Қалдаяқов мұрасы Қалдыбекке ғана керек пе?
Бүгін «Қазақ вальсінің королі» атанған, ұлтымыздың маңдайына біткен ән жұлдызы, көрнекті композитор, мемлекеттік Әнұран авторларының бірі, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні.
Бұл күнді оның әнімен тербеліп өскен ұрпақ жақсы біледі деген сенімдеміз. Алайда тамызда туған Шәмшідей шексіз талант иесін бүгінгі ұрпақ жаңылмай тани ала ма? Қазіргі заман жастарының музыкаға деген талғамы басқаша. Оның үстіне жаңа ғасыр жаңа идеалдар мен өзгеше құндылықтар алып келді. Әйтсе де қандай да бір заман орнамасын, дүние қанша құбылып, өзгермесін – Шәмші әні жасаған үстіне жасай бермек. Әрине, бүгінде Тәуелсіз елдің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейін жатқа біледі, мақтанышпен айтады. Қазақтың кез келген үлкенді-кішілі той-томалағы Шәмшінің шалқыма әндерінсіз өтпейді. Жалпы, Шәмші Шәмші болғалы оның әні шырқалмаған бірде-бір күн болған емес. Қазақ Шәмшісімен мақтанады. Дегенмен біз оның әнін білсек те өзін терең ұғына қойған жоқпыз. Қазақ үшін Шәмшінің әнін айтып қана қою тым аздық етеді. Қайткен күнде де ұлыларды ұлықтау, әсіресе, ұрпақ үшін ұлағатты іс болғаны абзал.
Осы орайда кеше ҚР Ұлттық кітапханасының Мәдени бағдарламалар орталығында «Шәмші Қалдаяқовтың қазақ мәдениеті мен өнеріндегі орны» атты дөңгелек үстел мен «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған» атты кітап көрмесі болып өтті. Көрмеге композитор шығармашылығын арқау еткен әр жылдары жарық көрген мақалалар, сұхбаттар, естеліктер жарияланған басылымдар мен кітаптар қойылды.
Бұл шара копозитордың туған күніне және Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының құрылтайшылығымен жарық көріп келе жатқан «Шәмші» ұлттық мәдениет және ғылыми-танымдық журналының бір жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Аталған шараға академик Өмірзақ Айтбаев, атақты әншілер Мыңжасар Маңғытаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Сара Тыныштығұлова, Шәмші туралы деректі фильмнің авторы Тілеген Ахметов сынды белгілі мәдениет пен өнер иелері қатысты.
Композитордың туған күніне байланысты өткен осы дөңгелек үстелді Ұлттық кітапхана директоры Орынбасар Исақов құттықтау сөзбен ашып, еркін пікірлесу түрінде өткен отырысты композитор мұрасын түгендеуге атсалысып жүрген азаматтың бірі, «Шәмші» журналының бас редакторы Қалдыбек Құрманәлі жүргізіп отырды. Қазіргі уақытта Қалдаяқов мұрасын жоқтап, түгендеп жүргендердің алдыңғысы да осы Қалдыбек. Жалпы бұл басқосуда Шәмшіге қатысты, оның бай музыкасын алдағы уақытта бүгінгіден де кеңінен насихаттауға қатысты жан-жақты ойлар мен ұсыныстар айтылды. Олардың негізгілеріне тоқтала кетсек:
1. Мемлекеттік Әнұран авторларын Халық Қаһарманы атағына ұсыну. (Бірнеше өнер қайраткерлері қол қойған бұл жөніндегі арнайы ұсыныс-хат тиісті орындардың қарауына берілген);
2. Шәмші туралы деректі және көркем фильм түсіру, өмірі мен шығармашылығына байланысты кітаптар шығару;
3. Республикалық мәртебесі бар Шәмші мұражайын ашу;
3. Қазақстанның барлық облыс орталықтарында Шәмші атына көше аттарын беру;
4. Ұлы композиторға Алматы қаласында ескерткіш орнату;
5. Шәмші мұрасын ғылыми айналымға енгізуге күш салу;
6. Композитор Шәмші Қалдаяқов атындағы сыйлық тағайындау.
Түйін:
Ұлттық кітапханада өткен Шәмшінің туған күніне өнер адамдары, ақын-жазушылар, әншілер, жалпы әнсүйер қауым көп жиналды. Онда айтылған осы және басқа да ұсыныстар жүзеге асып жатса, оның игілігін халық көрер еді. Елдің атқамінерлері осыны ескерсе... Алайда жақында ғана Алматыда өткен ұлы Абайдың туған күнінде бой көрсетпеген «мәдени шенеуніктер» ұлы Шәмшінің де мерейлі күнін ескермеді. Жә, айтарымыз – Шәмші мұрасын зерттеп-зерделеу, оның ән байлығын түгендеу – өнерге жанашыр бірнеше азаматтардың ғана шаруасы болмауға тиіс. Неге осынау ұлы тұлғамызға байланысты шаралар аймақтық, қалалық деңгейде ғана атап өтілуі шарт. Бұған байланысты тым құрығанда, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің ауқымды бағдарлама түзіп, жүзеге асыруына мүмкіндігі жетеді ғой. Азат елдің мемлекеттік Әнұранының авторының бірі ретіне Шәмшінің туған күні мемлекеттік деңгейде тойлануға лайық емес пе. Қайтпек керек?..