«Бойжетейін не ержетейін, сосын...» немесе «Арықтап, әдемі болайыншы, сосын...», «ақша жинап, үй салып, машина алайын, сосын...», «отбасын құрайын, немесе керісінше ажырасайын сосын...», «зейнеткерлікке шығайын, СОСЫН БАҚЫТТЫ БОЛАМЫН» Байқайсыз ба, біз көпшілігіміз осылай өмір сүреміз, бақытты өмірді бүгін сүруден осылай ерікті түрде бас тартып, ертеңге шегере береміз, шегере береміз...
Бірақ «ертең» ешқашан келмейді! Себебі ме? Себебі... сіз бүгінгі күнді сүрген жоқсыз ғой? Қазір қолда барды бағалай білмесеңіз, ертең «бақыт неге келмеді?» деп бұлданып жүрмеңіз. Кім білсін, мүмкін сіз кеше бақытты болған шығарсыз, тек оны сезіне алмадыңыз... Әдетте адамдар басына бақыт құсының келіп қонғанын байқаймайды екен, тек ол пыр етіп ұша жөнелгенде барып «ойбу, ол менің басымда отыр ма еді?» дейді екен...
Бір мысал келтірсем: тойда отырмыз. Қоныс тойы болатын. Отбасы он-он бес жыл дегенде бір шаңыраққа әрең қол жеткізгендіктен, қандай қуаныш екенін шамалай беріңіз. Сонда сөз кезегі бір орта жастағы келіншекке тиді. Ешбір асып-тасып бара жатқан атағы да, қызметі де, ғалымдығы да жоқ, бірақ ол сөйлегенде көзіне жас алмаған адам қалмады. Себебі ол сөзді былай бастады: «Бақыт дегеннің белгілі бір өлшемі, түр-сипаты, мерзімі жоқ және ол көзге көрінбейді, тіпті сезілмеуі де мүмкін екен. Бүгін сіздер үшін сондай бір керемет шақ болып тұр, әрине, баспана алу оңай емес, сондықтан бұл да бір бақыт. Бірақ... белгілі бір дәржеде ғана. Бұрын біз де осындай бір үйлі болуды армандадық. Жатақхананың тар бөлмесінде бала-шағамызбен, келімді-кетімді адамдарымызбен сығылысып жатқан күндерде «Шіркін, өз үйіміз болса ғой, қандай Бақытты болар едік?!» дейтінбіз талай. Сөйтіп жүріп, шүкір қазір үйіміз бар... Бірақ... дәл қазір маған Жаратқан ғайыптан тайып таңдау берсе: «осы үйді таңдайсың ба, әлде сол жатақханадағы кезіңе қайтқың келе ме?» десе, еш ойланбастан «сол күндерді, тіпті сығылысып, табалдырық алдында жатсам да, сол күндерге қайтаршы, Алла» дер едім....»
Ұзақ пауза...
Бәріміз «жынды ма, неге өйтеді?» деген сұраулы көзбен әлгі келіншекке аңтарыла қарап қалдық.
Көзі жасаурап тұрды да, ол сөзін жалғады.
Себеп ол кезде менің жарым тірі еді... - деді. Осыны айтты да ол көмейге келген өксігін тыя алмай, жылап жіберді. Бірақ бойын тез жинап алды. «Бақыт ертең келеді» деп жүргенде, Бақыттың қасымда жүргенін сезбей, бағалай алмай қалыппын. Кешіріңіздер, мен сіздердің тойларыңыздың шырқын бұзайын деген жоқ едім, тек бір ғана нәрсені айтқым келді, деді де той болып жатқан үйдің келіншегіне бұрылып, «Күләшжан, анау босағада отырған отағасының қадірін білші. Сол аман болсын, отбасыңның тіреуі, балаларың мен өзіңнің қорғаның, әйтпесе үй де, дүние-мүлік те келіп, кете беретін, өткінші жауын сияқты нәрселер. Бүгінімізді қадірлейік, халайық, ертеңіміз не боларын бір Алла ғана біледі» деді.
Ертеңге қалдыру – өркениеттің өзімен ала келген дерт, - дейді әлеуметтанушылар. Көптеген адамдардың тек тәні ғана осы күнде сүйретіліп жүргені болмаса, ақыл-ойы, есіл-дерті «ертеңгі өмірде» болады екен. Қарапайым бір ғана мысал, Кеңестер Одағы кезінде адамдар коммунизм елесімен өмір сүрді. «Бәрі тегін болады екен, анау екен, мынау екен...» деп. Бейне жұмақты аңсағандай, қиялдағы коммунизмге құштарлана өмір сүрді біздің ата-әже, әке-шешелеріміз. Ал сол орнады ма? Жоқ. Есесіне олар сөйтіп жүріп қартайды. Сонда барып ненің не екенін, ненің қадірін білмегенін түсінді. Мұнымен айтпағым не? Бүгін істейтін істі ертеңге қалдыру қаншалықты дұрыс екенін өзіңіз бағамдап отырған шығарсыз? Ертең түгілі бір минуттан кейін не болатынын білмейміз, сондай сағым дүние ғой бұл. Әрине, ұмтылыс керек, «қазір болмай тұрса, ертең болады» дейміз, бірақ оған мақсат құрып жететіндер аз да, өзі келетіндей, құр бүгінін өткізіп жүре беретіндер бар ғой? Тірлікке қолы бармай... Айталық, қарапайым ғана мысалы, бір қызықты кітапты сатып алады да, «қазір уақытым жоқ, кейін зейнетке шығайын, сол кезде оқимын, әзірге кітапхана болып жиналып тұра берсін» дейтіндер бар. Сөйтіп жүріп өмірден өтіп кетті, не кітапты оқи алмады, не бүгін артында қалған баласы не немересі бір бөлме сірескен кітапхананың қадірін біліп оқу былай тұрсын, «интернет толы ақпарат, қажетімнің бәрін табамын, олай болса үйдің ауасын тарылтып қайтем?» деп әлгі әкесі не атасы көзі тірісінде тірнектеп жинаған байлығын елге таратып бере салды не өртеп жіберді... Қандай өкінішті?!.