Қазақ прозасындағы әйел тағдыры
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар орталығының құрылғанына бір жылдың жүзі толды.
Жастардың ғылыми-шығармашылық жұмыспен айналыссам, руханият дүниесіне үлесімді қоссам дейтін үмітін үкілеуге, сол арқылы дүниетанымдық ойлау мәдениетін, рухани-зерделілік танымын, зерттеушілік ізденісін қалыптастыруды көздейтін аталмыш Орталықтың кезекті шарасы қара шаңырақ табалдырығын аттаған әрбір жастың оқуы, көңілге тоқуы тиіс деп есептелетін, әлі де толыға берер, өзге жоғары оқу орындары тарапынан қолдау табар, ҚазҰУ жастарының үндеуіне үн қосар деген ниетпен университет басшылығы тарапынан басталған «Жүз көркем туынды» жобасы аясында республика жоғары оқу орындары студенттері арасында өткізіліп отырған «Қазақ прозасындағы әйел тағдыры» атты ғылыми-тәжірибелік форумның да басты ұстанымы десек, артық емес.
– Орталықтың мақсаты – жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырған жастарымыздың рухани уыздан ажырап қалмауын, көркем шығарма оқуға деген құлшынысын арттырып, ата дәстүрге, әдет-ғұрыпқа деген адалдықтан айнымауын, біліміне қоса білігін, тәрбиесіне қоса танымын тәрбиелеп, сол арқылы көркем әдебиеттің көкжиегін саралауда өзіндік ой-тұжырымын қалыптастыруға дағдыландыру, ғылыми ізденіске баулып, зерттеушілік қарым-қабілетін шыңдау, болашағына үміт ұялату, – дейді «Ай-Ару» рухани-танымдық студент қыздар Орталығының жетекшісі, профессор Қ.Мәдібай.
Форум жұмысына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, С.Демирел атындағы университет, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жас ізденушілері қатысып, қазақ қызының қилы тағдыры, ары мен азабы, өрлігі мен ерлігі арқау болған, алаш әдебиеттану ғылымында өзіндік бағасын алып үлгерген Жамал, Ақбілек, Шұға, Шолпан, Ботагөз және т.б. бастаған қазақ әйелдерінің көркем бейнесі, қазақ әдебиетіндегі әйел-ана тағдыры бүгінгі күн тұрғысынан бағаланып, көркем туындыдағы әйел-ана бейнесінің сомдалу ерекшелігі, образ шынайылығы, авторлық ұстаным, көркемдік, шеберлік, стиль т.б. мәселелердің жас буын өкілдерінің көзқарасы деңгейінде саралануы, ұлттық прозаның өткені мен бүгінін зерделеуге деген жас толқынның ынта-ықыласы өркениетке қадам басқан өсер елдің, рухани қажеттілікке ұмтылған, көркем шығарманың баға жетпес құнын, қадір-қасиетін зерделеуге талпынған өскелең жастың игі қадамы, сәтті талабы демеске шарамыз жоқ.
Ғылыми форумды факультет деканы, профессор Қ. Әбдезұлы кіріспе сөзбен ашып, қатысушыларға сәт-сапар тіледі. Екі кезеңнен тұратын алқалы кеңеске М.Қожахметова, Қ. Әбілда, К. Ахмет, С. Ержанова, Қ. Әжиев, Ә. Бөпежанова сынды жазушылар, әдебиеттанушы-ғалымдар қазылық жасап, болашақ әдебиетшілердің ғылым жолындағы алғашқы қадамдарына, ілгерішіл ізденістеріне, жаңашыл пайымдауларына тәнті болды.
Қазақ әдебиетінің бүгіні, болашақ-бағдары, жастардың көркем әдебиетке деген құлшынысы, кітап оқу мәдениеті жайында пікір алмасу, ой өрбіту т.б. мәселелерге ұласқан келелі жиынның тұщымды баяндамалары негізінде ғылыми жинақ әзірленіп, таяу күндері жарық көретін болды. Университет мұражайын аралап, Студенттер сарайындағы мерекелік қойылымды тамашалаған форум қонақтарының ұйымдастырушыларға деген алғысы да шексіз.