Қаратаудың құпиясы көп...

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Қалың қатпарлы Қаратаудың соңғы сілемдері Сыр өңіріне жетіп жығылады. Қазақ даласының оңтүстік өлкесін бойлап жатқан тау қашаннан да ұлтымыз үшін ұлық тұтқан киелі мекеннің бірі. Бағзы заманнан байтақ даламыздың көркін кіргізіп, ажарына әр берген, елге нәр берген.
Кішкене бала кезіміз. Таудың баурайына келгенбіз. Мұнда малшылар тойы өтіп жатыр. Табиғаттың әсем көрінісіне көз салып, еріксізден тамсанып жүрген жайымыз бар.
– Бұл тауды ескі көздер «Әзіреті Қаратау», «Әулиелі Қаратау», «Қазыналы Қаратау» дейтін еді, – деді біздің кейпімізді көрген ақсақал.
Есімізді енді жинаған балғын бала болсақ та, аталы cөз бастаған ақсақалдың әңгімесіне елең ете қалдық. Осыны сезгендей ол кісі Қаратау жайында білетінін бізге қысқаша баян етті.
– Осы аймақ көне заманның көзін көрді. Тіл бітсе, тарихтың талай құпиясы ашылар ма еді. Таудың тастарына көз салып көріңдер. Әрбірі құпияны ішіне бүгіп жатыр. Әріден әңгіме қозғамай-ақ қоялық, кешегі жоңғар шапқыншылығы кезінде осы жерлерде қиян-кескі соғыстар болған. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген сөз содан қалған. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары да бар емес пе? Отызыншы жылдардағы аштықта да бұл мекен қазақ халқының зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізді...
***
Қарт Қаратау. Тіл ұшына осы бір сөз тіркесі еріксіз орала береді. Таудың етегіне бара қалсаңыз, оның тастарына қарай отырып, ескі заман көз алдыңда еріксіз көлбең қағады. Қаншама ғасырлар өтті. Бір кездері Қаратау заңғар көкпен таласқан биік болған шығар-ау. Оны кімнің көзі көрген? Қазір ше? Шөгіп барады. Тура жасы келген адам секілді. Орташа биіктігі 1800 метр екен. Ең биік тұсы – Мыңжылқы. Оның өзі де аспанмен таласқан талай шыңның қасында өте пәс.
Қаратауды қазыналы қарияға теңеп жатамыз. Елдің басына қауіп-қатер алып келген талай қилы кезең өтті емес пе? Біздің білетініміз берідегі қиян-кескі шайқастар ғана. Ғалымдар бұл таудың жердің бетінде пайда болғанына қаншама миллион жыл өткенін айтады. Ал одан бері талай мәрте жылғадан су ағып, сан рет ағаштар бүршік жарды. Қаншама ұрпақ алмасса да, Қаратау адам баласымен бірге жасап келеді, әлі де талай ұрпағына құпиясын аша жатар...
Есте жоқ ескі замандарда ежелгі адамдар осы таудың баурайын мекен еткен деген деректер бар. Оның айқын куәсі – тасқа қашалып салынған суреттер. Мұндай тарихи орындар 400 шақырымға созылып жатқан Қаратау қойнауында өте көп. Ғалымдар оларды қола дәуірі мен орта ғасыр аралығында бейнеленген деп жорамал жасап жүр. Археологтар зерттеуге алған тастағы таңдалы суреттер қазір мыңнан асады.
Жаңақорған ауданының қазіргі Талап ауылының тұсында да осындай киелі орындар бар. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының Қызылорда облысымен шектесетін аймақтарында да ондай орындар жетерлік. Ғалымдардың айтуынша, шимайлы тастар тік, қия және ірілі-ұсақты қой тастарда бедерленген. Көшпелі тайпалар өзінің өмір сүру дәстүрі жайлы кейінгі ұрпаққа аманат еткен секілді. Салт-сана, діни түсініктер, ырымдар және әдет-ғұрып қашап салынған көне туындыларда өз бейнесін тапқан. Аңшылық өнерді де сурет арқылы жеткізгісі келген екен. Қола дәуірінде қашалған тастарда соғыс арбалары көптеп кездеседі. Жергілікті халықтың ежелгі рухани өмірін айшықтайтын ерекше мәдени ескерткіштер біздің халқымыздың тамыры тереңде жатқанын, біздің де өзге жұрт секілді тарихымыз қаншама дәуірлерге созылатынын айғақ етеді.
Осыдан кейін Қаратауды қазыналы қартқа теңемей көріңізші. Қойнауына көз салсаңыз, бүгілген талай құпияның кілті табылып, қалың қазақтың кәдесіне жарар еді-ау...
***
Жаңақорған ауданы тұсындағы Қатынқамал үңгірі жайында көпшілік жақсы біледі. Бұл жер – тарихи орын. Жаугершілікте қалың елге пана болды. Алайда, оның құпиясы әлі ашылған жоқ. Үңгір қалай пайда болды екен? Ел айтатын әфсана түрліше сөйлейді. Ғылым тілімен дәйек жоқ. Қазірге дейін Қаратау қойнауында жатқан 50-ге жуық қамал бар екен. Көбісі әлі зерттеле қоймапты. Киелі қоныста ел-жұрттың аузында жүрген талай жерлер әлі де құпиясын ішіне бүгіп жатыр.
Ескінің әңгімесін жақсы білетін бір ағамыз бірде маған:
– Тастүскен деген жерді білесің бе? – деп сұрады. Елең ете қалдым. Бұрын-соңды естімеген екенмін. Басымды шайқауға тура келді.
