Қазақстандық әншілер Қазақстан үкіметінен Мемлекеттік туды қорлаған Боратқа қатысты шара қолдануды талап етті. "Ұлттық рәмізіміздің мәртебесін қорғауды талап етемін" деп ұрантатқан өнер өкілдері желіде бастама көтерді.
Қазақсанның намысын қорғап, болашағына бей-жай қарамаған өнер өкілдері желіде бастама көтерді. Олар Қазақстан билігінен Мемлекеттің туды қорлаған Боратқа шара қолдануды сұрайды. 
 
"Қасиетті жұма мүбарак болсын! Қасиетті жұмадағы тілегіміз мынау. Мейірімді Алла, көк байрақ туымды аспанда желбіретіп, ешкімге қорлатпа! Өзің пана бол! Халықсыз мемлекет болмайды, мемлекетсіз халық болмайды. Жүрегімізге иман бер! Ешкімге намысымызды таптатпа, ерекше мейірімді Алла! Билік пен халықты біртұтас қылып, біріктіріп, бүтін дүниеге айналдыратын ,берекелі бірлік бер! Қазақ елін қорғап, қолдауыңды тілеймін аса қамқор, ерекше мейірімді Алла", - деп жазды Қыдырәлі Болман.  
"Қайырлы күн! Намыстың оты ойнады. Шара қолдану керек!", - деп жазды Роза Әлқожа. 
"Мен туымды мақтан етемін! Мынау атың өшкір Борат дегеннің әр келекесіне біздің Мемлекет көз жұмып, қашанғы отырады екен ?! Әлде намыс жоқ па?
Боратқа да, сол бораттың жасатқан шоуына рұқсат беріп отырған елге де , біздің мемлекет басқарып отырған басшылық шағымдануы тиіс. Көк байрағымыз тапталмауын талап етеміз", - деді Алтынай Жорабаева.
"Борат деген сорлы, маймылды Қазақ халқынан кешірім сұрауын, сыртқы істер министрілігінен шара қолдануын талап етеміз!!!", - деп жазды Анар Батырхан. 
"Көк байрақ туымызды Қазақсан аспанда қалықтатып ешкімге таптатпағайсың - ерекше мейрімді АЛЛА. Әмин. Қасиетті жұма мүбәрак болсын!", - деді Абай Бегей. 
"Ел намысын таптатпайық!", - деді Айгүл Иманбаева. 
"Тәуелсіз елдің, текті ұлттың, рухы бай азат елдің ұрпағы едік.
Біз бүгінгі ұрпақ бейбіт күнімізбен бақыттымыз. Аллаға шүкір.
Алайда мына опасыздық ойландырмай қоймады. Төрткүл дүние төрінде көрінгеннің көзайымына айналған көк туымызды кірлетуге ешкімнің хақы жоқ!!! Айдың-күннің аманында азаптау мен мазақтаудың шегіне шекара қоюға не кедергі болып жатыр екен?! Ерлік пен елдіктің, бірлік пен татулықтың туын биік ұстау біздің азаматтық міндетіміз. Тілге тиек етер тәуелсіздігіміз барда жігеріміздің мұқалмайтыны сөзсіз. Туымыз тұғырымыздың төрінде тұрсын. Осындай да қанмен келгенді қастерлемесең қарның ашып, қадірің қашатын тұсың да осы!", - деп жазды Ернар Айдар.
"Біздің елде тәрбиеленген адамдар өз елінің де, өзге елдің де мемлекеттік рәміздерін қорлауға ешқашан жол бермес еді! Бүтіндей ұлтты мазақ етіп, туымызды аяқасты ету - ең сорақы қылмыс! Менің елімде тұратын миллиондаған адамдардың бетіне түкіру! Егер сенің "демократияң" салтанат құрған өреңнің жеткен жері сол болса - аяныштысың, саша барон коэн", - деп жазды Қанат, Света Айтбаевтар. 
"Ұлттық рәмізіміздің мәртебесін қорғауды талап етемін", - деп жазды Ердос Қанаев.
Бұдан өзге Мұқасан Шахзодаев , Мақпал Жүнісова, Айдар Асқарбек, Бақыт Тұрман және басқа да өнер жұлдыздары бастамаға тілектестік білдірді. 
Айта кетейік, күні кеше Австралия мен Ұлыбританияда жалаңаш күйде Қазақстанның туын көтерген "Бораттар" флешмоб өткізді. Бұл онысыз да ызалы халықтың ашуын келтірді. Желі қолданушылары мен қоғам белсенділері Боратқа қатысты шара қолдануды талап ете бастады. Алматыда "Борат-2" фильміне қарсы жастар АҚШ-тың елшілігіне петиция табыстады.