Ертеде өткен шығыстың дана ойшылдарының бірі «Егер бір елдің қалай басқарылып отырғандығын, халқының үлгі тұтар өнегесінің қандай екендігін білгің келсе, сол халықтың музыкасына құлақ түр» деген екен. Бағалай алсақ, қай халықтың болса да рухани тіршілігінде музыканың алар орны өзгеше екендігін байқаймыз. Дәл осы ретте марқұм Әмина Нұғманды халық әндерін өзіне тән нақышпен тамылжыта орындауымен қатар, оны зерттеп, насихаттауда ұлан-ғайыр еңбек еткен біртуар азаматтарымыздың бірі ретінде атауға болады.
ҚР Ұлттық кітапханасында Әмина Нұғманның Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде жарық көрмеген «Қазақтың әншілік дәстүрі» атты докторлық монографиясын талқылауға еліміздің айтулы ғалымдары бас қосты. Тәуелсіздігіміздің арқасында Әмина Нұғманның қызы Баян Нұғман аталмыш монографияны баспаға ұсынып, жарыққа шығарыпты. «Аталмыш еңбектің ұлттық нақышты сақтап, халық жадынан өшіп бара жатқан көптеген әндері қайта тіріліп, рухани қазынамызға қосылуы сол кісінің атымен байланысты», – дейді ғалым Жарқын Шәкәрім. Әмина Нұғманның қазақ ғылымына қосқан үлесін ғалымдар былайша сипаттайды: «Ұлттық кітапхана қорында автордың 1959-2010 жылдар аралығындағы шығармашылығына байланысты 50-ден астам әдебиет, оның ішінде күйтабақтар сақталған. Сонымен қатар Әмина Нұғман 1989 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда «Халық әні» кафедрасын ашты». Филология ғылымының докторы Тұрсынбек Кәкішев кезінде шетелден көш бастаған алғашқы өнертанушылардың бірі ретінде Әмина Нұғманды ерекше атады. «Өнерге, оның ішінде ән айтуға қабілетім жоқ болса да, Әминаның әнін тыңдаған соң ерекше әсерлендім», – деп таңданыс білдіргенін жасырмады. Ғалым Жарқын Шәкәрім Әмина Нұғманның бүгінгі еңбегінің жаңашылдығы туралы айта келе: «Қазақтың әншілік дәстүрі» атты еңбекте тұңғыш рет Семенов-Тянь-Шанскийдің Абай мұрасын зерттегендігі туралы айтылады және де өзіне дейінгі өнертанушылардың еңбектерінде қамтылмаған дәйекті фактілерді ортаға салады», – деп мәлім етті.
Жарқын ШӘКӘРІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Қазақтың әншілік дәстүріне үлес қосқан тұлғаларды XIX ғасырдан бастауға болады. Ал 50-жылдарда қазақтың әншілік дәстүрін жинап, жол бастаған адамдардың бірі – Әмина Нұғман. Болашақ балалардың әншілік өнері туралы жазған кітаптары арқылы ол – Жетісу, Арқа әндерін, Батыс Қазақстан әндерін тұңғыш рет талдаған тұлға.
ДЕРЕК
Әмина Нұғман – белгілі әнші, өнер зерттеуші ғалым, педагогика ғылымының кандидаты, доцент. Қазақстан мұсылман әйелдері одағының төрайымы, қажы. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген. Қазақтың Қыздар педагогикалық институтында ұзақ жылдар музыкалық әдістеме кафедрасын басқарған. 1971-1980 жылдары қазақ телевизиясында «Гәкку» атты музыкалық-фольклорлық бағдарлама жүргізді. Жүздеген әндері мен күйтабақтары «Алтын қорда» сақталған.