Бүгінгі қазақ қаламгері үшін шешілмеген мәселенің бірі – қаламақы. Кеңес өкіметі тұсында бұл жағы дұрыс жолға қойылған еді. Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамында ұлттық әдебиетке деген мұндай қамқорлық байқалмайды. Әрине, жаңа заманның алдымызға қойып отырған жаңа талаптары бар. Нарықтың да қатал заңдылықтары алдымыздан шығуда. Дегенмен кез келкен мемлекет өз экономикасын алға сүйрей отырып рухани әлемінің өсіп-өркендеуіне көңіл бөлуі шарт емес пе?!
Кезінде ақын-жазушылар өздерінің жазған шығармаларына, шығарған кітаптарына белгілі бір дәрежеде қомақты қаламақы алып тұрды. Бұл ең алдымен қазақ әдебиетінің дамуына оң әсерін тигізді. Сол уақыттарда ұлттық әдебиетіміздің қорына талғамды дүниелер легі келіп қосылғанын жоққа шығармаймыз. Шығармашылық еңбектің жоғары деңгейде бағалануы қаламгер беделін өсірді. Кітап басу мен оны таратудың біртұтас жүйесі жұмыс істеді. Бұл қаламгер үшін де, оқырман үшін де олжалы іс болды. Осындай игіліктердің қолға алынуы ақын-жазушылардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына әкелді. Қалай десек те, бүгінгі қазақ қаламгерінің шығармашылық еңбегі бағаланбай отырғандығы шындық. Енді қайтпек керек? Тәуелсіздік алғалы бері осы төңіректегі даулы мәселелер әлі де шешімін таппай келеді. Басқа-басқа, жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптардың авторлары тиісті қаламақыларын ала алмай жүретіні өтірік емес. Ал заң бойынша интеллектуалды меншікке өзіне лайық қаламақы төленуі тиіс. Бірақ бұл жағдайда заңның да күші мықтап байланып, шырмалған түйінді шеше алар емес. Жекеменшік баспалар болса, авторға қаламақы төлеу керек деп бас ауырта бермейді. Әсіресе, әдеби ортада, баспасөз беттерінде жиі айтылып жүретін осы мәселеге қатысты жоғарыдағылардың жанашырлығы байқалмайды. Осыдан екі-үш жыл бұрын халық қалаулылары тиісті орындарға арнайы сауал тастап, елімізде авторлық құқықтың сақталмай отырғандығын айтып, қаламақы мәселесін көтеріп шырылдағандай болып еді, ол да аяқсыз қалды. Бірақ қаламақы төлеуді толығымен мемлекеттің мойнына артудың да қажеті жоқ. Осындай әңгімелер қыза бастаған тұста билік тарапынан қалай болған күнде де қаламақы мәселесін түбегейлі шешу қажеттілігі атап өтілген еді. Сонда «Бюджеттен жылма-жыл 200-300 млн теңге бөліп отырсақ, әдебиетшілердің қаламақы мәселесін толық шешеміз дей алмаймыз. Шындығында, мемлекет тарапынан қаламақыны белгілеу керек пе, жоқ па деген мәселені көтерген орынды. Өйткені нарықтық заманда бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегідей белгілі бір азаматтарға қаламақы белгілеу басқа жүйеге көшумен бірдей» деген пікірлер айтылған болатын. Әрине, қаламақы төлеудің бұрынғы жүйесіне көшейік деп отырған ешкім жоқ. Дегенмен оның бүгінгі заман талаптарына сай, нарық заңдарына икемделген бір баламасын табуға болады.
Көп жағдайда қаламгерлеріміздің өздері қажетті заңнамалық қағидаларды жіті білмей жатады. Қаламақы жағдайын шешуге ұмтылмас бұрын, алдымен жалпы авторлық құқық мәселелерімен жақсы таныс болу қажет. Яғни өзіңнің пайдаңа жұмыс істейтін көптеген заңдардың әліппесін білген абзал.
Авторлық құқық
Интеллектуалды меншіктілік құқығы, тіркеу мен толтыру тәртібі Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі «Патенттік Заңымен» жүйеленіп, өндірістік меншіктілікті пайдаланумен, мүліктік және мүліктік емес қатынастармен байланысты құрумен, құқықтық сақтаумен жүргізіледі.
Интеллектуалдық меншіктілік
Бұл әртүрлі салалардағы (өндірістік, ғылыми, әдеби, көркем) интеллектуалдық қызметтің және өнімнің индивидуализация құралдарына теңесу, орындалған жұмыспен қызмет көрсету (тауарлық белгі, тауардың шығарылу орнының атауы) нәтижесіндегі айрықша құқық.
