Жуырда Әл-Фараби атындағы №145 орта мектепте Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Балалар бағының бағбандары» атты ақын-жазушылармен кездесу өтті. Бастауыш сынып мұғалімі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Ұлман Досайқызының ұйымдастыруымен өткен бұл кездесуге қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлері Ескен Елубаев, Сұлтан Қалиев, Шәкен Күмісбайұлы, Дүйсен Мүсірәлі келіп, мектеп оқушыларымен жүздесті.
Есімдері етене таныс ақын-жазушылармен бетпе-бет сөйлесудің өзі оқушыларға қызықты болды. Кездесуде балалар ақын-жазушылардың шығармаларын оқып берді. Мұндай кездесудің ең басты құндылығы жасөспірімді бала жастан ұлттық рухта тәрбиелеуге қызмет етеді. Жаһанданудың ықпалымен қазақтың ұлттық тілі мен мәдениетінің болашағы пышақ жүзінде тұрғандай күйде екенін бәріміз сезінеміз, бірақ алақан жайып, шарасыздық таныта беру азаматтыққа жатпайды. Ардақты ұстаз Ұлман Досайқызы қазақтың ұрпағы екенін мақтанышпен айта алатын жастарды тәрбиелеу жолында осындай мәдени шаралардың ықпалды екеніне сенімді. Қазақы рухтың қадірін білетін мәдениет қайраткерлері оқушыларға ағалық ақыл-кеңесін айтып, үлгі көрсетіп, ұлттық тәрбиеге атсалысса, ұлттың болашағы жарқын болары сөзсіз.
Қаламгерлермен жүздесті
Последние статьи автора