Қазақ мәдениеті мен өнері үлкен талант иесінен айырылды. Қазақ киносы мен театрының көрнекті өкілі, актриса Тұрақан Садықова 72 жасында дүниеден өтті.
Қазақ театры сахнасында үлкенді-кішілі, елеулі-елеусіз талай рөлдерде ойнап, саналы ғұмырын өнерге арнаған Тұрақан Садықова кино арқылы қалың көрерменге танылған еді. Оның өнердегі алғашқы сүбелі жеңісі де киномен байланысты. Тұрақан апа Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильміндегі ене рөлі ойнап, осы рөлі үшін «Құлагер-2009» жүлдесін иеленді, жылдың үздік актрисасы атанды. Ал 2010 жылы еліміздің Киногерлер одағының толыққанды мүшесіне айналды. «Келінді» экраннан алғаш көрген көзі қарақты көрермен Тұрақан апаның өз кейіпкеріне дарытқан тәңіршілдік рухына тамсанған болатын. Актрисаның шеберлігіне тәнтті болған Қазақстан Кинематографистер одағының басшылығы Тұрақан апаны «Экран шебері» медалімен марапаттады.
Бітім-болмысымен дараланатын талант иесі Тұрақан апай өзінің ең алғашқы түскен киносы «Отырардың күйреуінен» бастап, «Сталинге сыйлық», «Жел-адам», «Әурелең» фильмдерінде де шағын, бірақ мейлін-ше тартымды, айрықша рөлдерді сомдады. Актрисаның ешкімге ұқсамайтын трүр келбеті, болмысы шетелдік танымал киногерлердің де назарын аудармай қалған жоқ. Мысалы, жақында белгілі неміс режиссері Файт Хельмер Тұрақан Садықованың қатысуымен «Байқоңыр» фильмін түсірсе, осыдан бес жыл бұрын Фолькер Шлендорф «Ұлжан» картинасындағы басты кейіпкердің әжесінің рөлін ешқандай сынақсыз-ақ, бірден Тұрақан апайға тапсырған және түсіру жұмыстарының барысында әрдайым оның пікірімен санасып, ақыл-кеңесіне жүгініп отырған. Актрисаның табиғи талантына, ақыл-парасатының тереңдігіне риза болған Ф.Шлендорф кейіннен «оның бет-жүзінен көне замандардың даналығы байқалады» деген пікірін білдірген.
Тұрақан апа талантты актриса ғана емес, қазақтың қасиетті аспабы қобызда шебер ойнайтын өнерлі жан еді. Ол – халқымыздың ғасырлардан жалғасып келе жатқан өмір үрдісіне, салт-дәстүріне сай өмір сүрген, даналығы, даралығы тал бойына туа біткен адам. Оның дарыны туралы Ермек Аманшаев, «Мен Тұрақан апаның бойынан қасиетті даламызды, онда болған әлдебір кезеңдік оқиғаларды, жоғалтқанымыз бен тапқанымызды, ауыздығымен алысқан тұлпарлардың арынын көремін» дейтін, Ал Тұңғышбай Жаманқұлов: «Келінде» ол ойнамайды, өмір сүреді. Табиғат-ана өзін қалай жаратса, экранда ол солай көрінеді. Яғни бұл кинода ол – ұрпақ жалғастығы үшін жанын салатын кәдімгі ана, қара-пайым әйел. Шындығында, Тұрақан тәте – мінезді актриса. Жалпы, қазақ әйелдері қашаннан-ақ сондай болған. Әйел-ананың ақыл-ойын, парасатын, сезімін ата-бабаларымыз әрқашан жоғары бағалаған» деп пікір білдірген болатын.
Театрда да тосын характерлі, комедиялық, әртүрлі қызықты, бірақ көбінесе эпизодтық рөлдерді ойнап келген Тұрақан апаның жұлдызын қалай дегенмен де кино жақты. Тұрқан Садықова Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» атты тарихи фильмінде де ойнады.
Шығармашылық жұмыстың да, сахнадағы рөлдің де үлкен-кішісі жоқ деп санаған Тұрақан апа қай-қайсысына болсын, өзіне тән үлкен жауапкершілікпен, тума талантпен, қазақы таным-біліммен құлшына кірісетін. Оның өмірінің мәні болған өнерге деген махаббаты бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ал оның театрдағы, кинодағы рөлдері мәдениетіміздің алтын қорына енетін құнды мұра. Тұрақан апамыздың жаны жәннатта болсын!!!
Өмір-дерек
Тұрақан САДЫҚОВА 1942 жылы 20 желтоқсанда Алматы облысы Нарынқол ауданы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қазақтың М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы актерлік студияны бітірген. Жалпы, жиырма бес фильмде үлкенді-кішілі рөлдерде ойнаған. Соның ішінде «Отырардың күйреуі», «Келін», «Жел-адам», «Әурелең», «Ұлжан» фильмдеріндегі рөлдері көрерменге жақсы таныс.