Ләйла СҰЛТАНҚЫЗЫ, «Балапан» телеарнасының директоры, продюсер:
«Тағдыр таразысының қалай қарай ауатыны, бесіктің қалай тербелуіне байланысты» деген екен поляк ойшылы Станислав Ежи Лец. Демек, балаға жай бала деп қарау, қоғамның өз болашағына ойыншық деп қарағаны. Шүкір дерлік бір жағдай, бүгінде бауыр еті балаларымызға арналған «Балапан» атты таза қазақ тілінде сөйлейтін телеарнамыз бар. Ашылғанына екі жылдай уақыт болды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай біз осы арнаның директоры Ләйла Сұлтанқызымен сұхбаттастық.
– Қазақ көрермені өзіңізді бұры «Супер стар» байқауында қазақы мүдделі әділ қазы деп, кейінірек «Хит тв» секілді арнаның басшысы, сосын осы «Балапанның» жүргізушісі деп танитын. Енді таяуда «Балапанның» басшысы болдыңыз. Олай болса, әңгімені қазақ баласының алғашқы арнасына хош келдіңіз деп бастасақ. ..
– Ашылғанына көп уақыт болмаса да, «Балапан» қазақстандық кішкентай көрермендердің көбінің жүрегін жаулап алуға айналды. Мен өзім соңғы сегіз ай көлемінде отбасыммен Астана қаласына көшіп кеткен болатынмын. Әйтсе де «Балапанға» жетекшілік жасау ұсынылғанда, еш ойланбастан қабылдадым. Өйткені, ең біріншіден, мен – өзім ана болғалы бес жылда біздің ақпарат кеңістігіндегі балаларға арналған бағдарламаларға әбден «тойған» ата-анамын. Екі баламды өмірге әкелген аралықта да үйде отырып, солармен бірге шетелдік, ресейлік балалар арнасын көріп, өзіміздің ұрпағымыздың түрлі идеялар, түрлі кейіпкерлердің жетегінде кетіп жатқанын, солармен сусындап өсіп келе жатқанын көріп, қарным ашатын. Өйткені мен тәрбиелеп отырған балалар қазақ тілінде, яғни өз ана тілінде сөйлесе деймін, мен тәрбиелеп отырған бала басқаның баласынан ақылды, ерекше болса екен деймін. Бұл жерде мен дегенде тек өзімді айтып отырғаным жоқ, әр ата-ананың атынан сөйлеп тұрмын. Жалпы, қазақтың мықты ұлт болғанын қалайтын адам өз баласының жай ғана ақылды, зерек қана емес, сондай-ақ ұлттық сана-сезімі жоғары, ата-анасын жақсы сыйлайтын, жеті атасын жатқа білетін бала болып өсуін қадағалауға тиіс.
– Яғни қазақ болу маңызды емес, ең бірінші, орысшаға судай, екіншіден, ағылшын тілін меңгеріп, ертең әлемге танылса дейтін қазақ ата-аналар, өкінішке қарай, көбірек. Олардың бетін қалай бері қаратуға болады?
– Негізі, шыны керек, қала баласын қазақыландыру деген – қиын мәселе, себебі ол үшін олардың ата-анасы қазақы болуға тиіс қой. Білемін, баланың бетін «Балапанға» бұрып, қазақыландыру деген бір күннің, бір айдың, яғни шектеулі уақыттың шаруасы емес. Жылдар кетер, қаншама күш-жігер кетер, бірақ сол мұраттың жолына табандап кірісер болсақ, түбі бір нәтижеге жетеміз. Бізге әзірге осы жолда қолбайлау болып тұрған бір жағдай – арнаның кабельдік арналар ішінде ғана болып тұрғандығы. Сондықтан аудиториямыз әзірге тарлау, көп елді мекен, әсіресе таза қазақы ауылдар бізді тамашалай алмай отыр. Байқасаңыздар, арнамызда жарнама жоқ, түгелімен мемлекеттің қаржыландыруында отырған арнамыз. Егер мен бизнесмен болсам, «бұл жай ғана шығынға ұшыратып отырған арна ғой» деп қарауым мүмкін. Бірақ оған аузым бармайды, себебі бала – біздің болашағымыз. Егер оның тәрбиесіне қазір көңіл бөлмесек, онда ертең кеш қаламыз. Біз қазірдің өзінде тереңдікті жоғалтқанбыз.