– Ол қай жерде?
Бұл – менің сауалым. Ағамыздан сыр тартып көрмекшімін.
– Ол жер Қаратауда орын тепкен. Әрине, елдің көзі онша түсе бермейді. Оған бару жаяу жолаушыға оңай тимейді. Жастау кезімде сол жерге болған едім. Жаратылыстың құдіретіне шек болсайшы. Кәдімгідей тас түскендей көрініс береді. Сондай-ақ, үлкендерден Күйгентас деген жерді де естігенмін. Атынан-ақ көрініп тұр, тау тастары өртенген секілді қарақошқыл болып тұрады екен. Бұдан басқа да осындай жерлер бар. Алайда, бұл жерлер әлі де түбегейлі зерттеліп жатқан жоқ.
***
Табиғаттың тамашасына көз салғыңыз келсе, Қаратаудың баурайына барсаңыз, келбеті көркем көптеген көрікті жерлерді көріп, көңіліңіз көтеріліп қайтады. Жаратылыстың сұлулығы мұнда да жетіп жатыр. Оны қолмен қашап жасаған мүсіншінің туындысы дерсіз. Алайда, оның барлығы он сегіз мың ғаламның төл туындысы. Беткейінің топырағы да басқаша, қоңыр және қызғылт қоңыр түсті, келген адамның көзіне ол бірден түседі. Сан алуан өсімдіктер де таудың келбетіне шырай қоса түседі.
Көктем мезгілінде таудың етегі қызылды-жасылды қалы кілемдей жайнап кетеді. Қырдың қызғалдағы, сарғалдағы және өзге гүлдер көздің жауын алады. Құдды бір Иран бағын аралап жүргендей әдемі күйге бөленесің. Әсіресе, қызғалдақты айтсаңызшы. Айтпақшы, қазір әлемде гүл бизнесімен өркенін жайған Голландия оның түпкі отаны – Қазақстан екенін жоққа шығарып отырған жоқ.
1246 жылы итальян жиһанкезі Плано Карпини Қарақорымға сапарға шыққан екен. Жолай Қаратаудың етегі арқылы жүрген. Жергілікті жердегі сұлу табиғатқа тәнті болған ол қазақ даласының керемет көрініс аз емес екеніне еріксіз бас шайқаған. Көктем мезгілі болғандықтан, Қаратау етегі де алуан түске боялып, өзіне еріксіз баурап тұрған шағы екен. Жиһанкез қызғалдаққа көз салып, жанында жүрген қосшыларына “Не деген әсем гүл?” деп таңданысын білдіріпті. Оның тұқымын өзімен бірге ала кеткен көрінеді. Ендеше, қазір жер-жаһан жұрты аузының су құрып тамсанатын сұлу қызғалдақ ерте кезде Қаратаудың баурайынан жеткізілген деп жорамал жасауға негіз бар.
Бұл бізге ой саларлық дүние. Біз әлі күнге дейін қазақ жерінің қымбат қазынасын тани алмай келеміз. Өкініштісі, қазір қызғалдақ дегенде Голландия елі ойға орала береді...
Қаратауды мекен еткен аң мен құс көп-ақ. Кезіндегі салқын көзқарас олардың кейбірінің тұқымын тұздай құрта жаздағаны рас. Солардың бірі – арқар. Ол мүйізі күнмен шағылысып, саят құрған пендеге өзінің сұлулығын паш ете түседі. Ғалымдар оның негізгі шыққан жері – Қаратау деп айдай әлемге жар салып жүр. Бәлкім, солай да шығар. Қаратау арқары тек осы жерді ғана мекен етеді. Жарықтық жануар өзге өңірді өз қонысы секілді көре алмайды екен. Таулы аймақтың жазықтау жерінде жүретін аң олай-бұлай көшіп жүргенді қалай бермейді. Қашаннан да бір сәттік қызық үшін басқасына бас ауырта бермейтін аңшылар арқарды оңды-солды мылтықтың шүріппесіне байлағаны өкініштен өзегімізді өртейтіні тағы бар. Бүгінгі күні тау жаққа жолыңыз түссе, оны көре алмай қалуыңыз ғажап емес. Ұшқан құс пен жүгірген жануарды есепке алатын ғалымдар оның саны кеміп бара жатқанын айтып, дабыл қағып жүр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында таудың баурайында бар-жоғы 150-250 арқар көзге ұшырасқанға ұқсайды. Қазір одан екі есеге азайып кеткен.
Қаратау қойнауы одан өзге де аң мен құсқа толы. Жемтігін түзден іздейтін қасқыр да бар. Қырдың қызыл түлкісі де көзге ұшырасып жатады. Басқасы да көп-ақ. Олар да азайып бара жатыр. Адамның ашкөзділігі ғой бұл. Ертеңін ойламайды. Бүгінгіге мәз. Табиғаттың тартуына қол сұғып жатыр. Қашанға дейін? Қайдам? Әйтеуір, ет-жүрегің езіледі. Жаратылыстың байлығын сақтай алсақ қой, шіркін...
***
Ғалымдар Қаратаудың қойны-қонышы қазба байлыққа толы дейді. Бұл сөздің жаны бар. Қорғасын мен мырыш, фосфор секілді қат дүниелер қоры жетерлік мұнда. Гипс, цемент те кездеседі. Кейбірі өндіріліп те жатыр, ендігі біріне түрен тие қойған жоқ...
Қаратаудың құпиясы көп-ақ...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста