Қазақ үш арсыздың қатарына күлкіні де қосады. Әрине, орынсыз күлкіден құдай сақтасын. Бірақ адам баласы оны ешқашан шектей алмасы анық. Орнымен күлгенге жететін ештеңе жоқ. Біздің халқымыз ежелден әзіл-қалжыңның бағасын біледі. Айтпағымыз мынау еді: біз күлкіні көркем туындыға қаншалықты айналдыра алдық? Шынында, осы мәселені ойланып көрдік пе? Хакім Абай өзінің төртінші қара сөзінде «Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ала ма екен? Үнемі күлмей жүре аламыз ба, үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғымен бол демеймін...» деп күлкінің маңызын көрсетіп кеткен екен. Жер-жаһан жұртына сүбелі шығармалар тарту еткен орыстың қабырғалы қаламгері Лев Толстой да оны әсемдік ретінде бағалап, оның 100-ге тарта түрін анықтап берген екен. Мына бір дерек те күлкінің адам денсаулығы үшін маңызы зор екенін аңғартады. Бір рет езу тартқанда адамның беті мен бастың бұлшық еті 15 мәрте қимылдайды екен. Бұл күлкінің, деннің саулығына әсер ететінін білдіреді емес пе? Осылай дегенімізбен, біздің қазақ өнерінде оған селқостық бар секілді. Әлі күнге дейін оның шырайын келтіре алмай жүргеніміз өтірік емес.
Кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ театры көрерменді қыран-топан күлкіге қарық етті. Оның кіндігінен өрбіген «Бауыржан-шоу», одан бергі «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Терісқақпай», «Нысана», «Алдараспан», «Екі езу» сынды өнер ұжымдары да қолдан келгенше әзілдің жүгін көтеруге білек сыбана кірісіп жүр. Олардың қаншылықты еңбек етіп жатқаны халықтың көз алдында. Сондықтан оған біз баға бермей-ақ қоялық. Қай кезде де күлкінің жүгін жеңілдетіп алмасақ, жетіп жатыр.
Қазақ өнерінде де елдің есінде қалған күлдіргі әртістер баршылық. Кезінде Құдайберген, Тоқсын, Мейірман, Уәйіс секілді өнер иелері сахна төрінен көрінгенде олардың болмыс-бітіміне қарап отырып-ақ еріксіз езу тартатын едік. Одан арғы уақытта да талай марқасқа азаматтар өнердің осы жүгін көтеріп келді. Шындығы керек, ол кезеңдерде қазіргідей күлкі арқылы ақша табу алдыңғы кезекке шыққан жоқ болатын. Дара тұлғалар бұл өнердің қасиетін ұғынып, сол мақсатта ерінбей-жалықпай қызмет етті. Өкінішке қарай, бүгінгі күні осы жанрды ақсатып алғанымыз да жасырын емес.
Бір ғана мәселені айта кетелік. Қазіргі күні қазақ комиктері арасында ел алдына жеке-дара шығып, монолог оқитын әртістер жоқтың қасы. Бар болғанның өзінде, өзінің көрсетіп тұрған бейнесін алып шыға алмай әуреге түседі.
Сонау бір жылдарда Тұңғышбай Жаманқұлов, Құдайберген Сұлтанбаев, Бауыржан Ибрагимов сынды әртістер оны өз деңгейінде орындаған-тын. Қазір оған бел буып, жалғыз өзі жиналған жұртты күлдіре алатын жас буын мүлдем жоқ десек болады. Әріге бармай-ақ қоялық, көршілес Ресейдің өзінде оны меңгерген мыңдаған әртістің бар екенін көріп жүрміз. Әрине, оның көш басында Евгений Петросян секілді өнер иелері бар. Ол күлкілі әңгімелерді өзі жазады, өзі орындайды. Біздің әртістерде осы жағы олқы соғып тұр десек те болады. Ол қаншама шәкіртті баулып шығарды. Өкінішке қарай, біздің жасы үлкен өнер иелері оған ешбір мән бермей келеді.
Жетес ЖОЛДАСБАЕВ, «Сыр әзілі» театрының әртісі:
– Сахна төрінде күлкілі шығарманы орындау оңай емес. Оған әртістің қабілеті керек. Ерекше ізденуді талап етеді. Ал жеке шығып, интермедия көрсету – қиынның қиыны. Рас, елдің арасында талантты қыз-жігіттер баршылық. Бірақ оларды өнердің осы түріне баулу кемшін түсіп жатады. Оларға бұл жанрдың қыр-сырын үйретуге мән бермей келеміз.
Кино саласында комедия жанрының орны бөлек. Мамандардың айтуынша, комедия кинода алғаш өмірге енген жанрдың бірі болып табылады. Ең бірінші ағылшын комигі Чарльз Чаплин түскен фильмдер көрерменге жол тартқан. Одан бергі уақытта да талай актерлер комедия жанрын жарқырата білді. Атап айтқанда, америкалық комиктер Джордж Карлин, Джозеф Фрэнк Китон, Бенни Хил, Францияның мықты өнер иелері Манс Линдер, Луи де Фюнес, Пьер Ришар, орыс Юрий Никулин, Савелий Крамаров сынды азаматтар көрерменді күлкіге қарық етті. Тіпті олардың сомдаған бейнелері әлі күнге дейін көпшіліктің езуіне күлкі ұялатады. Олар түскен киноларды бүгінгі күні де жалықпай көреміз. Неге?
Бізде де сондай актерлер баршылық. Өкінішке қарай, сол азаматтардың жарқырап көріне білген кинолары мүлдем жоқ десек те болады. Бірді-екілі кинотуындыларда көрініп қалғанын місе тұтамыз. Болмаса күні кеше өнер саласының жарық жұлдызы атанған Құдайберген, Мейірман, Тоқсын, Уәйіс сынды актерлер шетелдік әртістерден бір мысқал да кем түспейтін жандар емес еді? Дегенмен біз қолда барды бағалай білмейміз. Қазірдің өзінде кез келген комедияға сұранып тұрған актерлер бар. Мәселен, Бауыржан Ибрагимов, Әбунасыр Серіков, Нұржан Төлендиев, Берік Тұрсынбеков секілді ел танитын өнер иелері бар. Бірақ олардың болмыс-бітіміне келетін образдар сомдалатын көркем фильмдер жоқ десе де болады. Болған күннің өзінде, шетелдік комиктер тәрізді дараланып көрінуге әлі де мүмкіндік ала алмай жүрген жайы бар.
Данияр САЛАМАТ, кинорежиссер:
– Рас, қазақ киносында комедия жанры әлі де өз деңгейінде емес. Десе де, соңғы жылдарда оған құлшыныс байқалып отыр. Отандық телеарналарда біршама туындылар көрерменге жол тартты. Әрине, бұл тұрғыда проблема жоқ емес. Бізде комедия жанрында сценарий жазатын қаламгерлер аз. Әрбір туындыны түсірердің алдында сценарийдің маңызы зор.
Иә, жылма-жыл 1-сәуір Күлкі күні ретінде аталады. Осы бір атаулы күн жақындаған сәтте ойланып қаламыз. Отандық телеарналар бұл бағытта қазақстандық өнімдердің жоқтығынан шетелдік киноларды көрсетуден әріге аса алмайды.
...Қазақ күле алмайтын халық па сонда?..
Қазақ күле алмайтын халық па?
Последние статьи автора