Баланың ең тәтті шағы – енді ғана былдырлап тілі шыға бастаған кезі. Ол кезде әлі ол ата-анасына, әжесіне тәуелді, ол кезде бала әлі айтқанды істеп, алдағанға көнеді. Ал содан сәл өскен соң ол «өзім білемге» бастайды, яғни өз бетінше бір нәрсе жасағысы келіп, анасы оны кішкентай бала деп қарағанына өзінше наразылық танытып, ішкі «менін» көрсете бастайды. Айта кетерлік жағдай, қазіргі балалардың логикалық ойлау жүйесі дамыған, қазіргі заманның жаңа технологияларын шапшаң меңгереді, үш жасар балаға ұялы телефон, I-Pod беріңізші, үш күннен кейін іші пыса бастайды. Сенбесеңіз, өзіңіз сондай жерге барып қалсаңыз, бала және техника деген әңгіменің ұшын ғана шығара қойыңызшы, аналар ағынан жарылады: бірінші болып олар сөзді «менің балам ұялы телефондағы ойындарды керемет біледі», «менің балам интернетті менен артық меңгерген» деп тамсанады. Бірақ біреуінің аузынан «менің балам асықты керемет иіреді», болмаса «менің балам күшті ләңгі тебеді», «менің балам домбыраның құлағында ойнайды» деген сөзді естімейсіз. Сосын олар баласының «Балапанды» көретінін емес, көрмейтінін айтып мақтанады. Қазіргі баланың логикасы мықты, технологияға жетік, ата-анасына ақыл үйретіп тұрады, бірақ қазақы болмай тұрғаны осының барлығын өкінішке айналдырады. Алайда осының өзінен жақсы жағын алу керекпіз, яғни сол зеректігін біз қазақ тіліне бұрып, қазақша тәрбие алу жағына бастауды реттеуіміз керек. Әйтпесе алысқа бармай-ақ, өз балам мектепке күнде қазақша сөйлеп, кешке орысша кемі бес-алты ауыз сөз қосып қайтады. Неге? Себебі қазақ мектебі болса да, балалар онда бір-бірімен орысша сөйлеседі. Осылай кете берсе, бір жылға жетпей баламның сондай ортада орыс болып кететіні көрініп тұр. Әлі аузынан ана сүті кеппеген балалар «казахский не модно, давайте, лучше говорить на английском» дейтін көрінеді. Сөйткен бүлдіршіндердің «Балапан» көретініне күмәнім бар. Ащы да болса шындық, қазақ байларының көбі орыстілді, ал орыстілді қазақтар «Балапан» арнасын көрмейді, оған менің көзім анық жетеді. Көп жерде болып, олардан мәнісін сұрадым да, «почему такой тяжелый казахский язык?» деп өзіңе қарсы сұрақ қояды. Себебі әке-шешесі былай тұрсын, атасы мен әжесі де сөйлемейді ғой, міне, мәселе қайда жатыр?!
– Демек, «Балапан» тілі әлгі балалар үшін баяғы көне заманда қалып кеткен, қазір қолдануға жарамайтын жәдігер сияқты ғой? Ендеше, осылай екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды емес пе, балаларымызды қайтсек қазақ қыла аламыз?