Авторлық құқық мыналарға беріледі:
• Қазақстан Республикасының территориясында халыққа тарауға тиімді формадағы шығармаға;
• автордың азаматтығына қарамай және оның құқық қабылдауына қарамай;
• авторды Қазақстан Республикасының азаматы деп санайды;
• авторды Қазақстан Республикасындағы халықаралық шарттарға сәйкес, шетелдің азаматтығы жоқ тұлғалар деп санайды.
• шығарманың арналған бағытына, мазмұнына және мәртебесіне, сонымен қатар шығарманың тілі мен тәсіліне қарамастан, шығармашылық қызметтің нәтижесі болып табылатын ғылымның, әдебиеттің және өнердің шығармаларына.
Авторлық құқық берілмейтін дүниелер:
Жеке идеяларға, тұжырымдамаларға, принциптерге, әдістер мен жүйелерге, жаңалықтарға және фактілерге.
Егер шығарма өзге территорияда алғаш жарық көрген күннен бастап 30 күн ішінде Қазақстан Республикасының территориясында жарияланған болса, ол Қазақстан Республикасында жарияланған болып табылады.
Авторлық құқық нысаны болып табылатын шығармалар:
• әдеби шығармалар;
• драмалық және музыкалы драмалық шығарма;
• сценарийлік шығармалар;
• хореографиялық және пантомимдік шығармалар;
• мәтінмен және мәтінсіз музыкалық шығармалар;
• аудиовизуалдық шығармалар;
• сурет, мүсіндеу, графика, басқа да бейнелеу өнерінің шығармалары;
• құрастырмалы өнер шығармалары;
• сәулет, қала салу және бақшалы-саябақтық өнер шығармалары;
• фотографиялық шығарма және соған ұқсас әдіспен алынған фотографиялық шығарма;
• карталар, жоспарлар, эскиздер, иллюстрациялар,топография;
• компьютерлік бағдарламалар;
• туынды шығармалар (аудармалар, өңдеулер, аннотациялар, рефераттар, түйіндеме, шолулар, қойылымдар, музыкалық өңдеулер және басқа ғылыми, әдеби және өнер шығармаларының өңдеулері);
• жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, дерек қоры құрастырмалы шығармалар).
Авторлық құқықтың нысаны болып табылмайтын шығармалар:
• ресми құжаттар (заңдар, сот шешімдері, басқа да заңдылық, әкімшілік, соттық, дипломатиялық сипаттағы мәтіндер, сол сияқты ресми аудармалар);
• мемлекеттік рәсімдер мен белгілер (жалау, елтаңба, ордендер, ақша белгілері және басқа мемлекеттік рәсімдер мен белгілер) ;
• халық творчестволық шығармалары;
• ақпараттық сипаттағы оқиғалар мен фактілер туралы хабарлар.
Біріккен авторлық өнімдер:
• бірігіп (екі немесе одан да көп) жазылған шығарма авторларына авторлық құқық бірдей беріледі, ол тұтас бөлінбейтін шығарма болып саналмаса да, оған қарамай әрбіреуі өз алдына өз бетіндік шығарма болып саналады.
• әр автор өздері құрастырған шығармалардың бөлімдерін өз қалаулары бойынша пайдалануға болады;
• шығарманы тұтас пайдалану құқығы авторлардың бәріне бірдей беріледі;
• Авторлардың өзара қатынасы олардың өзара келісімімен анықталады. Егер шығарма біріккен авторды бөлінбейтін тұтас құраса, онда авторлардың біреуі шығарманы пайдалануға тыйым сала алмайды;
• әр автор өз атынан, оның ішінде басқа авторлардың келісімінсіз, Қазақстан Республикасының заңдылық актілеріне сәйкес, авторлық құқына нұқсан келсе шара қолдана алады.
P.S.
Елімізде ғылым, әдебиет және өнер туындылары, эфирлік және кабельдік, хабар тарату ұйымдарының орындаушылығы, қойылымдары, фонограммалары мен хабарлары, өнертабыс секілді интеллектуалдық шығармашылыққа жататын қызметке төленетін сыйақы мөлшері, негізінен, ҚР Үкіметінің қаулысымен белгіленеді. Алайда соның заңдық нормалары, авторлық құқық заңдылықтары мен кейбір құжаттамалар дұрыс ретке келтірілмеген. Сол себепті тиісті заңдарға сүйенейін десең, ол да солқылдақ болып шығады. Қалай десек те, қалам иесінің қаламақысын төлемеу – «кісі ақысын жеумен» тең. Сондықтан да аталған проблеманы мемлекеттің өзі тікелей шешіп бермей, айтыс-тартыстарға тоқтам болмайтын сияқты.