Құстың қос қанатындай өнерде де, өмірде де жұптарын жазбай жүретін жандар кемде-кем. Шаңырақты да шайқалтпай, бір-бірінің сахнадағы образдарына да сызат түсірмей, керісінше, тұмсығымен ұясына жем тасыған қарлығаштай, біріне-бірі қамқор болып өткен сол сирек ұшырасатын асылдар деп Байғали Досымжанов пен Хадиша Бөкееваны айтуға болады.
Таяуда Алматы қаласы тарихының музейінде КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеева мен асыл жары және қазақ өнерінің алыбы, Қазақстанның Халық әртісі, әнші Байғали Досымжановтың өнердегі қос өрімдей көрнекті де ұлағатты өмір жолдары мен шығармашылығына арналған «Хадиша мен Байғали» атты ардагер журналист, жазушы Сара Ләтиева кітабының тұсаукесері өтті.
Сара Ләтиева, жазушы:
– Бұл өзі – Хадиша апайдың асыл жары Байғали ағамызға деген сағынышынан туған дүние. Өздеріңізге аян, Байғали Досымжанов пен Хадиша Бөкеева апайымыз өнерде де, өмірде де бірін-бірі ерекше жақсы көріп, аялап өткен адамдар. Өкінішке қарай ажал ағамызды аяулы жарынан бұрынырақ алып кетті де, Хадиша апамыз сыңар аққудай жалғызсыраған күйі артында қала берді. Сондықтан қатты сағынатын Байғали ағамызды, сағынғанда да Хадиша апамыздың сағынышы тіпті басқаша еді ғой. «Қайран, Байғали айтылмай қалды-ау, ұмыт болғаны ма, шынында...» деген ойда жүретінін үнемі білдіріп қала беретін. Байғали ағаны Хадиша апайдың шәкірттерінің бәрі өз әкелеріндей құрметтейтін, ол кісінің де көзі тірісінде шәкірттеріне деген көзқарасы сондай еді. Жалпы Хадиша Бөкеева апамыз да, Байғали ағамыз да сахнада жарық жұлдыз ғана болған жоқ, бүгінде өнерде жүрген көптеген саңлақтардың шам шырағын жаққан ұстаз, қамқор ата-ана болды.
Егер жеке-дара алар болсақ, Байғали Досымжанов қазақ ән өнерінің теңдессіз теноры еді. Ондай тенор бұрын, яғни, ол кісіге дейін де, ол кісіден кейін де болған жоқ қазақта. Бұл қазақта тенор жоқ деген сөз емес, керісінше, тенор көп, әрқайсысының өнерде өз орны бар, алайда Байғали Досымжанов пен Әлібек Дінішевтей тенорлар – өзі ғасырда бір туатын жандар. Жалпы тенор дегеннің өзі баритон мен бастың арасындағы дауыс және тенор иелері Ромео, Төлеген секілді лирикалық образдарды сомдауымен ерекше және ең бастысы, олар ең биік ноталарды қиналмай ала алады. Ал жалпы, баритон, альт, тенор деген секілді терминдерге бөлуді білмеген қазақы өлшеммен алсақ, Байғали Досымжанов сонау Ақан сері, Біржан салдардың ізін жалғаған даусы алты қырдың ар жағынан жететін ерекше үн иесі болатыны даусыз.
Ал Хадиша Бөкееваның есімін қазақ елі, қала берді, КСРО жұрты жақсы танығаны анық. Қазақ мәдениетінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы театрда өзінің жарты ғасырдан астам, яғни бүкіл саналы ғұмырын өткерген Хадиша апамыз талай-талай образдарды сомдап, талантымен тәнті еткен. Сонымен қатар бүгінде қазақ сахнасының саңлақтарына айналып үлгерген Тұңғышбай Жаманқұлов, Қ. Тастанбеков, М.Өтекешова, Ерлан Біләл, Дария Жүсіп сынды актерлер Хадиша Бөкееваның қанатының астынан шыққан балапандары іспетті, яғни, шәкірттері.
– Бұл кездесу – менің емес, осы мұражайдың қолқа салуымен қолға алынған іс, – деп жалғады әңгімесін автор. – Жалпы, мұны тұсаукесер деп айтуға келмейді, себебі, біріншіден – кітап әлдеқашан жарық көрген, екіншіден оның таралымы өте аз, небары бес жүз дана. Жұрт айтады, жалпы жасырын да емес, бұл екі аяулы жанның артында балалары қалмады. Бұл енді – Жаратқанның жазуымен берілген тағдыр ісі. Іштей бәлкім күрсініс болған шығар, әйтсе де, әлсіздік танытып, «солай болды» деп әркімге мұң шаққандарын көргеніміз жоқ. Ал Байғали ағамыз бақилық болғаннан кейін Хадиша апайдың асыл жарын жоқтауы қатты байқалды. Әсіресе өнердегі әр тұлға жайлы кітап шыққан сайын «осындай бір дүние шығарғанда ғой...» деген бір күрсінісі іштей бір тілегі байқалып қалатын. Жалпы қазақтың бір кемшілігі – көзі тірісінде құр қолпаштағаны болмаса, саф алтынның қолда барда шын қадірін білмейтіндігі. Құр мақтап немесе елеусіз қалдырып тұлғаларымызды ішкілікке үйірсек етіп, ақыры өлімге итермелейміз де, сосын барып артынан «ойпырмай, жақсы адам еді» деп өтірік жылаймыз. Рас қой?.. Текке айтылмаған ғой «қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, ал тірісінің жамандықтан аманы жоқ» деген сөз. Ал ақиқатында адамды тірісінде қадірлей білу керек.
Мәриям ӘБСАТТАР
Түйін
Тәуелсіздік алғаннан кейін өнер саласында «Тамаша адамдар өмірінен» сериясы бойынша кітабы шыққан жалғыз қазақ – Хадиша Бөкеева. Еңбек 2004 жылы шыққан болса, енді міне, содан кейінгі туынды осы кітап болып отыр. Және ол – тек Хадиша апамыздың өзі жөнінде ғана жазылған еңбек, ал бұл кітап – Байғали Досымжанов пен Хадиша Бөкеева сынды қос тұлғаның қос өрімдей қатар өрілген өмірі жайлы. Өкініштісі, кітап таралымы өте аз, небары – 500 дана. Осының өзі Хадиша апамыздың өз қаржысына шыққан. Алашқа еңбегі сіңген қос арыстың туған еліне тек тірісінде ғана керегі болғаны ма? Бұл сізді селт еткізбей ме?