Әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желіде көйлектерін жаппай сатылымға шығарды. Алайда, әншінің бұл бастамасын құп көрмегендер Қарақатты өткір сынның астына алды.
Жақында Қарақат Әбілдина “Бенефис шоуда” киген көйлектерінің сатылымға шыққанын Instagram желісінде хабарлаған болатын.
“Менің киген көйлектеріме қызығып жататын, “сатасыз ба?” деп сұрайтын астаналықтардың назарына: осы жолы “Бенефис шоуға” киген барлық көйлектерді “Аруназ дизайн” шоуға арнайы дайындап тіккен болатын. Бағдарлама осы айдың он біріне дейін түсіріледі, егер ұнап жатса, сатып алуға мүмкіндіктеріңіз бар!”, – деп жазған еді Қарақат жеке парақшасында.
Әлеуметтік желіде бір сәтте Arunaz design сән үйінің туындыларына қызығушылық білдіргендер де, оны “киілген” деп сөккендер де қаптап кетті.
“Қазаққа жат қылық. Ол заманда бұл заман, киген кімін сатқан қай қазақты көрдің? Қарақат, қарағым, кризис сағанда келді ме?! Басқа басқа, дәл сенің бишаралық күйге түскенің ұят-ақ”, – деп жазады Алуа Байназарова есімді жазылушы.
“Өте ыңғайсыз жарнама екен, жиіркенішті кейбір адамға. Атақты әншінің киілген киімді сатқаны жарасымсыз”, – дейді тыңдарман.
Мұндай пікірді оқыған жазылушылар бір-бірін қоштай жөнелді.
“Дұрыс айтасыз, сізбен келісемін, қанша қымбат көйлек болса да, біреудікін кигенше, арзан болса да, жаңа, тазасын кигенге не жетсін”, – дейді ғаламтор қолданушылары.
“Маған десе он мың доллар болсын, кімдікі болса да кимеймін. Арзан болса да, жаңа, тазасын алып киемін”, – деп шулады жанкүйерлер.
“Қарақат ханым! Мен сізді қазақ келіндеріне үлгі боларлық деп ойлаушы едім. Ренжімеңіз, қателеспесем сізде мүшелі жас, 12 мүшем сау болсын деп он екі көйлегіңізді жағдайы жоқ қаракөз сіңлілеріңізге таратып бере салмадыңыз.Балаларыңызға сауабы тиеді ғой. “Үй сыртында кісі бар” дегендей, қазақ әншілері көйлектерін сатып жатыр деп көрші елдер күлмесіне кім кепіл?”, – деп күйінді тағы бір жанкүйер.
Бірақ, Қарақат Әбілдина да әншіні түсінбей даурыққан жұртқа көп күттірмей өз жауабын берді.
“Біріншіден, кім айтты дүкендегі көйлектер киілмеген деп? Жоқ дегенде, 5-10 адам киiп коретiні айдан анық. Киіп көрмей, көйлек алу мүмкін бе өзі?! Екіншіден, мен өз көйлектерімді саудалап жатқаным жоқ! Тағы да қайталап жазайын, Аrunaz design-нiң көйлектерiн астаналықтар үшін салдым! Алматыға арнайы барып алыстан арбалағанша, жақыннан дорбаласын деп. Яғни, көрген жақсылығыммен бөліскім келді, бар болғаны осы. Таяз ойларыңызға қайранмын. Ұят болды”, – деп ренжіді Қарақат.
NUR.KZ