«Күй – тәңірдің күбірі» демекші, көне замандардан күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ең киелі де қастерлі, сырлы да сұлу өнерді өміріне серік етіп келе жатқан өнерпаздарға еріксіз тамсана қарайсың. Күні кеше мәдени астанамыз Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің концерт залында белгілі дирижер, күйші, сазгер Қарасай Сайжановтың шығармашылық кеші өтті. Халықты қазақ музыкасының құдіретіне бөлеген, әсерлі ән мен тәтті күйге сусындатқан кеш Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен болды.
«Амангелі сарбаздары», «Батыр Бауыржан», «Ана әлдиі», «Сағыныш», «Аңсау», «Ай мен күнім, арман-ай» деген ән-күйлерімен, оркестрге арналған шығармаларымен елге танылған Қарасай Сайжанов жақында Қарағанды, Астана қалаларында шығармашылық кешін өткізген еді. Ендігі кезек әсем Алматыға да жетіпті.
Қазақтың ұлы ақыны Абай «Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» деп жырға қосқанындай, қазақ халқының сан буыны Құрманғазы, Дәулеткерей, Байжігіт, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, Абыл сияқты асыл өнеріміздің қас шеберлерінің мол мұрасымен сусындап өсті. Төл өнерімізді жастайынан бойына сіңіріп, Алла берген дарынын шыңдап, еңбекқорлығымен еліне қызмет етіп келе жатқан азаматтардың бірі – Қарасай Сайжанов. 1948 жылы Қызылорда облысы Арал топырағында туып-өскен өнер иесі бүгінгі пайғамбар жасынан асқан шағында да тынбай еңбектеніп, ізін жалғастырар шәкірттер даярлап, қазақ музыкасының тарихында өшпес мұра қалдыруды мақсат тұтып келеді.
Алғаш музыкалық арнайы білімін Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық училищеден алған Қарасай Сайжанов, одан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдады. Еңбек жолын Жезқазған қаласында бастаған Қарасайдың мұнда оркестр құрып, концерттер ұйымдастыруы оның шығармашылығының қайнары еді. Кейіннен Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы оркестрде бас дирижер болып қызмет атқарған ол аталмыш оркестрде жүрген кезінде сазгерлердің талай кештерін өткізіп, шетелдерге гастрольдік сапарлармен шығып тұрды, оркестрді біршама байқаулардың лауреаты етті. Күйшілік, дирижерлік өнерді жақсы меңгерген Қарасайды әйгілі дирижер, қазақ халқының біртуар ұлы Нұрғиса Тілендиевтің өзі «Отырар сазы» оркестріне шақырады. Осы оркестрде бірнеше жыл еңбек еткен ол кейіннен Астана қаласындағы Қазақ халық аспаптары оркестрін басқарды. Одан кейін «Ақ жауын» камералық оркестріне 16 жыл жетекшілік етті. Қарасай Сайжанов киелі өнерді тек өз өн-бойына сіңіріп қана қоймай, көрген-білгенін, түйгенін қағазға түсіріп, келер ұрпаққа арнап құнды оқулықтар, кітаптар жазып келеді. Ол «Жеті қарақшы», «Телқоңыр», «Батыр баба Жанқожа», «Ұмытпа ана әлдиін», «Елім-ай» сынды тоғыз кітаптың авторы.
Қарасай Сайжанов, күйші, сазгер, дирижер:
– Қазақ музыка өнеріндегі ұлы ұстаздардан дәріс алып, шығармашылық байланыста болғаным үшін өзімді бақыттымын деп есептеймін. Менің алғашқы ұстазым атақты Динаның шәкірті – Қали Жантілеуов. Одан кейінгі ұстаздарым, өнердегі ағаларым Ғабидолла Тастанов, Кенжебек Күмісбеков, Мәлгеждар Әубәкіров, Нұрғиса Тілендиев сынды ғажап өнер иелерін мақтан тұтамын. Бүгінде жарым Бижамал екеуміз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, тоғыз немере сүйіп отырмыз. Балаларымның ішінде Алмат атты ұлым өнер жолымды жалғастырып келеді. Кезінде Нұрғиса атасы ырымдап аузына түкірген еді. Сондай-ақ Нұрлан Хамзин, Марал Мырзағұлова, Сұлтан Құрманбеков секілді шәкірттерім – бүгінде есімдері елге танылған өнер иелері.
Ермұрат Үсенов, Қазақ композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Қарасай Сайжановпен бірге оқыдық, еңбек жолымызды бірге бастадық. Қарасайдың шығармашылық жолы сан-салалы. Негізінде, ол консерваторияны домбыра мамандығы бойынша бітірді, одан кейін дирижерлік мамандықты игерді. Қарасайдың дирижерлігі, күйші ретіндегі орындаушылығы, өңдеушілік өнері, ұстаздығы туралы әңгіме қозғайтын болсақ, таусылмайтын шежіре. Ол – күй өнеріне, дирижерлік шеберлікке арналған біршама оқулықтардың, монографиялардың авторы. Қазақстанда бүгінде мықты деген он шақты дирижер болса, солардың бірегейі – Қарасай Сайжанов. Соңғы уақытта оның композиторлық қыры жақсы көрініп жүр. Алматыдағы кеші өте әсерлі, тамаша өтті.