– Әрине, «осылай ғой, біз не істей аламыз?» деп қарап отырар болсақ, онда «Балапан» ашылмас та еді ғой. Негізгі акцент – қазіргі таңда Қазақстанда тұратын бала атаулының барлығы «Балапанды» көруі керек, оны үлгі тұта алуы керек! Балалар ғана емес, одан бұрын ата-әже, әке-шешесі, сосын балабақшада әдістемені құратын мамандар, мектеп мұғалімдері «Балапанды» көріп, балалардың сол арнаны көруіне ықпал етуі керек. Мен тіпті балабақша тәрбиешілеріне осы жолда әдістеме жасауға қол ұшын созар да едім, себебі – өзім де ата-анамын. Бұл – балаларымызды қазақыландыру жолындағы стратегиялық жоспар. Мысалы, біздің бүлдіршіндеріміз неге Nickeleodeon арнасын көреді? Себебі оның бағдарламаларын әлемге әйгілі жұлдыздар Уилл Смитт жүргізеді, Хайди Клум отбасымен келіп үстіне бояу шашып ойнайды, баламен бала болып кетеді. Ал балаларға сол ұнайды. Олай болса, бізге де сол орыстілді баланың қызығушылығын қамтуға тырысу керек, бірақ ол орысшаға көшу керек деген сөз емес. Дегенмен сөйте тұра оларға жайлап асықты да үйретіп, қала балалары арасында асық ату да сәнге айналуы керек. «Ой, да ладно, ваши асыки» деп сөйлейтін баланың бетін бұрудың да жолдары бар ғой?.. Мәселен, асықты ақырындап бағдарламаға енгізіп, артынан асық жайлы мультфильмге қосайық, сосын оны кілтке тағар етіп дүңгершіктерде сатайық, көрдіңіз бе, даму бар ғой?!. Бірден қабылдай алмайды, әрине, бірақ тоқтамай ұсына беру керек беру керек, сонда көз үйренеді, соңы ол сәнге айналады. Тіпті ақырында ол ойыншыққа, компьютерлік ойынға айналуы керек, міне, қазақылықты қоғамға, бала санасына сіңіру деген – осы! Мұның барлығы – қымбат және дамуы бірнеше жылға созылатын процестер, бірақ соны мақсат етсек, түбі жетеміз. Мен бастасам, біреулер жалғастырар.
– «Балапан» арнасының осы ретте нақты қандай жоспары бар?
– Біз маусымның 10-на дейінгі аралықта әрқайсысы 7 минуттық 20 сериялы анимациялық сериал сценарийіне байқау жариялап отырмыз. Оған республикалық және аймақтық кинокомпаниялар мен киностудиялар, шығармашылық бірлестіктер мен анимациялық топтар, тіпті жекелеген адамдар да қатыса алады. Бұл байқаудың мақсаты – біреудің сценарийін алып, оған бес-он мың ғана төлеп, жөніне қоя беру емес, сол үздік сценарийімен жеңіп алған топқа қомақты қаржы құйып, балаларға жақсы туынды ұсыну. Демек, оны жеңіп алған топтағы әр адамның отбасын асырауға, айталық, бір жылға ақшасы бар, ол алаңсыз бар пейілімен осы мультфильмді жасауға кіріседі. Анимациялық сериал сценарийлері «Тентегім», «Бүгінгінің батыры», «Сөйлейтін жан-жануарлар», «Сөйлейтін техника» немесе «Ақылды техника» деген тақырыптар аясында жазылуға тиіс. Айта кетерлік жайт, біз бұл жерде қазақ батыры міндетті түрде дулығамен болуы керек, қолында найзасы болуы керек деген секілді бұрынғы ескі стереотипті жоюға тырыстық. Неге? Себебі онымен біз баланың көңілін өзімізге аудара алмаймыз, қазақ анимациясы бүгінгі баланың талабына сәйкес келуі керек. Сондықтан суретші қиялына ерік бердік, оның барынша бүгінгі балалардың қабылдауына келуіне мән бердік. Ал «Сөйлейтін техника» дегеніміз, ол да бала қиялына қарай бейімдегеніміз, бүгінде ешкім «машина ұшпайды, сөйлемейді» дей алмайды. «Көліктер» мультфильмі жақсы қабылданды, өйткені онда әр көлік адамша сөйлейді, бала оны сондай ықыласпен қабылдады. Енді біз де сол заман ағымына сай жұмысқа тәуекел деп кірістік. Маусымның ортасына таяу байқау нәтижесі белгілі болады.
– Ендеше, іске сәт!