негізгі принциптері ендіріліп, іске асырылуда; оқу үрдісі толықтай ашық жүйеге көшіріліп, оны бақылау тәсілдері алдыңғы кезекке қойылды, ал оны оқыту үрдісін корпоративтік басқару арқылы іске қостық. Сонымен қатар ағылшын тілінде оқытылатын курстардың, элективтік, яғни таңдау курстарының жаңа талаптарға, жұмыс берушілер мен шетелден шақырылатын профессорлардың өтініштеріне сәйкес тізбесін жасаудамыз. Сондай-ақ «Жұмыс берушілер кеңесі», мен «Қамқоршылар кеңесі» құрылып, олардың нормативтік құжаттары, тұжырымдамалары бекітілді. Бірқатар құрылымдық оңтайландыру шаралары жүзеге асырылып, білім берудің жаңа жүйесіне сәйкес мамандықтар бойынша кафедралар мен факультеттер саны өзгертілді. Осы жерде айта кететін бір мәселе – біздің елімізде жоғары білім беру жүйесін реформалау Болон процесінің ыңғайына қарай емес, тек оның принциптеріне сәйкес келу бағытында іске асырылып жатқандығын айтқым келеді.
– Әйел адамдарға арналған жоғары білім ордалары кеңестік дәуірде Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі әйелдер сауатсыздығын жою мақсатымен ашылды ғой. Бүгінде студенттерді жыныстық ерекшелігіне қарай бөліп оқыту үрдісі ескіріп қалған жоқ па? Қыздар педагогикалық университетін келешекте де сақтаудың қажеттілігі неде?
– Жоқ, мұндай пікірмен келіспеймін. Себебі мұндай, тек қыздарға арналған оқу орындары шетелде де бар. Мысалы, Оңтүстік Кореяда бес бірдей қыздар институты жұмыс істейді. Соның бірі – Ихва қыздар институтымен біздің университет арасында келісімшарт бар. Ал 80-90-жылдары «Қыздар институты Қазақстанға енді керек емес» деген әңгіме шыққан кезде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «бұл институттың болуы біздің артықшылығымыз деп түсіну керек» деген салиқалы тоқтамынан кейін бұл әңгімені көтерудің қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Себебі қазақ қызының, қазақ әйелінің қоғамдағы атқарып отырған орнына лайықты жоғары білім беретін арнайы оқу орнының болуы үлкен құрмет және қажет деп санау керек. Қайта бұл оқу орнындағы білім берудің сапасын әлемдік деңгейге көтеріп, жаңа мамандықтар ашып, қазақ қыздарының қабілетін паш ететіндей дәрежеге жеткізсек деген арман бар.
– Университеттегі инновациялар жайында айтып кетсеңіз?
– 2002 жылдан бастап университеттің білікті ұстаздарының белсенді атсалысуымен «Қазақ ханымы: жоғары оқу орны компоненті» инновациялық оқу бағдарламасы жасалып, оқытылған. Бағдарлама өзінің өзекті де көкейтесті мәселелерді көтеруі арқылы студенттер мен ұстаздардың зор сұранысына ие болған. Бұл идеяны 2005 жылы жаңа авторлық ұжым қайта қарап, кредиттік технология жүйесіне лайықтап, студенттермен сабақтың өткізілу түрлеріне де, мазмұнына да толықтай өзгерістер енгізіп, жаңашылдық сипатта оқу курсы ретінде даярлаған. Арнайы курс сол жылдан бастап «Қазақ аруы» деген жаңаша атауға ие болған. Шындығында, «ару» сөзінің мәні терең. Қазақ тарихына қатысты ежелгі жазбаларда «ару» деген жақсы қамқорлық пен жақсы тәрбие көрген қыз балаларға тән ұғым саналады. Қазақ қыздарын арулық деңгейге көтеруді басты мақсат еткен бұл бағдарлама университет студенттеріне жеке басының ары мен намысын сақтаудан бастап, ұлтты сақтауға дейінгі жауапкершілікті меңгертуді көздейді. «Қазақ аруы» арнайы курсы – гендерлік мақсатты негізге ала отырып, өркениеттік үлгідегі ойын ұлттық мүддемен байланыстыра білетін, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы ұлттық ділмен ұштасқан, кәсіптік-педагогикалық имиджі қалыптасқан зиялы әйел тәрбиелеуге бағытталған инновациялық жоба.
– Қыздар педагогикалық университеті әлемнің өзге оқу орындарымен қандай халықаралық байланыстарды іске асыруда?
– Университет шетелдің бірқатар жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан. Қытайдың Шыңжаң педагогикалық, Түркияның Нийде, Ресейдің Томск политехникалық, АҚШ-тың Миссисипи университеттерімен келісімшарттарымыз бар. Осы аталған шетелдік оқу орындарымен магистратура бойынша бірлескен оқу бағдарламаларын жасап, болашақта студенттердің академиялық ұтқырлығын іске асыруға жұмыс жасап жатырмыз. Сонымен қатар Малайзия, Австралия, Польша, Болгария елдері мен Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстарымыз бар, ғалымдарымыз шетелдік әріптестерімізбен бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізеді, ал магистранттар мен докторанттарымыз ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өтеді. Университетімізде «Қытай тілін оқыту орталығы» мен «Түрік тілі орталығы» жұмыс істейді. Болашақта парсы тілін оқыту орталығын ашу жөнінде Иран елшілігі жанындағы мәдени орталық ұсыныс жасап отыр. Халықаралық байланыстарды нығайтуда тіл білу негізгі шарт болғандықтан, мұғалімдер мен студенттерге арнап, арнайы ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылуда. Бұл болашақта халықаралық байланыстарды нығайтуға жол ашады деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!