Қазақ анасының символы
... Ол кісі атақтан кенде болған жоқ. Қазақстанның халық әртісі болды, Мемлекеттік сыйлықты иеленді, басқа да толып жатқан үлкенді-кішілі орден-медальдармен марапатталды. Бірақ соның ешқайсысы Әмина Өмірзақованың қазақ театрына, қазақ киносына сіңірген ұлан-ғайыр еңбегінің толық өтеуі бола алмасы анық. Осыдан екі жарым жыл бұрын актриса дүниеден өткенде, қазаға қайғырған жұрт «қазақ киносының тұтас бір дәуірі Әмина апамен бірге кетті...» деген-ді. Әмина Ерғожақызының 50-ден астам кинофильмге түсіп, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театрында табан аудармай, алпыс жыл еңбек еткенін ойға алсақ, осылай болуы заңды да...
Көзі тірі болғанда, Әмина апа биыл 90-ға толар еді. Таңғажайып талант иесінің ұрпаққа үлгі боларлықтай ұланғайыр еңбегіне тәнті жұртшылық алдыңғы күні Алматыда актриса тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылғанының куәсі болды. Сол күні Кино үйінде еске алу кеші өтіп, театрда, кинода Әмина апамен әріптес болған өнер майталмандары өз естеліктерімен бөлісті.
Әдетте көрермендердің көпшілігі Әмина Өмірзақованы ана бейнесінде елестетеді. Бұл ретте халық әртісі Асанәлі Әшімов Әмина Ерқожақызының өнерде ғана емес, өмірде де шынайы ана бола білгенін баса айтты. Жарынан ерте айырылғанына қарамастан, өмірдің қиындығына мойымай, екі ұлы мен бір қызын азамат етіп өсіріп-жеткізген Әмина апаны «қазақ анасының символы» десе дегендей! Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильміндегі Тана апай рөлі Әмина Өмірзақованы мүлде жаңа қырынан көрсеткен рөл болды. Осы орайда «Шәкенге партнер болу мен өнерде де, өмірде де ол кісімен қатар жүрудің өзі Әмина апайдың деңгейін көрсетеді» деген Асанәлі Әшімов өзінің есінде қалған мына бір жайтқа тоқталды: «Бір топ адам Тбилисиге барғанбыз. Шәкен аға сол жерден Мәскеуге кететін болды да, қалғанымыз Алматыға қайтатын болдық. Қоштасып тұрып, Әмина апай екеуі: «күнде бірге жүреміз, жұмыс істейміз. Бірақ құшақтаспайды екенбіз ғой. Келші, бір құшақтасайық», – деп қалжыңдасып қоштасты. Шәкен ағаны содан кейін көрген жоқпыз. Мәскеуге барысымен қайтыс болды. Кейін ойлап тұрсақ, сонда бір-бірімен мәңгілікке қоштасқан екен ғой. Міне, ұлы адамдардың кездесуі де, қоштасуы да осындай ерекше болады...».
«Талдықорғандық болғандықтан, мені Әмина апа «қайным» дейтін еді...» деп сол бір қимас сәттерді сағынышпен еске алған Нұржұман Ықтымбаевтың пікірінше, «бүгінгі актрисалар ерекше бақытты, өйткені олардың алдында Әмина Өмірзақова сияқты шығармашылық шеберлігі үлкен мектеп болуға лайық бірегей тұлға бар». Әсілі, киноның құдіреті таспа тіліндегі тарихтың қай уақытта да өшпейтіндігінде болса керек. «Мысалы, арамыздан кетіп қалған Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабековтерді өзіміз әлі күнге дейін «іссапарда жүр» деп ойлаймыз. Сол сияқты Әмина апамыз да әлдебір жақта киноға түсіп жатқандай болып көрінеді», – дейді Нұржұман аға. Еске алу кешінде сөз алған профессор Раушан Ғазизқызы Әмина Өмірзақованың кинодағы мына бір сәтіне ерекше тоқталды. «Абайдың әні» фильмінде Ажардың Айдар өлімі туралы еститін бір көрінісі бар, – дейді кинотанушы. – Жаман хабар алғанда әдетте кім болса да айғайлап жылайды. Тіпті ойбайлап, шашын жұлатындар да кездеседі. Ал Әминаның кейіптеуіндегі Ажар қатады да қалады. Сүйіктісі жөніндегі қаралы хабармен бірге тура жаны кетіп қалған адам сияқты... Үнсіз ғана құлағындағы, қолындағы, мойнындағы әшекейлерін шешеді. Өйткені оған бұл өмірде енді қызық жоқ...
Жиналған қауым сондай-ақ Роза Әшірбекова, Лидия Кәденова, Зәмзәгүл Шәріповалардың да естелік әңгімелеріне куә болды. Кеш барысында сөз алған өнер өкілдерінің қай- қайсысы да Әмина Ерғожақызының қайталанбас шебер, тарлан талант екендігін айтудан еш танған жоқ. Осы тұста Зейнолла Қабдоловтың Ғабит Мүсірепов жайлы айтқан «Мүсіреповті мақтаудың қажеті жоқ. Біз Мүсіреповпен мақтануымыз керек» деген аталы сөзін ауызға алған Ермек Аманшаев «осы сөзді Әмина апамызға қатысты да айтуға болады» деген уәж айтты...
Р.S.
Тоқсан жылдығына орай, Әмина Ерқожақызы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылғанын сөзіміздің басында айттық. Актрисаның қырық жылға жуық өмірі сол шаңырақта өтіпті. Мүмкін, үй ауыстыратындай мүмкіндіктер талай рет болған да шығар... Бірақ бір сұхбатында өзінің «осы үй маған ерекше ыстық. Өйткені мұнда жолдасыммен бірге тұрдым, осы шаңырақта балаларымыз дүниеге келді...» дегені бар. Ойлап қарасаң, неткен адалдық! Осы бір асыл қасиетін жоғалтпай өткен мұндай адамдар бұл өмірде, әрине, некен-саяқ. Әмина апаның бойындағы мұндай адалдыққа, тұрақтылыққа, бір жағынан, таңғалуға болмайды. Өйткені ол, шын мәнісінде, экранда ғана емес, өмірде де нағыз Ана еді ғой!..