Қазақтың төкпе күй өнеріне теңдессіз үлес қосып, бұрынғы күйшілердің мұрасын саф қалпында орындап, өзі де күй шығарған Қаршыға Ахмедияровтай дәулескер күйшінің өмірден озғанына – тура бір жыл. Ұлтының ұлағатты күйлерін тартып жалын атқан күйші де, күй өнерін зерттеп ғалым да болған біртуар жанға арнап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы арнайы сынып ашты. «Күй-Қаршыға» атты 14 дискісі мен «Күй-ғұмыр» монографиялық кітабы жарық көрді.
«Күй-ғұмыр» атты естелік монографиялық кітап күйшінің жары Нұрбике Жұмағалиқызының құрастыруымен жарық көрді. Үш бөлімнен тұратын еңбектің алғашқы бөлімінде Қаршыға ағаның сұхбаттары, күй, домбыраға қатысты зерттеу мақалалары; екінші бөлімде ғалымдардың, зерттеушілердің, журналистердің, ақындардың күйші хақындағы ой-толғамдары; үшінші бөлімге күйші өмірден озғанда шыққан, айтылған қазанамалар жарияланған.
Күйшінің бүкіл ғұмырында тартқан күйлері мен шығарған туындыларын таспаға жинап шығаруды Нұрбике апай күйші Кәрима Сахарбаеваға тапсырып, барлық мұрағаттағы таспаларын табыстапты. Балбармақ күйші өмірден өтпестен бұрын консерваторияның «Классика.kz» радиостудиясында біраз репертуарын жазып жүріпті. Алты дискіге Қаршыға ағаның орындаушы ретіндегі барлық жылдардағы күй репертуары енсе, сегіз дискіге күйшінің төл күйлері, әндері, оркестрге арналған шығармалары кірген. Алты ай бойы консерваторияның студиясында жиналған 14 үнтаспа АҚШ-тағы күйшінің қызына жіберіліп, тазартылып, жоғары сапалы 1000 данамен жарық көрді.
Кейінгі кезде жазылған, еш жерде жарық көрмеген 40 шақты күйлерін, әндерін, оркестрге арналған шығармаларын жинаған консерваторияның халық музыкасы факультетінің деканы Кәрима Сахарбаева жуық арада «Толғау» деген атпен күйші Қаршығаның кітабын шығармақшы.
Кәрима САХАРБАЕВА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, халық музыкасы факультетінің деканы:
– Қаршыға аға – алдымен мықты орындаушы. Халық күйлерінен бастап, бүкіл ғасырдағы күйлерді орындаған. Екіншіден, өз жанынан 140-қа жуық күй шығарған күйші. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Махамбет бабаларының шығармашылығын қамтыған кітаптары мен дискілерін шығарып, күйлерін өзі орындады. Күй өнеріне бар ғұмырын арнап, барын сарп еткен адам. Қазақта күй үшін мұндай қызмет атқарған адам жоқ. Таланттарды көтеріп, өрге сүйрейтін. Соның бірі – қазіргі белгілі маңғыстаулық күйші Сержан Шәкіратовты халыққа танытқан – осы кісі. Ал өзімді күйтануға, кітап жазуға, сахна өнеріне үйреткен – Қаршыға Ахмедияров пен Айтқали Жайымов.
Қаршығаның күй қоры жинақталды
Последние статьи автора