Таяуда оқырманнан қызық бір хат келді. Өзін Ақтоты Сүлейменова деп таныстырған келіншек бізге өзінің көрген түсін жазыпты. Ақтотының түсіне қазақтың әнші қызы Қарақат жиі кіретін көрінеді. "Алаш айнасына" өзінің түсі жайлы Қарақат Әбілдинаға жеткізуді өтінген Ақтотының түсін оқырманға болжатуды жөн көріп отырмыз.
«Қарақат - менің өте жақсы көретін әншім. Оның сұлулығы, тектілігі, қарапайымдылығы, қазақилығы маған қатты ұнайды, Әндерін сүйіп тыңдаймын, жаңа әні шықса, бірден телефоныма жүктеп аламын. Әсіресе «Асыл әжем», «Тойға тілек» әндері және өзінің Қыдырәлідей жарымен бірге айтқан әндері өте тамаша. Қарақаттың әншілігін, өнерін, ұстаздығын былай қойғанда, ол әдепті жар, ардақты ана ретінде қазақ қыздарына үлгі боларлық адам деп есептеймін. Өзінің өмірлік жарын Қыдыр деп төрге шығарып, үнемі абыройын асқақтатып отыратындығы мені қатты қызықтырады. Өз басым Қарақатпен тікелей кездесіп, тілдесіп көрген емеспін. Бірақ сахнадағы келбетіне қарап, газет-журналдарға берген сұхбаттарын оқып-ақ риза болып отырамын.
Соңғы уақытта Қарақат менің түсіме жиі енеді. Мүмкін, оған деген көңілімнің шын ризашылығынан да шығар. Жақында тағы Қарақат жайлы түс көрдім. Түсімде Қарақат өзінің ең кішкене ұлын бауырына басып отыр екен деймін. Айналасында басқа да балалары шаттанып ойнап жүр. Қарақаттың жанына жақындап барсам, ол мені қасына отырғызып үлкен ілтипат білдірді. Қолындағы баласына анықтап қарасам, ұл баланың құлағына қып-қызыл көздері бар сырға тағып қойыпты. Ішімнен ұл балаға неге сырға тағып қойды екен деп ойлап қоямын. Бірақ айтайын десем ыңғайсыздандым. Екеуміз біраз сөйлескеннен кейін мен оған: «Сіз жақында қызды боласыз. Ұлдарыңыздың соңынан тәп-тәтті қыз ереді» деппін. Ол маған риза болып өзінің әдемі бір әшекейін сыйға тартыпты. Әлгі әшекейге сүйсініп жатып оянып кеттім. Неше күннен бері осы түс ойымнан кетпейді. Қазір өзімнің де үшінші балама аяғым ауыр. Сондықтан да осындай түс кірді ме екен», - дейді Ақтоты.
Өзінің түсін сүйікті әншісіне "Алаш айнасы" арқылы жеткізгісі келген оқырманның өтінішін орындап отырмыз. Ақтоты Қарақатпен жақын танысқысы келетінін, тілдескісі келетінін айтты. Егер тыңдарманының өтініші өзіне жетсе, Қарақат та үнсіз қалмайды деп ойлаймыз.
Қарақат түсіме жиі кіреді
Последние статьи автора