«Қазақ ісін» зерттеген журналист
Қазақ халқының басына нелер келіп, нелер өтпеді десеңізші. Репрессия қырғынын жүзеге асырған кеңестік билік қашанда қазақтың маңдайалды һәм алдыңғы қатарлы тұлғаларына тісін батыруын еш тоқтатпаған.
Қазақ халқы бастан кешкен қилы кезеңдер мен саяси репрессиялардың соңғысы Г.В.Колбиннің республика басшылығына келген 1986 жылдың желтоқсаны мен 1989 жылдың маусым айы аралығындағы мезгіл еді. Ол 1986 жылғы жастардың Желтоқсан көтерілісіне республиканың бұрынғы басшысы Д.А.Қонаевты кінәлі етіп шығару үшін барлық құйтырқы, заңсыз әрекеттерге барған. Мұның барлығын сол кездегі тергеу амалдары мен сот мәжілістері тұрғысындағы құжаттарды терең зерттеп-зерделеген Көлбай Адырбекұлының «Казахское дело» аталатын зерттеу мақалалары жан-жақты ашып берді. Қонаевтың кадрлары деп елдің беткеұстар зиялыларын «қонаевщина», «ұлтшылдар» атап, Шымкент обкомының бұрынғы бірінші хатшысы А.Асқаровты, онымен қызметтес болғандарды «асқаровшылар» деп жаппай қуғын-сүргінге ұшыратқандығы туралы сөйлейтін мұрағат материалдары да – осында. Одан бөлек, ұлттың біртуар ұлдары Ө.Жолдасбеков, С.Әшімбаев, Т.Қожакеев және Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар – Қ.Рысқұлбеков, Ж.Сәбитова, Н.Сабильянов, М.Әбдіғұлов және сол көтеріліс жөнінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің арнайы құрылған комиссиясының тең төрағасы М.Шаханов туралы мұрағат деректерге сүйеніп, қилы да қиын тағдырлар жөнінде жазған қызықты жайлар баяндалады.
Иә, сол бір аумалы-төкпелі уақытта «Іштен шыққан жау жаман» демекші, өзіміздің кейбір зиялы қауым өкілдері елімізге кездейсоқ басшы болып келген Г.В.Колбин мен оның жандайшаптарына жағымпазданып, ұлты, тілі үшін басын бәйгеге тіккен жанашыр азаматтарға ор қазып бергені өкінішті. Бұл туралы Көлбай аға өз зерттеу мақаласында: «Жаны ашымастың қасында басы ауырмастың» кері осы шығар. Алайда Желтоқсан көтерілісінің жан жарасы арада жиырма бес жыл өтсе де жазылған жоқ. Сыздап жаныңды жегенде бәрі де еске түседі. Кімнің кім болғанын таразыға салып бағалайсың. Халықтық қасіретке күле қарағандарды қайтіп құрметтейсің. Жалпы, ондай жандарды кешіруге бола ма?..» – деп тебіренеді. Ал Д.Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген естелігінде: «...Сілкінсем қайтеді деген бір ой түрткіледі. Ашынған тілді келеді. Айтсам, айтайын дедім. Бірақ оның немен тынатыны өзіме аян. Оның үстіне жағдай басқа. Батылы жетіп біреулер қолдаса, дұрысты дұрыс деп айтса жақсы. Әй, қайдам-ау... Іштен қолдаса қолдар. Бірақ тар жерде қол созамын деп, жеп отырған нанынан ешкім айырылғысы келмес. «Тура биде туған жоқ» дейтін заман жоқ» деп ой қозғауы бекерден-бекер емес.
Әрине, «Казахское дело» – мұрағат материалдарын ақтарып, құжаттарға ұзақ уақыт телмірудің жемісінен туған дүниелер топтамасы. Зерттеу мақала, аты айтып тұрғандай, аса ыждағаттылық пен терең сараптама жасауды қажет етеді. Көлбай ағаның алдына қойған мақсаты да осы болатын. Әлі де болса жабулы қазан жабулы күйде қалған ақиқи шындықтың бетін ашуды келешек ұрпақ алдындағы борышы санаған Көлбай Адырбекұлы күндіз-түні сол құнды деректерді қағаз бетіне түсіруден еш жалықпады. Әрі оны халықаралық «Түркістан» газетіне 2000 жылдардан бері тұрақты жариялап та жүр.
Көлбай Адырбекұлының газет бетінде бірнеше жылдар бойы жарияланған зерттеу еңбегі – «ХХ ғасыр: соңғы репрессия (1986 желтоқсан – 1989 шілде)» атты кітап болып басылып шыққаннан-ақ оқырмандарға тез тарап кетті. Оны әлі де сұрап жатқандар көп. Сондағы бар тілегі – бұрын-соңды ашық әрі тиянақты түрде жарияланбаған мұрағат материалдарына сүйеніп, зерттелген мақалалардың оқырманға тез жетіп, көзін ашу еді. Күн сайын газет редакциясына телефон шалып, «Казахское делоның» келесі кейіпкері кім, қай санға шығады?» дейтін көзі ашық оқырмандар – солардың қатарынан. Бұл әуелгі кезекте оқырманға не керектігін дөп баса білетін Көлбай ағаның табанды батылдығы мен адам сүйсінерлік еңбекқорлығының жемісі шығар. Ол кісі қашанда газет редакциясы табалдырығын аттаған кез келген жас журналистің шыңдалуына жол көрсетіп, шәкірт баулудан жалыққан емес. Тіпті журфактың оқытушылары айта бермейтін ақыл-кеңесті үйіп-төгіп құлағыңа құйғанда, өзің де Көлбай ағаның пейілінің ақ екендігіне тәнті боласың.
Ол республикаға белгілі өнер адамдары туралы да қалам тербеді. Кейінгі жылдары «Үш мысал, бір түйін» мақалалар топтамасы да, Оралхан Бөкей бастаған «Ауыл хикаяларын» да жалғастырған қаламгер. Кәдуілгі қоңыр ауылдағы қарапайым адамдардың образын жан-жақты ашуға тырысқан қызықты әңгімелері оқырманның жүрегінен жол тауып жүр.
Қаперге!
Көлбай аға «Казахское дело» зерттеу еңбегі үшін өз бағасын алып, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығына ие болды. Бүгінде алпысты алқымдаған журналист «Түркістан» газеті негізін қалаған уақыттан бері тынбай жұмыс істеп келеді. Оның газет бетінде «Казахское дело» зерттеу еңбегінен бөлек, қазақ халқының тарихи тұлғалары: Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, Е.Ешмаханов, Қ.Жұбанов және тағы басқалар туралы жазғандары да өз алдына бір төбе.